Құрылыс сапасын қадағалайтын адам бар ма?

Мәселе

Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-12-11 10:45:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 18


Құрылыс сапасын қадағалайтын адам бар ма?

Айтайын дегенім, мемлекеттік түрлі бағдарламалармен алпауыт құрылыс компаниялары көпқабатты үйлер салып, баспанасыз жүргендерге ұсынуда. Әрине, удай ақыға. Қолы жетпейтіндер үйлі болу үшін үйіп-төгіп уәде беретін банктереден кредит алып, алғашқы жарнасын салып, ипотека рәсімдеп алуға тырысады. Бірақ сол үйлердің сапасы қандай? Оны қадағалайтын біздің елде маман бар ма?

Күйініп отырғаным, немере інім қаладан үй алды. Ипатекаға. Пәленбай жыл банкке ай сайын төлеп отыратын төлемі бар. Үш бөлмелі пәтерге анау айтты жөндеу де жүргізбеді. Тезірек жалдамалы пәтерден құтылу үшін улап-шулап бала-шағасымен көшіп барды. Туысы ретінде құтты болсын айтып барсақ, әлгі пәтердің төбесі қисық. Едені де бір жағына қарай қисайған. Ас үйге орнатқан жиһаз қисайған еденнің салдарынан «аяғы» жерге тимей тұр. Бұл қалай болғаны?

Құрылыс саласында жүрген таныс мамандардан себебін сұрадым. Сөйтсек, тұрғын үй құрылысын жүргізу барып тұрған батпан құйрық екен ғой. Мысалы, «заказчик» бір үйді салу құнын 100 миллиард теңгеге бағалайды делік. «Генподрядчик» оны ұту үшін «бірдеңе» береді, сөйтіп өз пайдасын алып қалып, «субподрядқа» береді. «Субподряд» ең арзан, тиімді «поставщик монтажниктерді» іздейді пайда көру үшін. Ал олар ең арзан материал іздейді өздері де пайда көру үшін. Осылайша сапасы ең арзан, бірақ сырты ең әдемі үйлер салынып жатыр екен. Ал «технадзор» мен «авторский надзорға» қабылдайтын құрылыс бөлімдерінің бәріне «сұрағандарын» береді екен де олардың ауызы жабылады білем. Бұл қитұрқылықтың соңын тауып болмайды екенсің. Әрине, бұл ауызба-ауыз айтылып жүрген әңгіме, бірақ, ақиқаттан алшақ емес деп ойлаймын. Неге осыны енді құзырлы органдар жаппай тексермейді?

Елді осылай алдауға бола ма? Тегін беріп жатқан үй болса бір сәрі, талай жыл жалдамалы пәтерден пәтерге көшіп, титықтағандар амал жоқ, «осыған да шүкір» деп өмір сүретін көрінеді. Осы мәселені басылымдарыңыз арқылы Үкіметтің құлағына жеткізсеңіздер екен.

Айдархан Бөрібекұлы,

Жетісай қаласы.

 


Пікір қалдырыңыз: