Жариялаған: admin | Уақыты: 2026-04-14 14:41:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 64
Қазақ халық ауыз
әдебиетінің тамаша үлгілерінің бірі – ғашықтар жырлары. Оларды «Еңлік – Кебек»,
«Айман – Шолпан», «Қыз Жібек пен Төлеген», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу»... деп
тізбелей беруге болады. Осы орайда елімізде жыл сайын 15 сәуірде «Қозы Көрпеш
– Баян сұлу» күні дәстүрлі түрде аталып
өтіп келе жатқаны еске түсіп отыр.
Ғашықтар, махаббат
дегенде, әрине, бірінші кезекте ойға жастар, жастық шақ оралады. Өйткені ғашық
болу негізінен бала кезде, жеткіншек, жасөспірім шақта, жастық кезеңде орын алады.
Есейіп, ақыл тоқтатқанда, тіпті жас ұлғайған шақтарда да адам көбіне алғашқы
махаббатын сағынышпен еске алып жатады.
Ал адамдар бір-біріне
қалай ғашық болады? «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл...» деп Абай атамыз айтпақшы, оны
сөзбен жеткізу оңай болмайды. Бұл кезде адам бойында мынадай өзгерістер бой
көрсетеді екен: алғаш көргеннен-ақ әлдебір сезімге беріліп қалады, ғашық болған
адамын жақын сезінеді. Көп жағдайда осының өзі-ақ болашақта танысып-табысып
кетуге жетіп жатады екен.
Толқу, эйфория,
көзқарастардың кенеттен түйісуі, ынтығу, құмарлық, іңкәрлік, бірін-бірі ерекше
сезіну арқылы арада тартылыс күші туындайды. Олар үнемі бірін-бірі ойлайды,
көруге асығып тұрады, бір күн көрмесе сағынып, көңіл-күйі түседі. Қалайда
жолығысу үшін әйтеуір бір сылтау іздеп тұрады. Аса аңсаған сәттерде жоспарлар,
жұмыс, оқу сияқты маңызды нәрселердің өзі жайына қалады. Адам ақыл-ойға емес,
сезімге тәуелді болып, еркін тек ғашығына деген ойлар ғана меңдеп тұрады.
Кездесу алдында, кездесу
кезінде ерекше толқып, алақаны терлейді, беті қызарып, ұялу сезімі пайда
болады. Сүйіктісінің ойынан шықпай қалам ба, артық нәрсе айтып қоям ба деп ебедейсіз
күй кешеді, кейде тілі күрмеліп те қалады. Ғашықтар осылайша бір-біріне тәуелді
болып, көрмесе тұра алмайтындай, көрсе тілі байланып қалатындай өзгеше күй
кешеді. Бір-бірін шын сүйіп қалады.
Ғашық жандар бір-біріне
жиі қарағыштай береді, кейде көздері түйісіп қалады да, беттеріне қан
жүгіргендей қызара түседі. Кез келген ортада оны іздеп тұрады.
Ғашықтардың бір-біріне
қол ұшы тиіп кетсе де ерекше сезімтал, бойына ток жүгіргендей селт етеді. Рахат
күй кешеді.
Бір ғажабы, ғашықтар
бір-бірінің иісін де түйсіне алады екен. Физиологилық деңгейдегі бұл түйсік
оларды бір-біріне тарта, жақындастыра түседі. Иіс психологиялық тұрғыда да әсер
етеді. Олар жақын эмоциялар сезіндіріп, ғашықтарды бір-біріне одан сайын
жақындастыра, тарта түседі.
Олар бір-бірінің назарын
қандай да бір сөзімен, іс-әрекетімен, көзқарасымен өзіне аударғысы келіп
тұрады. Осы орайда кейде тіпті орашолақ күлкілі әрекет етуі де мүмкін. Бәріне
сезім, ғашықтық кінәлі.
Ғашықтар бір-біріне
деген шексіз сезімнің әсерінен салмақ жоғалтатыны да болады. Өйткені ол
сүйіктісі туралы көп ойлайды, одан басқа жұмысы жоқ сияқты. Қиялдайды,
армандайды, небір жоспарлар құрады. Көп ойлана бергесін ұйқысы да қанбайды,
тіпті тамаққа тәбеті тартпай қалуы да мүмкін.
Шын ғашықтар қосылса,
көп жағдайда бақытты, үйлесімді ғұмыр кешеді. Олар әрдайым өздерінің сол күйіне
риза болып, көңілі көтеріңкі жүреді. Мұндай адамдардың ісі де өнімді болады.
Олар бір-бірінің кем-кетігін толықтырып отырады. Бір-бірінен жасыратыны
болмайды, бір-бірін жалықтырмайды, бір-бірінің кемшіліктеріне көз жұма қарайды,
артықшылықтарын мақтаныш етеді.
Міне, адам ғашық
болғанда осындай күйлерді басынан өткереді. Ал сіз өміріңізде шын ғашық болып
көрдіңіз бе? Жалпы, ертеңгі 15 сәуір елімізде Ғашықтар күні ретінде аталып
өтетінін білесіз бе? Сіз оны атап өтесіз бе? Қалай атап өтесіз?
Д. НҰРПЕЙІС.