«Қоқыс уақтылы тазаланбайды» дейді кентаулық тұрғындар

Әлеумет

Жариялаған: admin | Уақыты: 2026-04-03 11:44:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 44


«Қоқыс уақтылы тазаланбайды»             дейді кентаулық тұрғындар

Кентау қаласында қоқысқа қатысты мәселе жиі көтеріліп жүр. Қыс айында қар астында қалған қоқыс көзге түспеуі мүмкін, саси да қоймайды. Бірақ, күннің ысумен бірге бұл мәселе де күрделене береді.

Редакциямызға хабарласқан кентаулық Рәзия Мұхамедова бұл турасында былай деді: «Кентауда қоқыс үшін әр адам басына 311 теңге төлейміз. Басқа қалаларда қандай екенін білмеймін, бірақ табысы аз көпбалалы отбасылар үшін бұл қалтаға салмақ салады. Мейлі, тазалық үшін төлеуден қашпаймыз ғой, бізді қинайтыны - қоқыстың уақтылы алынбайтыны. Бірнеше ай болды, қоқысты аптасына бір рет қана алып кетіп жүр. Бұрын қоқыс тастайтын контейнер тұрушы еді, ақпан айынан бері оны да алып тастады. Енді әркімнің қоқысты өз есігінің алдына шығарып қояды. Оны уақтылы жинап алмағасын көшедегі қаңғыбас ит пен мысықтар шашып кетеді. Шашылған қоқысты тағы алмайды. Жинап отыра беру мүмкін емес, үйің, аулаң сасиды. Жұмыс дәл осы қарқынмен жүрсе алдағы жаздың аптап ыстығында жағдай тіптен қиындағалы тұр».

Бұл мәселе бойынша біз Кентау қаласы әкімдігінің Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Талғат Искаховқа хабарласып, тұрғындардың ұсынысын жеткіздік. «Бұл мәселеден хабарым бар, – деді бөлім басшысы. – Негізі жеке секторлардағы көшелерге қоқыс контейнерлерін қойғанбыз, бірақ кейін қайта жинап алуға мәжбүр болдық. Себебі бүкіл жеке секторларда тұрғындар мал өлексесі мен құрылыс қалдықтарына дейін тастап, қоқыс салғыштың өзін ғана емес, төңірегінің бәрін шашып тастайды. Тіпті, қоқысты жүк көліктерімен де тастап кететіндер бар. Бұл біздің жұмысымызды барынша қиындатады.

Өзім де жер үйде тұрамын, қоқысты аптасына бір рет алып кетсе жеткілікті. Бұл бұрыннан бар, бекітілген кесте. Ал енді алдағы жаз айларында, мүмкін аптасына екі рет қоқыс алғаны дұрыс шығар, оны мердігер мекемемен сөйлесіп көрейік».

Әрине, жиналмаған қоқыс – ауру ошағына айналады. Сол себепті, бұл мәселе әлі де біздің назарымызда болады.

Ұ. БЕК.  

Пікір қалдырыңыз: