Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-12-25 13:12:00 | Соңғы рет жаңартылған уақыты: admin on
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 12
Әдет-ғұрып
және салт-дәстүр орталығында Шымкенттегі «Хас шеберлер» қауымдастығы
мүшелерінің қатысуымен «Оюменен ой түйген» тақырыбында көрме өтті. Онда
ою-өрнек түрлері және олардың қазіргі кездегі дұрыс қолданылуы жөнінде айтылды.
Бұл жиында Күләш
Айдарбекова, Ақмарал Жаңатайқызы және басқа да шеберлер өздерінің қолөнер
бұйымдарына салып жүрген оюлары жөнінде әңгімелеп берді, киімге, кимешекке, төсеніштерге
оюды қалай түсіру керектігін түсіндірді.
Көрме мақсаты
– халықпен бірге жасап келе жатқан ою салу дәстүрін, олардың түрлері мен
ерекшеліктерін, мағынасын түсіндіру. Олар ұмыт қалмауы керек. Ұлт мұрасын
ұғыну, оған қызығу, оны құрметтеу кейінгі ұрпақтың ұлттық бірегейлікті
сақтауына, танымдық деңгейі артып, рухани өсуіне ықпал етеді. Сондықтан да
осындай көрмелер мен байқаулардың, жарыстардың өткізіліп тұруы маңызды.
Бізге осында қолөнер шебері Мәлике
Сейткәрімовамен аз-кем тілдесудің сәті түсті.
«Кілем тоқимын, құрақ құраймын, көрпеше-жастықтар тігем, қоржындар жасаймын.
Сондай-ақ моншақ, бағалы тастардан сөмкенің түр-түрін, бесік және тағы басқа
зат түріндегі кәдесыйлар, түрлі аңдардың мүсіндерін жасаймын. Бағалы тастардан
жасалған сөмкелерді жастар жағы жақсы көреді», - дейді М.Сейткәрімова.
Негізгі мамандығы дәрігер Мәлике Тұрсынмұратқызы медицина саласында 30 жылдан аса еңбек етіпті.
Кейінгі үш жылдан бері үй шаруасында екен. Бүгінде негізінен тігіншілікпен,
моншақпен тоқыма тоқумен айналысады. Қалада ұйымдастырылатын байқаулар мен
жарыстарға үнемі қатысып тұрады. Жұрт қызығарлық жетістіктері баршылық.
«Биыл Нұргүл Абылайқызының Алматыда
өткен «Аламан құрақ – 3» жобасына қатыстым. Оған еліміздің 17 өңірінен 660
құрақшы барғанбыз. Қошқармүйізді ши құрақ көрпе апардық. Біздің еңбегіміз
ерекше туынды ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енгізуге лайық деп табылды.
Жуырда Түркістан қаласында өткен «Қыз көші» атты байқауға Ақмарал Дауылбаеваның
жетекшілік етуімен барып, тағы да биіктен көріндік. Бұл жолғы туындымыз да рекордтар
кітабына ұсынылатын болды», - дейді Мәлике Тұрсынмұратқызы.
Шымкенттік қолөнер шеберлері ұлттық
құндылықтарымызды сақтауға
және насихаттауға молынан үлес қосуда. Ұлтымыздың рухани
мұрасын ұрпаққа мирас ету жолында еңбек етіп жүрген ісмер жандарға алдағы уақытта да
биіктерден көріне беріңіздер деген тілек білдіреміз.
Д. НҰРПЕЙІС.