ОЛАР ЖЕРДІҢ «БАТҚАНЫН» КӨРДІ...

Тарих

Жариялаған: admin | Уақыты: 2026-04-14 10:10:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 9


      ОЛАР ЖЕРДІҢ «БАТҚАНЫН» КӨРДІ...

Газетіміздің өткен нөмірінде айтқанымыздай, АҚШ астронавттары Айдың арғы бетіне дейін барып қайтты. Айды айналып ұшты, оған 6545 шақырымға дейін жақын барды.

        406 771 шақырым биікке көтерілді

Есептей беріңіз: Мысалы, Шымкенттен сонау қиыр шығыстағы Үндіқытай түбегінде жатқан Вьетнам астанасы Ханойға дейінгі қашықтық 6130 шақырым болады екен. Осыдан да ұзақ қашықтан ай бетін суретке, видеоға алу дегеніңіз ғылым мен техниканың қаншалықты қарыштап дамып кеткенін көрсетеді.

Астронавттар Жерден 406 771 шақырым биікке дейін көтерілді. Құрамында Рид Уайзмен, Виктор Гловер, Кристина Кох есімді астронавттар және Канада ғарыш агенттінің өкілі Джереми Хансен бар «Орион» экипажы осынша заңғар биікке ұшып, ғаламат ерлік жасады. Бір қызығы, АҚШ астронавттары ғарышта Жердің «батқанын» ғарыш кемесі иллюминаторынан көріпті. Олар Ай орбитасын айналу барысында Жердің Ай көкжиегінен көрінбей бара жатқанын байқаған. Яғни біздің Жер-Анамыз да түпсіз ғарыш кеңістігінде күнді айналып жүрген бір алып дене. Біздегі көктем шығып, жаз бен күздің келуі, қыстың түсуі сияқты мәңгілік құбылыстар осы айналымға тікелей байланысты.

     2700 градус ыстыққа шыдады

9 күннен аса ғарыштың түпсіз кеңістігінде болған астронавттардың бұл ұшуы қауіп-қатерге толы еді. Аман-есен қонуының өзі бір ертегі сияқты. Өйткені ғарыш кемесі қайтар жолда Жер атмосферасына ену кезінде аса ыстық температурадан күлге айналып кетуі әбден мүмкін еді. Өйткені ғарыш кемесі Жер атмосферасына сағатына шамамен 40 мың шақырымды алатын жылдамдықпен енген. Бұған Жердің тартылыс күші әсер еткен. Атмосфераға үйкелу салдарынан 2700 градусқа тең алапат ыстық температура туындаған. Дегенмен қазіргі технологияның ғажайыптығы да сонда – ғарыш кемесінің сырты осыншама ыстыққа төзімді материалмен қапталған екен. Ол Жерге қарай заулағанда бейне бір астероид немесе комета аққандай болып сыртын отты жалын қаптап тұрды.

Ғарыш кемесінің атмосфераның қалың қабатынан өтуі 13  минутқа созылған. Бұл кезде Жермен байланыс 6 минутқа дейін үзіліпті. Яғни алапат үйкелістен туған ыстық байланысты үзіп жіберген. «Орионның» жылдамдығы бірте-бірте сағатына 500 шақырым жылдамдыққа дейін төмендеп, капсуланың тежегіш парашюттері ашылған. Арада көп өтпей қосымша парашюттер де ашылып, жылдамдық сағатына 30 шақырымға дейін тежелген. Капсула осы жылдамдықпен Тынық мұхитқа келіп түсті. Ондағыларды «НАСА» агенттігі мен АҚШ жағалау күзетінің кемелері капсуладан аман-есен шығарып алып, жағалауға жеткізді.

АҚШ енді өз астронавттарын 2028 жылы Айға қондырмақ ниетте. Болашақта онда өз базасын салу жоспары да бар.

Д. ОРАЗ.

Пікір қалдырыңыз: