Мақта терімі басталды

Агрокешен Cricket

Жариялаған: admin | Уақыты: 2024-09-20 11:20:00 | Соңғы рет жаңартылған уақыты: admin on

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 4


Мақта терімі басталды

Десе де бірқатар шараларды пысықтау қажет-ақ. Әсіресе шаруаларды мақта бағасы алаңдатып отыр. Осыны мақсат тұтқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов Мақтаарал ауданына арнайы жұмыс сапарымен барып, мақта терімі науқанына дайындық жұмыстарымен танысты. Олар облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасы бойынша шаруаларға қажетті шаралардың толығымен қамтылуын бақылауға алуы қажет.

Облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы алдымен «Хамро ата» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі мен қытайлық «Peng Sheng» компаниясы бірлесіп қолға алған, тамшылатып суғару технологиясымен өсірілген 351 гектар мақта алқабында болды. Осы алқап басында аудандағы шаруа қожалықтардың басшыларымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында күзгі жауын-шашынға қалдырмай мақта терім науқанын сапалы ұйымдастыру, күзгі жиын-терімге берілетін мемлекеттік қолдауларды өз уақытында көрсету, мақта бағасы және басқа да мәселелерді талқылады. Облыс әкімінің орынбасары мақтадан гектарына 60-70 центнер өнім алу үшін шаруалар біртіндеп тамшылатып суғару сияқты жаңа технологияларға көшуі керектігін, ол үшін мемлекеттен субсидиялар берілетінін де жеткізді. Сондай-ақ мұндай технологиялар жыл сайын орын алатын ағын су жетіспеушілігінің, су тапшылығының алдын алатынын ескертті.

Жалпы биыл ауданда 33,7 мың гектар алқапқа мақта егілген. Қазіргі таңда мақта дақылын дефолиациялау жұмыстары толықтай жүргізіліп, ендігі жерде «ақ алтынның» жиын-терім науқаны басталды.

Қазірдің өзінде аудан бойынша 632 гектар мақталық алқаптан алғашқы терім жүргізілген. Нәтижесінде 1706 тонна өнім жиналды. Биыл мақтадан аудан бойынша шаруалар 92,3 мың тонна өнім жинайды деген болжам бар. Яғни, орташа өнімділік гектарына 27,4 центнерден болады деп жоспарлануда.

 Е.Алтаев «Cotton мақта» ЖШС-нің мақта өңдеу зауытында да болды. «Ақ алтынды» қабылдауға зауыттың қаншалықты қауқарлы екендігін, өніліріс орнының дайындығын пысықтады.
Айта кетейік, 2023 жылы ашылған бұл зауыттың құны 3 млрд теңгені құрайды. Зауыттың жылдық қуаттылығы – 60 мың тонна, тәулігіне  600 тонна мақта талшығын өңдейді. Өндіріс орнында 50-ден астам азамат жұмыс орнымен қамтылған.

Аудан аумағында осындай 8 мақта өңдеу зауыты бар. Оларға тиесілі 33 мақта қабылдау бекеті ұйымдастырылған. Одан бөлек, Жетісай және Шардара ауданында мақтааралдық зауыттарға тиесілі 29 мақта қабылдау бекеті жұмыс істеуде.

Мақта өңдеу зауыттары мақта дақылын өсіруші шаруаларға биыл жыл басынан бері 5 млрд теңге көлемінде алдын ала фючерлік несиелер таратқан. Бұдан бөлек, «Ырыс» МҚҰ арқылы 114 шаруа қожалығына 503 млн теңге несие берілген.

Рас, бүгінгі таңда «ақ алтынның» бағасы әлі нақтыланбаған. Шаруаларды алаңдатып отырған мәселе де осы.

Облыс әкімінің орынбасары «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына қарасты «Мақта және бақша ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС-ында да болып, станцияның ғылыми жаңалықтарымен танысты.

Бүгінде станцияда мақтаның бәсекеге қабілетті жаңа әрі отандық 13 орта талшықты түрі, сыртқы ортаның қолайсыз факторларына төзімді, өнімділігі жоғары сорттары шығарылды. Топырақты терең қопсыту технологиясы,  отандық мақта сорттарын баптаудың екі қарқынды технологиясы, мақтаны жаңбырлатып суару технологиясы, арықшалармен суару технологиясы және  мақтаны тиімді суарудың гидромодульдік аудандастыру сияқты технологияларды да дәл осы ғылыми мекеме әзірлеген.

Облыс әкімінің орынбасары станцияның ғылыми жаңалықтарымен толық танысып, жұмысына оң бағасын берді. Сондай-ақ «Global Textile Turkestan» ЖШС-ның мақта қабылдау бекетінің құрылысымен танысты. 

Естеріңізде болса біраз уақыт бұрын облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өзбекстандық «Global Textile» компаниясының Мақтаарал ауданында мақта кластерін дамыту бойынша 2023-2027 жылдарға арналған жол картасы бекітілген болатын. Жоба бойынша компания Мақтаарал ауданында 2 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын 5 ірі кәсіпорынды іске қосуды жоспарлап отыр. Осы мақсатты жүзеге асыру барысында логистика хабы, мақтаны бастапқы өңдеу зауыты, трикотаж мақта фабрикасы, мата бояу фабрикасы және тігін фабрикалары іске қосылады деп күтілуде.

Былтырдан бастап тәжірибе ретінде компания жеткізген тұқымдық шиттер егіліп, өзбекстандық арнайы агроном мамандар шаруаларға сүйемелдеу жұмыстарын жүргізуде. Бүгінде аудан орталығы – Мырзакент кентінде компанияның кеңсесі ашылып, атқарушы директоры тағайындалған. Сондай-ақ компания Бірлік ауылдық округінің аумағынан 10 гектар жерге мақта қыбылдайтын бекет салу жұмыстарын бастап кетті.

Облыс әкімінің орынбасары «Мырзакент» ЖШС-на қарасты мақта өңдеу зауытында да болды. Жалпы құны 1 миллиард теңгені құрайтын өндіріс ошағының аудандардағы мақта қабылдау пункттерінде мыңға жуық адам еңбек етеді. АҚШ-тың соңғы үлгідегі жаңа технологиясымен жабдықталған зауыттың өндірістік қуаттылығы жылына 60 мың тоннаны құрайды.

Іс сапардың қорытындысы ретінде Ертай Кенжебекұлы Мақтаарал ауданы әкімі аппаратында сала мамандары мен шаруалардың басын қосқан алқалы жиын өткізді. Онда мақта шаруашылығына қатысты мәселелер көтеріліп, шаруалардың уәжі тыңдалды. Түйткілді тақырыптар түртіп алынды. Мәселенің мәнісін тиісті орындарға жеткізу арқылы тез арада шешім қабылдау уәде етілді.

4613 (5)

Пікір қалдырыңыз: