Жариялаған: admin | Уақыты: 2024-10-18 16:15:00 | Соңғы рет жаңартылған уақыты: admin on
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 9
Күні кеше Түркістан қаласында ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай өткізілген облыстық «AGROFEST TÚRKISTAN - 2024» салтанатты шарасы барысында Мақтаарал ауданы бақша өндіруден озат аудан атанып, облыс әкімінің арнайы дипломы мен статуэткамен марапатталды. Бұл жетістік ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы ерен еңбегінің нәтижесі.
Биыл Мақтаарал ауданы бойынша 60,6 мың гектар жерге түрлі ауыл шаруашылығы дақылдары отырғызылды, оның ішінде 18 мың гектар алқапқа бақша дақылдары егілді. Шаруаларымыз бұл жылда 500 мың тоннаға жуық бақша өнімін жинап, оны экспортқа және импортқа жөнелтті. Бақша дақылдарынан алынған өнім гектарына 275,2 центнерді құрап, рекордтық деңгейге жетіп отыр. Бұл – ауыл шаруашылығының дамып, шаруалардың табысының артып келе жатқанын көрсетеді.
Мақтаарал ауданы әлемдегі ең тәтті қауын-қарбыздардың отаны болып саналады. Ресейлік және еуропалық кәсіпкерлердің пікірі бойынша, бұл жердің өнімдері жоғары сапасымен ерекшеленеді. Маусым кезінде күн сайын 200-300 жүк көлігі ТМД, Балтық жағалауы елдеріне, Түркия, Германия, Грекия мемлекеттеріне қауын-қарбыздарды жеткізеді. Мақтаарал диқандары Республикада ең бірінші болып және Өзбекстанға қарағанда 1 апта бұрын бақша өнімдерін нарыққа шығарады, бұл да олардың бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді.
Мақтаарал ауданында «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына қарасты «Мақта және бақша ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС-ның ғалымдары бұрыннан балдай тәттілігімен, ерекше үлкендігімен танымал «Мырзашөл» қауынын экспортқа ыңғайластырып, бүгінде облыстағы бірнеше аудандардың диқандары жаппай егіп жүрген «Жиенбет», «Валеть» сияқты қауын сорттарын шығарды. Бұл ғылыми жетістіктер шаруалардың өнімділігін арттыруда және бақша дақылдарының сапасын жақсартуда үлкен рөл атқарады.
Мақтаарал ауданының бұл жетістігі – ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек, ғылыми зерттеулер мен тәжірибенің үйлесімді жұмысының нәтижесі. Бұл ауыл шаруашылығында оң өзгерістер мен жетістіктердің бар екенін, жергілікті тұрғындардың табыстарының артқанын көрсетеді. Ауданның диқандары мен ғалымдары бірігіп, бірлескен жұмыс істегенде, олар кез келген қамалды бағындыра алатынын дәлелдеді.
Мақтаарал ауданының бақша өндіруден озат аудан атануы – тек облыс көлеміндегі жетістік емес, бұл – ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстардың жемісі. Мұндай жетістіктер ауыл шаруашылығын дамыту, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын арттыру жолында маңызды қадам болып табылады. Аудан тұрғындары мен диқандарына болашақта да үлкен жетістіктер мен табыстар тілейміз!
2357 (5)