Шымкенттегі алаңдататын аялдама

Мәселе

Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-12-27 14:20:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 51


Шымкенттегі алаңдататын аялдама

Шымкенттің «Отырар» шағын ауданында салынғанына көп бола қоймаған жаңа аялдама бар. Б.Момышұлы атындағы оқу орталығына қарсы бетте. Шағын, адамдарға қолайлы. Бірақ алды-арты ойпаңдау болғандықтан жаңбыр жауған кезде онда су жиналып қалады. Ертелі-кеш жұмысқа, сабағына, басқа да шаруасына шыққан жұртқа проблема тудырады.

«Біздің атқамінерлер миллиондаған теңге жұмсап аялдама салдырғыш қой, – деді бізге осында автобус күтіп тұрған Айжан есімді тұрғын. – Бірақ салған адамдардың жұмысын дұрыс қадағаламайды-ау. Әйтпесе мынау не? Жұрт аяқ киімі былғанбасы үшін шалшықты айналып өтуге мәжбүр. Аялдаманың алдынан да, артынан да көліктер су шашып кетіп жатыр. Мына бір жарнаманы жақында ғана орнатты. Осыны істеген адамдар да аялдаманың жаңбырлы күндері жұртқа қолайсыздық тудыратынына мән бермеген сияқты. Өз жұмысын бітіріп, ақысын алса болды да».

Расында да аялдама жанына әл-Фараби мен Абайдың даналық сөздері шығып тұратын жарық-диодты экран орнатылған. Оның қанша тұрары белгісіз, өйткені орнын басқа жарнамалар басуы әбден мүмкін сияқты. Өйткені осының алдында онда  даналық сөзбен қоса Әнұранның қайырмасы және жаяу жүргінші жолағы туралы ескертпе жазылған жарнама болған екен.

Толассыз жауған жаңбыр аялдаманың артқы жағындағы ойпаңдау тұсқа су толтырып тастапты, оның астында қалған жүргіншілер жолағының бір шеті ғана бұлдырап көрініп тұр. Тар жолдан ары-бері өткен көліктер осы тұсқа келгенде жылдамдығын тежеуге тырысуда. Ызғып келген кейбірі су шашып кетіп те жатыр.

Шағын аялдама ішінде тұрған адамдарға су алдыңғы жақтан шашылуы да мүмкін. Өйткені жолдың осы тұсы да ойпаңдау, жиналған жаңбыр суынан шылқып жатыр. Су асфальт астындағы арыққа ағып кетуі үшін темір торлы ойықтар қалдырылған екен, бірақ жол беті тегіс болмағандықтан су оған жетпей іркіліп қалған. Тоқтаған қоғамдық көлікке ұмтылғандардың бірі оны кешіп, бірі айналып өтіп жатыр.

Қысқасы, «Отырардағы» бұл аялдама жаңбырлы күндері жұртты көп алаңдатады екен. Мұны қаланың, тиісті саланың басшылары, мамандары біле ме, білмей ме? Білсе, жұртты неге қолайсыздықтан құтқармайды? Жылдар бойы осылай жалғаса бермеуі керек қой.

О. ТҰРАР.

Пікір қалдырыңыз: