Жариялаған: admin | Уақыты: 0025-12-29 16:39:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны:
Ежелден ат баптап, Қамбар ата түлігімен етене жақын өскен халқымыз оның мінезін өте жақсы білген, жылқыға сүйіспеншілікпен қараған. Сондықтан да өзіне мінез-құлқымен ұнаған адамға «жылқы мінезді екен» деп сипаттама беріп жататыны бар.
Ал жылқы мінезді деген қандай мінез? Жуас, асау, жүйрігі, шабаны бар… деп бұл туралы көп айтуға болады. Дегенмен ең негізгісі – ол мінезді, қуатты, тез бейімделгіш, шыдамды, үйренген адамына адал, сезімтал, төзімді болып келеді, өз иесіне қиын сәтте қамқорлық жасай да алады.
Жылқы жылында өмірге келген адамдар жылқы мінездес деседі. Күш-қуаты тасыған, үнемі әрекет үстінде болатын, мазасыз, белсенді жандар. Олардың уайымға батып жүргенін немесе болбырап босқа отырғанын, алаңсыз түске дейін ұйықтап жатқанын көзге елестету қиындау, үнемі бір шаруаның ортасында жүреді. Әзіл-қалжыңға жақын олар жүрген жер көңілді, шуақты, сөзімен де, ісімен де өзгені баурап алады, сондықтан қай ортада болса да орны айқын көрініп тұрады. Іскер, ақша табуға бейім, оны жұмсауда да мұқият, босқа шашпайды. Кез-келген жағдайға тез бейімделгіш. Мейірімді, көмек сұрағанға қол ұшын беруге әзір. Өте сезімтал, көп нәрсені ішкі түйсігімен тез сезінеді. Жаңалыққа құмар. Жаңа орта, жаңа әсер оларды үнемі серпілтіп, қуатын арттыра түседі. Не нәрсені болса да тез ұғынады, икемді, жағдайға қарай жылдам әрекет етеді. Ортамен аралас-құраластықты ұнатады. Ешкімді жатырқамайтындықтан негізінен досы да, танысы да көптігімен ерекшеленеді. Өздерін еркін ұстайды, өзгеге жалтақтау дегенді білмейді, ойын ашық айтады. Табанды, шыдамды, еңбексүйгіш, көздегеніне өзінің тынымсыз еңбегі арқылы жетеді. Өзіне деген сенімі күшті. Ішкі түйсігіне сеніп әрекет жасайды, шешімді тез қабылдайды, ешкімнің ақыл-кеңесіне мұқтаж емес. Өзгенің пікір-көзқарас таңғанын жақтырмайды. Батыл, алғыр, аңғарымпаз. Жақын адамдарына нағыз арқасүйер, жарының, балаларының жайлы өмірі үшін бәрін де жасауға даяр, оларды қорғап, қолдап жүреді. Бұл жылы туғандар арасынан талантты, дарынды адамдар көп шыққан.
Жылқы жылы туғандар тым іскер, әрекетшіл, мазасыз болғандықтан көңіл-күйі тез бұзылатын кездері де бар. Олардың ашуы «шәйі орамал кепкенше». Тез тұтанады, бұрыс көрінген нәрсеге ренжіп қалса, айтарын ірікпейді. Бірақ қайтымы жылдам, ашу-ренішті тез ұмытады. Тым еркіндіксүйгіш, тәуелсіз, дұрыс болса да, бұрыс болса да өз көзқарас-пікірінен қайтуы қиын бірбеткей. Айтыс-тартыс бола қалса, кейде дөрекі сөйлеуі де мүмкін. Сондықтан пікірімен келіспегенді ренжітіп қоюы оңай.
Олардың әлсізге жаны ашығыштығын, мейірімін өз мақсатына пайдаланып кететіндер де болады. Жылқы жылында туғандар ондайларға қатты ренжиді, бірақ кешірімшіл, кек сақтамайды.
Өз күшіне тым сенімді Жылқы – тәуекелшіл, сол мінезі көп мәселені шешуге жол ашады. Дегенмен кейде іске ойланбай кірісіп кетіп, артынан мұнысының дұрыс-бұрыстығына күмәнданып қалатын кездері де болады. Күші мен мүмкіндігін есепке алмай өзіне бір мезгілде бірнеше жүкті қатар артатын кездері де жоқ емес.
Жалпы, Жылқы жылы туғандар өмірдің кез-келген саласынан өз орнын таба алады. Дегенмен олардың негізінен сауда, педагогика, театр, кино, журналистика салаларының бірін таңдаса жолдары бола түседі. Өйткені оларға негізінен еңбекқорлық, ұқыптылық, шыдамдылық, ізденімпаздық, ынталандыру, мейірімділік, қаржы тауып, оны орнымен жарата білу сияқты жақсы қасиеттер тән. Тек өмір жолында өздерінің кейбір мінезі мен әрекетіне қарауыл қойып, ұстамдылау болу керектігін естен шығармағаны пайдалырақ.