Жариялаған: admin | Уақыты: 2026-04-08 17:33:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 4
Қазақ үшін жылқы жай көлік
немесе мал ғана емес, ол қазақтың өркениеті, тағдыры,
мінезі, болмысы. Қазақ халқы даланың кеңдігін, еркіндіктің рухын, уақыттың
тынысын жылқымен бірге сезінген халық.
Ғылыми деректерге сүйенсек, жылқыны
алғаш қолға үйреткен өңір – қазіргі Қазақстан аумағы. Солтүстік Қазақстандағы
Ботай мәдениеті (б.з.д. IV мыңжылдық) адамзат тарихындағы ең алғашқы жылқыны
қолға үйреткен қауым ретінде әлемге белгілі. Археологиялық қазбалардан табылған
жылқы сүйектері, ауыздыққа ұқсас белгілер – айқын дәлел. Ботай мәдениеті
қазақтың ғана тарихы емес, бүкіл адамзат өркениетінің бетбұрыс кезеңі. Жылқыны
қолға үйрету арқылы адамзат қашықтықты бағындырды, көштің, сауданың жаңа дәуірі
басталды. Ат үстінде жүріп құрлықты игерген көшпелілер әлемдік тарихтың
қозғаушы күшіне айналды.
Қазақ баласы ат жалын тартып мінген
сәттен бастап еркіндікке үйренді. Батыр да, би де, ақын да, елші де ат үстінде
жүріп елін қорғады, сөзін жеткізді. Аттың сыны, жорғаның жүрісі, тұлпардың
тектілігі – эстетикаға, өнерге айналды. Қазақ жырлары мен эпостарында батыр мен
оның аты біртұтас образ ретінде суреттеледі. Жылқыға қатысты ырым-тыйым,
салт-дәстүрлер терең философияға негізделген. Атты ұру – күнә деп танылды,
жақсы атты сыйға тарту – үлкен құрмет белгісі болды. Бұл – табиғатпен үндес
өмір сүрудің, жануарға жауапкершілікпен қараудың көрінісі. Осындай терең
тарихы, әлемдік маңызы бар жылқы мәдениетіне қарамастан, Қазақстанда арнайы,
кешенді ұлттық жылқы музейі жоқ, неге?
Бұл – ең алдымен тарихи сананың
әлсіздігі. Өзіңде барды көрсете алмаудың кесірі. Біз жылқыны күнделікті
тұрмыстың бір бөлшегі ретінде қабылдап, оның өркениеттік рөлін жеткілікті
деңгейде институционалдай алмай отырмыз. Туризм, мәдени саясат, идеологиялық
басымдықтар ішінде жылқы тақырыбы мүлде шеттеліп қалды. Тіпті медицинаның өзі
жылқының етін, сүтін, майын, қылын, жылқыға мінудің пайдасын қолдап отырғанның
өзінде біз соны ежелден біліп отырып, білгенімізді жарыққа шығара алмай
отырмыз. Өз құндылығымызды өзіміз толық бағалай алмай келеміз. Егер
жылқыны алғаш қолға үйреткен Франция немесе Германия секілді елдер болғанда
әлдеқашан әлемдік деңгейдегі музей, ғылыми орталық ашып, туристік бренд
қалыптастырған болар еді.
Жылқы музейі ашылса, ол тек өткенді
танытатын орын емес, болашаққа жұмыс істейтін рухани орталық болар еді. Онда
археология, этнография, әскери тарих, спорт, өнер, қымыз мәдениеті, ат
әбзелдері, салт пен дәстүр, сонымен бірге қазақ жылқы тұқымдары бір жүйеге
түсер еді.
Жылқы – қазақтың жадында ғана емес, әлем тарихында да ерекше
орын алатын жаратылыс. Оны сақтау – тек музей салу емес, ұлттық сананы
жаңғырту. Қазақстанда жылқы музейінің жоқтығы – ұмытылған тарихтың емес,
бағаланбаған құндылықтың белгісі.
Жылқыны тек мінетін емес, мақтан
ететін, танытатын, зерделейтін уақыт келген жоқ па? Өзімізде барды бағалауды
қашан үйренеміз?
Бақтыгүл
АУДАНОВА.