Салмағы 125 келі тартатын оқушы балуан

Спорт

Жариялаған: admin | Уақыты: 2026-04-16 16:55:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 62


    Салмағы 125 келі тартатын оқушы балуан

Ордабасы ауданында қазақтың атын әлемге танытқан әйгілі балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдық мерейтойы аталып өтті. «Қажымұқан – даланың дара батыры» тақырыбымен ұйымдастырылған мерекеге жергілікті тұрғындар ғана емес, облыс, республика көлемінен де адамдар қатысты, концерт көрді, түрлі қойылымдарды, балуандардың өнерін, қазақ күресінен жасөспірімдер арасында өткен турнирді тамашалап, бір сергіп, серпіліп қайтты.

Осы мерейтой кезінде Бәйдібек ауданындағы Қайнар ауылы мектебінің 11 сынып оқушысы Мерей Досан да ерекше көзге түсіп, жүлделі 3-ші орын иеленді. «Алыптар сайысына» үлкендермен бірге қатысқан қаршадай бала зілдей тас, бөрене көтеруден, ауыр затты қашыққа жылжытудан жұртты тәнті етті. Ол аудан әкімі Азат Оралбаевтың арнайы Алғыс хатымен марапатталды.

Бойы 185 сантиметр, салмағы 125 келі тартатын Мерейге жұрттың ықыласы ерекше болды. Біз Мерейдің анасы Гүлзада Пірмашованы сөзге тартып, оған  өзімізді қызықтырған сұрақтарды қойдық. Айтуынша, Омарбековтер әулеті осындай ірілігімен ерекшеленеді екен. Мысалы, бүгінде жасы 53-тегі отағасы Алтынбек Досанұлының бойы 180 сантиметр, салмағы 105 келі тартады. Г.Пірмашованың өз әулеттерінде де ірі денелілер бар екен. Ерлі-зайыпты екеуі де 3 ұл, 6 қызды дүниеге келтірген көпбалалы отбасында туып-өсіпті. «Жеке кәсіпкерлікпен айналысамыз. Үш перзент өсіріп отырмыз. Мерей – ортаншымыз. Әпкесі Ақерке мектепті Алтын медальмен бітірген, бүгінде Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде оқиды, 2-ші курс студенті. Қарындасы Назгүл 9-шы сыныпта оқиды, оның да оқу үлгерімі жақсы. Мерей де жақсы оқиды. Тәртіпті, үлгілі. Оны отағасы кішкентайынан еңбекке баулып, қатаң тәрбиелеп келеді», - дейді Гүлзада Уәлиханқызы.

Бұл отбасы ауылдағы әкеден қалған қарашаңырақта тұрады екен. Досан ата мен Рана әже жастары 80-нен асып қайтыс болған мықты кісілер болыпты. Олар кішкентай Мерейді өте еркелетіп өсіріпті. «Мерейге жүкті кезімде түсіме басында ақ сәлдесі, маңдайында көкпеңбек түсті домалақ «брошкасы» бар адам кіргені есімде. Маған көз тігіп қарап тұрды. Ол атамыздың әкесі, яғни Мерейдің бабасы екен, үлкендер маған солай деп айтты. Сол кезде өмірге ерекше бала әкелетінімді сезінгендей едім. Расында да ұлымыз өзгеше зерек болып өсті. Балабақшаға төрт жасында бергенбіз. Сүтті өте жақсы көруші еді, екі кеседен ішетін. Әпкесі сонда аспаз боп істейтін. Мерейдің сөмкесіне балабақшадағы балалардың таңғы асына деп төрт «баклашкаға» 1 литрден сүт құйып салып қоятынбыз. Соны 1 шақырымдай қашықтағы балабақшаға еш қиналмай арқалап кете беретін. Әжесі боза салып, бие сауатын еді, Мерейге де қымыз ішкізіп, боза береді екен, оны да жақсы көрді. Мектепке барғасын сабаққа да өте зейінді болды. Әсіресе математикаға зерек. Үшінші сыныпта-ау, бірде Қамқа апайы риза болып, алдағы берілетін есептерді де шығар деп тапсырған екен. Бір тоқсан бойынша бағдарламада бар есептерді ешкім үйретпей-ақ алдын-ала шығарып тастап, ұстаздарын таңқалдырған. Ол қазір де сабақты жақсы оқиды, оған қоса спортпен де айналысады. Ауылда ашылған күрес залына барады. Бірақ өзіне салмағы сай келетіндер болмағандықтан жаттықтырушысынан тек әдіс-тәсілдер үйренеді. Үйде 16 келілік гирь, 40 келілік штанга көтеріп жаттығады. Қажет болса, 70-80 келі тартатын ауыр заттарды керек жеріне еш қиналмай көтеріп жеткізе береді. Мерейдің спортқа деген қызығушылығын оятқан – жаттықтырушысы Асылжан Жиынбеков. Мерей күрестен бірнеше мәрте жүлделі орындар иеленді. Республикалық жарысқа қатысып, үшінші орын алды. Ол жарыста Мерей өзіне салмағы сай келетін қатарластары болмағандықтан жасы үлкен балалармен күрескен еді. Жалпы, қол жеткізген жетістіктері үшін Мерейдің ағайына айтар алғысымыз көп. Жұрт менен «балаңыз қандай тамақ ішеді» деп сұрап жатады. Ерекше бір қуатты тағамдар тұтынады деп ойласа керек. Жоқ, ондай емес, күнделікті біз не ішсек, ол да соны ішеді», – дейді балуан баланың анасы.

Мұның бәрін тәптіштеп жазып отырған себебіміз – әрбір ата-ана баласының денсаулығына, оның физикалық және рухани жағынан жақсы жетілуіне мән беріп, қамқор болса екен дейміз. Сонда одан туған-туысы ғана емес, елі де мақтаныш ететін азамат өсіп шығады. Осы орайда Мерейге келешегің жарқын болсын, армандарың орындалсын деген тілек білдіреміз. Ал жақсы бала өсірген отбасы әрқашанда мақтау-марапатқа лайық қой.

Д. ОРАЗ.

Пікір қалдырыңыз: