Бейнеттің көріп зейнетін

Әлеумет Bollywood

Жариялаған: admin | Уақыты: 2024-09-25 11:15:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 19


Бейнеттің көріп зейнетін

Қыркүйектің алғашқы аптасы С.Мұқанов атындағы мектепте үлкен мерекелік шарамен есте қалды. Мектебіміздің ардақты ұстаздары, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Лайсханова Гүлнар Алпамысқызы мен мектептің тазалығына үлес қосқан Райхан Молдабаева зейнет жасына шығып, құрметті демалысқа жол тартты. Бұл қос апайымыздың ұзақ жылдар бойы сіңірген еңбегі мен оқушыларға берген білімінің жемісі ретінде, ұжым оларды ерекше ықыласпен шығарып салды.

 

Лайсханова Гүлнар Алпамысқызының 40 жылдық еңбек өтілімен бірге жүріп, талай шәкіртке білім нәрін сіңіргені, олардың өмір жолында жақсы жетістіктерге жетуіне көмектескені ерекше мақтанышпен атап өтілді. Оның шәкірттері ұстаздарына деген алғыстарын жаудырып, ұстаздық еңбектің маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті.

 

Сонымен қатар, Райхан Молдабаева апайымыз да ұзақ жылдар бойы мектептің тазалығына үлесін қосып, бейнеттің зейнетін көріп, құрметті демалысқа шықты. Апайымыздың қарапайым еңбегі мектеп ұжымы үшін үлкен құндылық болғанын атап өту қажет.

 

Мектеп директоры Бауыржан Әбдіраймов кешті ашып, зейнет жасының маңыздылығы мен артықшылықтары туралы айтып, шетелдердегі зейнеткерлерге жасалатын құрметке назар аударды. Ол кейбір мемлекеттердің зейнеткерлеріне әлемді аралау мүмкіндігін беру арқылы ерекше құрмет көрсететінін атап өтті. Бұл сөздер қатысушыларды жігерлендіріп, болашаққа деген сенімдерін арттыра түсті.

 

Қос апайымыздың отбасылары да мерекеге қатысып, аналарына деген ыстық ықыластарын білдіріп, сыйлықтар жасап, құттықтауларын жеткізді. Мектеп ұжымы да ән-жырмен, ақ тілектермен, ерекше мерекелік көңіл-күймен апайларымызды қошеметтеп шығарып салды.

 

Шараның соңында шашу шашылып, ән айтылып, би биленіп, барлығы үшін естен кетпес бір сәтке айналды. Ұстаздық жолдың маңыздылығы мен ардагерлерге деген құрмет әрқашан есте сақталатыны анық. Бейнеттің зейнетін көру — әр адамның өміріндегі ең қымбат сәттердің бірі, ал мұндай әдемі кеш әр ұстаздың жүрегінде ұзақ уақыт сақталып қалады.

 

Ғазиза Әбдиева,

С.Мұқанов мектебі, Мақтаарал ауданы.


1770 (1)

 

 

 

Пікір қалдырыңыз: