ҚОҚЫСТЫ СҰРЫПТАП ТАСТАУ БАСТАЛДЫ

Мәселе

Жариялаған: admin | Уақыты: 2026-04-07 09:00:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 7


ҚОҚЫСТЫ СҰРЫПТАП ТАСТАУ БАСТАЛДЫ

Шымкенттің «Отырар» шағынауданындағы қоқыс алаңшасы жаңартылды. Алаңша сырты абаттандырылып, гүлдер егілді. Бұрынғы ескі контейнерлер орнына жаңалары қойылды. «Жабық типтегі жерүсті қоқыс контейнерлері алаңшасы» деген ат иеленіп отырған жаңа алаңшаның бұрынғыдан бірқатар ерекшеліктері бар.

Тұрғындар бұған біртіндеп үйреніп те жатыр. Үйрене алмастай күрделі ештеңесі де жоқ. Онда «Ксемакс» компаниясының түрлі түсті үш контейнері, «Глин Вилладж» компаниясының біртүсті бес контейнері қойылған. Үйден шығарылған қоқыс, қалдықтар сол контейнерлерге бөлек-бөлек салынады. Алаңша басына шағын бекет орнатылған, онда таңғы сағат 9.00-ден  кешкі 18.00-ге дейін арнайы қызметкер отырады. Міндеті – тұрғындарға қоқысты контейнерлерге қалай тастау керегін түсіндіріп, тәртіпті қадағалау. Біз осы міндетті атқарып отырған Салтанат Төреқұлованы әңгімеге тарттық.

- Түрлі түсті контейнерлерге қағаз, пластик, шынылар бөлек тасталады, - дейді С.Төреқұлова. – Көк түсті контейнерге қағаз, картонды, жасылына шыны заттарды, қызылына пластик, полиэтилен сияқты заттарды тастау керек. Басқаларына қалдықтар бұрынғыша тастала береді. Бірер күнде-ақ тұрғындар үйреніп қалды, қоқысты үйінен бөлек алып шығып, тиісті контейнерге салатындар қатары артуда. Ертең мұнда тамақ қалдықтарына арнап бөлек контейнер қояды. Екі компания да жиналған қоқысты күніне екі мезгілден алып кетіп тұрады.

Бұрын мұндағы тұрған контейнерлердің төбесі ашық болатын. Толып, асып-төгіліп, кейбірі шашылып та жататын. Ал қазіргілерінің төбесі жабық. Түрлі түстілерінің есігіне құлып салынған. Қоқыс оған төбесінде қалдырылған әртүрлі пішіндегі саңылау-тесіктерден салынады. Ал біртүсті контейнерлердің қақпағы төменгі жағындағы педальды басқанда ашылады, қоқысты тастағасын педальдан аяқты босатқанда ол жабылады. Яғни қоқыс бұрынғыдай ашық-шашық жатпайды, төбесі жабық, жинақы тұрады. Мұның бәрін арнайы қадағалап отыратын адам бар. Яғни өткен-кеткен бұрынғыдай қоқысты лақтырып кете салмайды, контейнердің қақпағын ашуы керек болады. Бұл жинақылыққа сеп. Алаңша жинақы тұрған соң қоқыс тастаушы да үйінен алып шыққан қалдықтарды тиісті контейнерге салып үйренетін болады.

Шымкент қаласы әкімдігінің таратқан хабарламасында мұның жеке инвесторлар есебінен қолға алынған пилоттық жоба екені айтылған. Алдағы уақытта мұндай қоқыс алаңшаларын 100-ге жеткізу жоспарда бар. Мақсат – қаладағы экологиялық жағдайды жақсарту, қалдықтарды өңдеу жүйесін дамыту. Осылайша бірте-бірте тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау мәдениеті, сол арқылы қоқыстарды қайта өңдеудің жүйелі тәсілдері қалыптасатын болады.

«Бес саусақтың бірдей емес», әрине. Контейнер басында түнде күзетші тұрмағандықтан кейбіреулер қоқысты қалай болсын солай тастап кете салуы да әбден мүмкін. Көшелердегі жарық шамдарын, орындықтарды қиратып жүргендердің бұл жаңа контейнерлерге де зияны тимей ме? Сұрыпталып жиналған қалдықтар қоқыс полигонына қалай жеткізіледі? Бұрынғыдай барлығын бірдей аударып ала сала ма, әлде бөлек тасымалдай ма? Осы сұрақтарды «Глин Вилладж» компаниясының баспасөз хатшысы  Ұлдархан Уәлиханқызына қойдық. «Контейнер орналасқан алаңшаларға алдағы уақытта бейнебақылау камералары орнатылады. Қоқыстар арнайы көліктермен бөлек-бөлек тасымалданады. Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және тасымалдау қызметін «Clean Village» компаниясы жүзеге асырады», - дейді Ұ.Уәлиханқызы.

Әрине, жұртқа жағымды жұмыстар атқарылып жатыр. Тек аяқсыз қалмай, лайықты жалғасын тапса дейміз. Адамдар өз үйінен шығарылған қоқысты контейнер алаңшаларына тиісті тәртіппен тастап жүрсе, бірте-бірте ол қалыптасып, тұрақты үрдіске айналады деген үміттеміз.

Д. ОРАЗ.

 

 

Пікір қалдырыңыз: