ҒАРЫШ: ЕЖЕЛДЕН БҮГІНГЕ ДЕЙІН...

Тарих

Жариялаған: admin | Уақыты: 2026-04-12 12:12:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 10


ҒАРЫШ: ЕЖЕЛДЕН БҮГІНГЕ ДЕЙІН...

12 сәуір – адамзат баласының ғарышқа алғаш «қанат қаққан» күні. Осыған орай бұл салаға да қатысты қызықты деректер жариялауды жөн көрдік.

 Қанат байлап алып аспанға ұшқан

 Адам баласы ұшуға ежелден құмартқан, қиялдаған. Оған қатысты айтылатын аңыздар өте көп. Ұшатын кілем «болғанын» ертегілерден естідік. Ежелгі дүние тарихынан «қолдан қанат жасап ұшып, тым биікке көтерілгендіктен қанаттарды желімдеуге қолданылған балауыз күн сәулесінен еріп кетіп, теңізге құлап, опат болған» Икар есімді адам туралы оқып өстік. Өзіміздің де «дәу болғанда» ұшқыш, космонавт болғымыз келген. Түсімізде ауыл үстінде құсша қалықтаған, бөренеге, қараталға мініп ұшқан кездер де бар...

Дәл осындай қиялдар мен түстер әлемде қанша жеткіншекті талпындырып, қаншама ерлердің түрлі тәсілдермен көкке көтерілуіне себеп болды десеңізші! Бірер мысал келтіре кетейік. Осыдан 1200 жылдай бұрын өмір сүрген Аббас ибн Фирнас есімді сарай ақыны, ғалым әрі өнертапқыш азаматты ғалымдар «алғаш рет аспанға ұшқан адам» ретінде атайды. Ол құс қанаттары мен матаны ағаш тіреуіштерге бекітіп, парашют сияқты зат жасапты. Сосын қолшатырға ұқсайтын осы құрылғыны пайдаланып, мешіттің биік мұнарасынан секірген. Жерге аман-есен «қоныпты», тек аздап жарақаттанған. Кейін ол жиырма жыл бойы ізденіп жүріп қазіргі дельтапланға ұқсас құрылғы жасаған. Сосын биік қырдан секірген, желдің әсерімен биікке көтеріліп, 10 минуттай қалықтап барып құлаған. Қатты мертігіп қалыпты, бірақ ұшатын құрылғы жасау ниетінен бас тартпаған. Бірақ арманына жете алмай дүние салыпты.

Сонау 1930-1960 жылдар аралығында аспанға «қанат байлап ұшқан» бірнеше ондаған адамдар опат болған екен. Солардың бірі – Клем Сон есімді батыр кенептен, кит мұрты мен жібектен құрастырып қанат жасап, оны қолтықтарының астына және аяқтарының ортасына бекітіп, 3 шақырым биіктегі ұшақтан секірген. Бұған дейін парашютті сақтандырғыш ретінде қолданып, талай мәрте көк жүзінде қалықтаған азаматтың бұл жолы парашюті ашылмай қалыпты. Есіл ер сөйтіп мерт болған.

Адамдардың ұшуға деген талпынысы бәрібір де тоқтамаған. Соның нәтижесінде небір ғажайып құрылғылар өмірге келді. Адам олармен бірнеше метрден бірнеше ондаған, жүздеген метр биіктік пен қашықтыққа ұшып та көрді, құлап өліп те жатты, бірақ алған бетінен қайтқан жоқ. Ақырында дельтаплан, параплан, планер, ұшақтар, тікұшақтар, дирижабльдер, ғарыш кемелері, зымырандар мен дрондар өмірге келді. «Қанатты костюм» киіп, биік тау басынан, шыңдар мен құздардан, зәулім ғимараттардан секіріп ұшып жүргендердің видеосын қазір кез келген ақпарат құралынан, әлеуметтік желіден тамашалауға болады.

417 жылдан соң ақиқатқа айналған қиял

Жердің жалғыз табиғи серігі - айдың диаметрі жердікінен 3,7 еседей кіші. Табиғи айналым әсерімен ол жерге жақындап та, алыстап та отырады. Ең жақын келгені жерден 363 300 шақырым, ең қашықтағаны 405 500 шақырым, орташасы 384 400 шақырым болады. Көбіне осы орташа қашықтықта тұрады. Міне, осыншама алыстағы айға бару да адамзаттың ежелден келе жатқан арманы еді. 1609 жылы неміс ғалымы Иоганн Келлер адамның айға барғаны туралы фантастикалық повесть жазған екен. Арада төрт ғасырдан астам уақыт өткен соң шынында да айға адам баласының аяғы жетті. 1969 жылдың жазында АҚШ-тың «Аполлон» ғарыш кемесі оған астронавттарды жеткізді. Астронавт Нил Армстронг айға алғаш табаны тиген адам саналады.

Бүгінде АҚШ-тың «НАСА» ғарыш агенттігі айға қайтадан адам ұшыру қамын жасап жатыр. Кешегі күні Флоридадағы Канаверал мүйісінен бортында 4 астронавты бар «Артемида-2» ғарыш кемесі ұшырылды. Ол айдың арғы бетінен 8 мың шақырым қашықта ұшып өтіп, ғарышта бір аптадай болып қайтты. Алдағы 2028 жылы ай бетіне қону, оған адам түсіру жоспарланып отыр, бұл жолғы ұшқандар соған қажетті нәрселерді зерттеп-зерделеп, есептеп қайтыпты.

 Біздің де батырлар барған жер

Ғарыш кеңістігіне бүгінгі күндерге дейін әлемнің 40-тан аса елінен 650-ге жуық азамат ұшқан екен. Осының ішінде үшеуі қазақ азаматы. Тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіров 1991 жылы, КСРО кезінде ұшса, екінші ғарышкер Талғат Мұсабаев 1994 жылы Ресей атынан, ал Айдын Айымбетов 2015 жылы көкке көтерілді. Ұшу ретіне қарай әлемдік ғарышкерлер тізімінде Т.Әубәкіров – 259-шы, Т.Мұсабаев – 312-ші, А.Айымбетов 545-ші болып тұр.

Ғарышкерлер баратын Халықаралық ғарыш станциясы бүгінде Жер бетінен 421 шақырым биікте қалықтап жүр. Оның салмағы 440 тоннадан асады, ұзындығы – 109, ені – 73, биіктігі 27 метр, яғни 9 қабатты алып үймен тең. Оның құрылуы мен түрлі жұмыстары үшін күні бүгінге дейін 170 миллиард доллар қаржы жұмсалған. Жылына станцияға бірнеше ғарышкер барады, оның тұрақты тұру аумағы 7 адамға шақталған. Яғни онда айлар, тіпті жыл бойы тұрақты тұрып, кей-кейде ашық ғарыш кеңістігіне шығып жұмыс істейтін ғарышкерлер үнемі болады. Адамзат тарихындағы алғашқы ғарышкер Юрий Гагарин ғарыш кеңістігінде 1 сағат 48 минут болған. 1995 жылы Ресейдің бір ғарышкері Халықаралық ғарыш станциясында 437 күн болып қайтты. Бұл – 1 жыл 2 ай 12 күн деген сөз.

25 жылдан астам уақыт жұмыс істеп тұрған Халықаралық ғарыш станциясында осыдан бірер жыл бұрын ұсақ ақаулар анықталған, сондықтан оны орбитадан ақырындап шығару жөнінде жоспарлар жасалуда. Жоспар бойынша оның бөліктері 2030 жылы толықтай орбитадан шығарылуы тиіс, олар Тынық мұхиттың кемелер жүрмейтін аумағына құлатылатын болады. Әрине, оның орнына жаңа станция құрылары анық.

...Қысқасы, бүгінде адамзат ғарыш кеңістігінің белгілі бір аумақтарын да шарлап қайтуда. Жұрттың алды марсты игеруді де қиялдап жүр. Орташа есеппен алғанда марс жерден 228 миллион шақырым қашықта, бұдан екі есе дерлік жырақтайтын кезі де болады. Ал жерге ең жақын келетін кезі – қазан айы, әр 15-17 жыл сайын ол жерге 56 миллион шақырым қашықтыққа дейін жақындап келеді. Аспан әлеміндегі қозғалысына орай оны жыл басында таңертеңгі кезде, маусым айынан бастап түннің екінші жартысында, күзде кешкі уақытта жай көзбен көруге де болады. Ол жарқырап, жарық қызыл жұлдыз боп көрінеді. Көрінбей қалатын кезеңдері де бар.

Кім біледі, адамзат баласының оған барып орнығуға қатысты қиялы да бір замандарда өмір шындығына айналатын шығар... Әйтеуір Жер-Ана тыныш, күн бейбіт, ел аман болғай!

Дайындаған Д. ОРАЗ.

 

Пікір қалдырыңыз: