ОҚУШЫНЫ ТІЗЕРЛЕТУ ОҢДЫ ІС ПЕ?

Құқық

Жариялаған: admin | Уақыты: 2026-04-07 09:00:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 7


ОҚУШЫНЫ ТІЗЕРЛЕТУ ОҢДЫ ІС ПЕ?

Редакциямызға Жанар есімді азаматша хабарласып, жуырда Шымкенттегі №142 мектепте буллинг оқиғасы орын алғаны туралы айтты. Оның сөзіне қарағанда, жоғары сыныптың оқушылары белгісіз мақсатта өздерінен жасы кіші балаларды тізерлетіп отырғызып, кешірім сұратса керек. Бұл оқиға мектепке қойылған бейнекамера арқылы анықталған.

Ресми деректерге сүйенсек, мегаполистегі №142 мектеп өткен оқу жылында Еңбекші ауданына қарасты «Жұлдыз» тұрғын алабында Президенттің «Келешек мектептері» бағдарламасы аясында салынып, пайдалануға берілген. Содан бері жаман аты шықпаған білім ордасында неге кенеттен мұндай оқиғаға жол берілді? Сұрағымызға жауап табу үшін Шымкент қалалық білім басқармасының баспасөз хатшысы Нұрлан Әлімбаевқа хабарластық. «Мұндай оқиғаның орын алғаны рас. Жоғарғы сынып оқушылары төменгі сынып оқушыларын акт залына кіргізіп, «тәрбиелеу мақсатында» сол жерде күш қолданған. Бізге келіп түскен арыз-шағым негізінде бейнебақылау камераларын қарау барысында оқиға расталды. Осы жағдайға байланысты білім басқармасы тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде мектеп директоры қызметінен босатылды. Орынсыз қылық көрсеткен оқушылардың ата-аналарына қатысты шешім қабылдау Шымкент қаласы полиция департаментінің құзырында», – деді баспасөз хатшысы.

Ашықтық саясатын ұстанған баспасөз хатшысына рахмет айтып, келесі кезекте аталған мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы Ұлжан Қосыбаевамен байланыстық. «Менің басқармадан келіп, жұмысқа кіріскенім кеше ғана. Көп нәрсені зерделеудемін. Байқауымша, жанжал кейбіреулер айтып жүргендей әлімжеттікпен ақша жинаудан шықпаған секілді, - деді директор. - Жалпы, бұл оқиға биылғы ақпан айында орын алған. Бала болған соң дәлізде болсын, басқа жерде болсын біріне бірі қақтығысып, соқтығысып қалады. Сондай ұсақ-түйектен басталған түсініспеушілік деп ойлаймын. Жағдай ушығып, одан әрі шиеленіспес үшін мектептегі ер мұғалімдер екі тарапты да спортзалға жинап, бір-бірінен кешірім сұратпақ болған. Осыны сол маңда жүрген бір мұғалім бейнежазбаға түсіріп алып, әлеуметтік желі арқылы таратып жіберсе керек.

Әрине, бұл оқиғадағы ұстаздардың әрекетін дұрыс демеймін, мәселені бұлай шешуге мүлдем болмайды. Осы әрекеттері үшін оларға тиісті шаралар көрілді. Нақты айтсам, директор қызметтен кетті, орынбасарларға түрлі деңгейде сөгістер берілді. Мұндай келеңсіздік қайталанбас үшін тиісті жұмыстарды атқарудамыз».

Мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін мектеп төңірегінде жүрген ата-ананың бірін әңгімеге тарттық. «Мен жақын маңда тұрамын, екі балам осы мектепте оқиды. Бұл оқиға туралы естідік. Дұрыс болмапты. Біз жаңа мектеп, «Келешек мектебі» деп қуанып едік, мына жағдайдан кейін уайымдап жүргеніміз рас. Ақша жинайды екен деген сөз де шықты.  Менің балаларым әлі төменгі сыныпта оқиды, сол үшін мұндай жағдайға бетпе бет келмедік, бірақ баламыз өскенде не болады екен деп уайымдайтынымыз рас. Сол үшін мұндай келеңсіздіктің алдын алғаны дұрыс. Жалғаса берсе, салдары қауіпті болуы мүмкін. Тәрбие отбасынан басталатынын ескерсек, әлімжеттік көрсеткен оқушылардың ата-аналарымен де тығыз байланысты жұмыс істеу керек. Қажет болса нақты шара да көрілген жөн», – деді Айғаным есімді келіншек.

Біз басқарманың ресми өкілінен осы тектес келеңсіздіктердің осыған дейін қанша рет орын алғанын да сұраған болатынбыз. Ол мәліметтердің жинастырылып жатқанын айтты. Ал Ulysmedia.kz порталында «Ағымдағы оқу жылында полицияға мектептер мен колледждердегі зорлық-зомбылыққа қатысты 400-ден астам шағым келіп түсті. 22 оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Буллинг фактілерінің көбі бейнебақылау камераларында тіркеледі» деген мәлімет келтірілген. Рас болса бұл тұтастай қоғамды алаңдататын дерек. Мұның соңы біреулердің жазықсыз жәбірленуіне, психологиясының бұзылуына, ал жәбірлеушінің заң алдында жауап беруіне апарып соғады. «Кішкентай қылмыскерлерді» көбейтпейік десек, ұстаздар мен ата-аналар бірлесіп, саналы тәрбие беруге барымызды салуымыз керек. 

Ұлықбек ҮМБЕТ.  

Пікір қалдырыңыз: