Жариялаған: admin | Уақыты: 2024-10-12 10:15:00 | Соңғы рет жаңартылған уақыты: admin on
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 9
Мақтаарал ауданы биыл мақта өндіруде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуді жоспарлап отыр. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің Мақтаарал ауданына жұмыс сапары барысында индустриалды аймақта орналасқан «ZHANASSYL» ЖШС мақта зауытының жұмысымен танысуы бұл бағыттағы жұмыстың маңызды екенін көрсетті. Жылына 65 мың тонна мақта өңдеуге қабілетті заманауи зауытта 50 мың тонна мақта өңдеу көзделген. Бұл кәсіпорын мақта сапасының жоғары деңгейде сақталуын қамтамасыз етуде.
Ауданның мақта өндірісіндегі жетістіктері тек осы зауытпен шектелмейді. «Мырзакент» ЖШС мақта өңдеу зауыты да жұмысын қарқынды түрде жалғастырып, ауданның мақта өндірісін дамытуға зор үлес қосуда. Қазіргі таңда аудан бойынша 33,7 мың гектар алқапқа мақта егілсе, оның 18 мың гектарынан 48 мың тонна өнім жиналды. Жыл соңына дейін мақта өндірісінен 92,3 мың тонна өнім алу жоспарланып отыр.
Мақтаарал ауданында 9 мақта өңдеу зауыты жұмыс істеп, оларға тиесілі 34 мақта қабылдау бекеті қызмет көрсетуде. Жетісай және Шардара аудандарында да мақтааралдық зауыттарға тиесілі 29 мақта қабылдау бекеті жұмыс істеп тұр. Бұл өндірістік құрылымдардың барлығы ауданның мақта өнімін тиімді жинау, сақтау және өңдеу жұмыстарын қамтамасыз етуде.
Мақтаарал ауданындағы шаруашылықтар да инновациялық тәсілдер арқылы өнімділікті арттыруда. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков ауданға сапары барысында тамшылатып суару технологиясын қолданған «Хамро ата» өндірістік кооперативінің алқабында болды. Бұл әдіс суды 50 пайызға дейін үнемдеумен қатар, мақтаның өнімділігін гектарына 60-70 центнерге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Мұндай тәсілдер, әсіресе, су тапшылығы бар аймақтар үшін өте маңызды.
Мақтаарал ауданындағы «Мақта және бақша ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС мақтаның жаңа, өнімділігі жоғары тұқымдарын шығарумен айналысуда. Станция осы уақытқа дейін мақтаның 13 түрлі орта талшықты түрін және 15 өнімділігі жоғары сұрыптарын әзірлеген. Топырақты терең қопсыту, суару технологиялары секілді заманауи әдістерді енгізу мақта өнімінің сапасы мен көлемін арттыруда маңызды рөл атқарады.
Сонымен қатар, аудан күріш өндірісінде де жоғары нәтижелер көрсетуде. 2020 жылы жұмысын бастаған күріш өңдеу зауыты күніне 20 тонна күріш өңдейді. Мақтаарал ауданында биыл 1327 гектарға күріш егілген болса, алынған өнім 3244 тоннаны құрап отыр. Бұл да ауданның ауыл шаруашылығындағы маңызды жетістіктерінің бірі.
Мақтаарал ауданының ауыл шаруашылығында қол жеткізген жетістіктері мақта мен басқа да дақылдарды өндіруде жаңа технологиялар мен инновациялық тәсілдерді тиімді пайдалану арқылы жүзеге асуда. Аудан мақта жинаудан биыл 90 мың тоннадан астам өнім алып, республика бойынша алдыңғы қатарға шығуды жоспарлап отыр. Бұл көрсеткіштер облыс әкімдігі мен жергілікті шаруалардың бірлескен жұмысының нәтижесі ретінде бағаланады.
2467 (5)