Жариялаған: admin | Уақыты: 2024-10-11 15:45:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 22
Немесе
Өт тас ауруы және оны хирургиялық емдеу (лапароскопиялық холецистэктомия)
Өт тас ауруы — өт қабында немесе өт жолдарында тастардың пайда болуына әкелетін патологиялық жағдай. Өт тастары түрлі органикалық және бейорганикалық заттардың қосындысынан құралады. Олардың негізгі құрамдары: холестерин, билирубин, өт қышқылдары, ақуыздар, гликопротеидтер, тұздар және кальций. Аурудың негізгі себебі — холестерин мен өт пигменттерінің тепе-теңсіздігі. Осыған байланысты тастардың екі түрі ажыратылады: холестеринді және пигментті тастар.
Өт тас ауруының себептері
Өт тас ауруының дамуына келесі факторлар әсер етеді:
Семіздік және дұрыс емес тамақтану: холестерин мөлшері жоғары тағамдарды тұтыну өттегі холестериннің шамадан тыс жиналуына әкеледі;
Өт қышқылының төмен мөлшері: өт қышқылдары жеткіліксіз болған жағдайда, өт холестеринді еріте алмайды;
Фосфолипидтердің жетіспеушілігі: бұл жағдай холестериннің қатып, тұнбаға түсуіне ықпал етеді;
Өт тоқырауы: өттің дұрыс ағылмауы өт қабының моторикасын бұзады, нәтижесінде тастар пайда болады. Генетикалық бейімділік те рөл атқарады.
Аурудың белгілері
Өт тас ауруының негізгі белгілері майлы немесе ауыр тағамдарды тұтынғаннан кейін бірнеше сағаттан соң байқалады. Оған:
Эпигастрий аймағындағы ауырсыну (оң жақ қабырға астында);
Ауырсынудың оң қолға және иыққа таралуы;
Жүрек айнуы мен құсу;
Дене қызуының көтерілуі және ішек қызметінің бұзылуы жатады.
Емделу тәсілдері
Өт тас ауруының ең тиімді емі — хирургиялық жолмен өт қабын алып тастау, яғни лапароскопиялық холецистэктомия. Бұл ота заманауи тәсілдердің бірі болып табылады және ауруды түбегейлі жояды. Операциядан кейін пациентке физиотерапия (ЛФК) тағайындалады, ол асқынулардың алдын алу үшін маңызды.
Қазіргі таңда «Атакент» ауруханасында 2021 жылдан бастап лапароскопиялық холецистэктомия оталары сәтті жүргізілуде. Жылына 70-80 ота жасалады, бұл пациенттерге басқа қалаларға бармай-ақ, қажетті көмекті жергілікті жерден алуға мүмкіндік береді.
Сапарханов Чингисхан Мауленович,
«Атакент» ауруханасының хирург дәрігері.
1790 (3)