Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-12-18 12:00:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 2
Таным
Жаңа жылдан жақсылық күткен халықпыз. Көнекөз қариялар Жылқы жылын шаруашылыққа қолайлы, тұрмыс-тіршілікке жайлы, молшылығымен ерекшеленетін мамыражай жыл болады деп пайымдаған. Жылқы иесіне берілген, адал, сенімді серік, қысы-жазы өз аяғымен жайылатын төзімді түлік. Мінсең – көлік, жесең – ет, ішсең – сусын...
Жылқы малы еркіндікті сүйетіндіктен, бұл жыл иесі адамдарға еркіндік, белсенділік сыйлайды деген түсінік бар. Соның арқасында жұрттың бойында тың өзгерістерге деген құштарлық, ұмтылыс артпақ. Адамның әр нәрсеге қызығушылығы, шабыты еселенеді, мақсаттары айқындала түседі, ол қандай да бір шешім жасарда батылырақ болады. Тек нық басып, мүмкіндіктерді дұрыс пайдалана білу керек. Өмірде, іс-әрекетте көптеген маңызды өзгерістер жасауға, жаңа жобалар мен жоспарлар түзуге болады, оларды ретімен жүзеге асырып отырсақ болғаны. Білімді тереңдетуге, біліктілікті арттыруға, тіл, өнер үйренуге, жақсы әдет пен дағдылар қалыптастыруға, мансап өсіруге қолайлы жыл.
Жыл иесі үнемі қимыл-қозғалыс үстінде болатындықтан бұл жыл адамдарда іс-әрекетте белсенділік артуымен ерекшеленеді. Шабыт, ынта, ұмтылыс пен оған қажетті күш-қуатты жұмсауда ішкі тепе-теңдікті бұзып алмау керек. Әйтпесе көңіл-күй тұрақсыздығы, күйзеліс орын алуы мүмкін. Денсаулыққа, психологиялық қалыпқа мән беріңіз. Күшті артық жұмсамаған жөн. Ортаны өзгертіп, серуенге, саяхатқа шығып тұрған жақсы, ол адамның танымдық көзқарасының артуына, өмірге қызығуына молынан ықпал етеді.
Жылқы жылындағы тарихи оқиғалар
Әрбір Жылқы жылында Қазақстанда болған маңызды оқиғалар туралы біле жүргеннің артықтығы жоқ.
1930 - Жылқы жылында КСРО-ның Ресей құрамындағы Қазақ автономиялы республикасында елді отырықшылыққа үйрету, ұжымдастыру басталды. Бұл науқандар көп жағдайда мәжбүрлейтін зорлықпен, асыра сілтеушілікпен жүргізілгендіктен, қарулы көтерілістер орын алды, олар күшпен басылды. Сол, 1930 жылдары 40 миллионнан да көп болған малдың кейінгі 1931 – 1933 жылдардағы алапат ашаршылықтан соң 4 миллиондайы ғана қалды. Бұл нәубет кезінде халықтың тең жартысынан астамы қырылып, жер ауып кеткені мәлім.
1942 - Жылқы жылында мыңдаған қазақ баласы Екінші Дүниежүзілік соғыстың Мәскеу, Сталинград бағытындағы алапат шайқастарының бел ортасында жүрді, ерліктің есепсіз үлгілерін көрсетті. Біреуін ғана айтып өтер болсақ, Қазақстанда жасақталған 81-ші атты әскер дивизиясы Сталинград түбінде қоршауға алынған фельдмаршал Паулюстің армиясын құтқару мақсатында жасалған негізгі шабуылына тосқауыл жасап, тарихта аты қалды.
1954 - Жылқы жылында Қазақстанда тың және тыңайған жерді игеру науқаны басталды. Солақай саясаттың салдарынан елімізге басқа республикалардан жүздеген мың адам қоныс аударды. Қазақстан КСРО-ға жылына миллиондаған тонна астық беріп, бүкіл елді асырады. Бір жағынан бұл елімізде қазақ мектептерінің көптеп жабылуына, ана тіліміздің аясы тарылуына себеп болды. Қазақстандағы әр үш адамның біреуі ғана қазақ, оның жартысы өз тілінен жерінген мәңгүртке айналып жатты.
1966 - Жылқы жылында КСРО-да 8-ші бесжылдық басталды. Осы жылы колхоздарда еңбекақыны тарифке шағып, ақшалай беру тәртібі енгізілді. Қазақстан бесжылдық жоспардың орындалуына молынан үлес қосты.
1978 - Жылқы жылында Қазақ КСР-інің соңғы Конституциясы қабылданды.
1990 - Жылқы жылында Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды.
2002 - Жылқы жылында Түркістан қаласында Дүние жүзі қазақтарының Екінші Құрылтайы өтті.
2014 - Жылқы жылында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қазақстанды Қазақ Елі деп атауды ұсынды. Одан бергі 11 жылда еліміз халқының жалпы саны 20 миллион 300 мың адамнан асты, оның 14 миллионнан астамы, яғни 71,3 пайызы – өзіміздің қаракөздер. Демек, Қазақ Елі атанар шақтар да алыс емес. Ел аман, жұрт тыныш болсын, Құдай сондай күндерге жеткізсін!
Жылқы жылында туғандар
Қазақтың Жылқы жылында өмірге келген әйгілі тұлғалары мыңдап саналады. Бірқатарын тізе кетейік, біле жүріңіздер.
Қазақ даласын жатжерлік басқыншылардан қорғауда аты шыққан әйгілі Қабанбай мен Бөгенбай батырлар 1690-шы, Жылқы жылында дүниеге келген. Мамай, Қойгелді батырлар олардан тура бір мүшел жас кіші болса (1702), Ер Жәнібек, Баян батырлар екі мүшел кіші (1714). Жанқожа, Наурызбай батырлар да – Жылқы жылының (1774, 1822) тумалары. Әулие пір Бекет атаның туған жылы да (1750) – Жылқы жылы. Біржан сал 1834-ші, жыр алыбы Жамбыл атамыз 1846-шы, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім қажы 1858-ші, Жылқы жылдарында өмірге келген. 1894-ші, Жылқы жылында әйгілі Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров сынды тұлғалар дүние есігін ашқан. Қазақ музыка өнерінде өшпес ізін қалдырған Ахмет Жұбановтың да туған жылы 1906-шы, Жылқы жылы. Екінші Дүниежүзілік соғыста өшпес ерлік көрсеткен Кеңес Одағының Батыры Қарсыбай Сыпатаев, жау тылында шайқасқан батыр партизан, Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов, шертпе күйдің шебері Төлеген Момбеков, классик-жазушы Тәкен Әлімқұлов (1918), қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқов (1930), қазақ әдебиетінің тарландары Дулат Исабеков, Дүкенбай Досжан, Ақселеу Сейдімбеков, Мұхтар Шаханов та (1942) – Жылқы жылы өмір есігін ашқан тұлғалар. 1954-ші, Жылқы жылында әйгілі Мұстафа Өзтүрік, режиссер Талғат Теменов, белгілі журналист Жұмабек Кенжалин, кезінде Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы болған ақын Ұлықбек Есдәулет өмірге келген.
Бұл аталған жылдарда, сондай-ақ оған дейінгі, одан кейінгі Жылқы жылдарында өмірге келген тұлғалардың есімін ары қарай да тізе беруге болады.
Қазақ – жылқы мінезді
Ежелден ат баптап, Қамбар ата түлігімен етене жақын өскен халқымыз оның мінезін өте жақсы білген, жылқыға сүйіспеншілікпен қараған. Сондықтан да өзіне мінез-құлқымен ұнаған адамға «жылқы мінезді екен» деп сипаттама беріп жататыны бар.
Ал жылқы мінезді деген қандай мінез? Жуас, асау, жүйрігі, шабаны бар... деп бұл туралы көп айтуға болады. Дегенмен ең негізгісі – ол мінезді, қуатты, тез бейімделгіш, шыдамды, үйренген адамына адал, сезімтал, төзімді болып келеді, өз иесіне қиын сәтте қамқорлық жасай да алады.
Жылқы жылында өмірге келген адамдар жылқы мінездес деседі. Күш-қуаты тасыған, үнемі әрекет үстінде болатын, мазасыз, белсенді жандар. Олардың уайымға батып жүргенін немесе болбырап босқа отырғанын, алаңсыз түске дейін ұйықтап жатқанын көзге елестету қиындау, үнемі бір шаруаның ортасында жүреді. Әзіл-қалжыңға жақын олар жүрген жер көңілді, шуақты, сөзімен де, ісімен де өзгені баурап алады, сондықтан қай ортада болса да орны айқын көрініп тұрады. Іскер, ақша табуға бейім, оны жұмсауда да мұқият, босқа шашпайды. Кез-келген жағдайға тез бейімделгіш. Мейірімді, көмек сұрағанға қол ұшын беруге әзір. Өте сезімтал, көп нәрсені ішкі түйсігімен тез сезінеді. Жаңалыққа құмар. Жаңа орта, жаңа әсер оларды үнемі серпілтіп, қуатын арттыра түседі. Не нәрсені болса да тез ұғынады, икемді, жағдайға қарай жылдам әрекет етеді. Ортамен аралас-құраластықты ұнатады. Ешкімді жатырқамайтындықтан негізінен досы да, танысы да көптігімен ерекшеленеді. Өздерін еркін ұстайды, өзгеге жалтақтау дегенді білмейді, ойын ашық айтады. Табанды, шыдамды, еңбексүйгіш, көздегеніне өзінің тынымсыз еңбегі арқылы жетеді. Өзіне деген сенімі күшті. Ішкі түйсігіне сеніп әрекет жасайды, шешімді тез қабылдайды, ешкімнің ақыл-кеңесіне мұқтаж емес. Өзгенің пікір-көзқарас таңғанын жақтырмайды. Батыл, алғыр, аңғарымпаз. Жақын адамдарына нағыз арқасүйер, жарының, балаларының жайлы өмірі үшін бәрін де жасауға даяр, оларды қорғап, қолдап жүреді. Бұл жылы туғандар арасынан талантты, дарынды адамдар көп шыққан.
Жылқы жылы туғандар тым іскер, әрекетшіл, мазасыз болғандықтан көңіл-күйі тез бұзылатын кездері де бар. Олардың ашуы «шәйі орамал кепкенше». Тез тұтанады, бұрыс көрінген нәрсеге ренжіп қалса, айтарын ірікпейді. Бірақ қайтымы жылдам, ашу-ренішті тез ұмытады. Тым еркіндіксүйгіш, тәуелсіз, дұрыс болса да, бұрыс болса да өз көзқарас-пікірінен қайтуы қиын бірбеткей. Айтыс-тартыс бола қалса, кейде дөрекі сөйлеуі де мүмкін. Сондықтан пікірімен келіспегенді ренжітіп қоюы оңай.
Олардың әлсізге жаны ашығыштығын, мейірімін өз мақсатына пайдаланып кететіндер де болады. Жылқы жылында туғандар ондайларға қатты ренжиді, бірақ кешірімшіл, кек сақтамайды.
Өз күшіне тым сенімді Жылқы – тәуекелшіл, сол мінезі көп мәселені шешуге жол ашады. Дегенмен кейде іске ойланбай кірісіп кетіп, артынан мұнысының дұрыс-бұрыстығына күмәнданып қалатын кездері де болады. Күші мен мүмкіндігін есепке алмай өзіне бір мезгілде бірнеше жүкті қатар артатын кездері де жоқ емес.
Жалпы, Жылқы жылы туғандар өмірдің кез-келген саласынан өз орнын таба алады. Дегенмен олардың негізінен сауда, педагогика, театр, кино, журналистика салаларының бірін таңдаса жолдары бола түседі. Өйткені оларға негізінен еңбекқорлық, ұқыптылық, шыдамдылық, ізденімпаздық, ынталандыру, мейірімділік, қаржы тауып, оны орнымен жарата білу сияқты жақсы қасиеттер тән. Тек өмір жолында өздерінің кейбір мінезі мен әрекетіне қарауыл қойып, ұстамдылау болу керектігін естен шығармағаны пайдалырақ.
Дайындаған Д. ОРАЗ.