Жариялаған: admin | Уақыты: 2024-10-12 11:10:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 25
Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Тұрар Рысқұлов ауылында 13 бұзақы әке-шешесі мен бауырларының көз алдында 16 жастағы Болат Шерзат есімді бозбаланы аяусыздықпен, қатыгездікпен ұрып өлтіргені қазір әлеуметтік желінің басты тақырыбына айналып тұр. Өкінішке қарай, жағдай тұрақталудың орнына ушығып, шым-шытырыққа толып барады. Құқық қорғау органдары «тиісті жұмыстар атқарылып, тергеу амалдары жүріп жатыр» дегенімен, сенімсіздік танытқан халық толқудың аз-ақ алдында тұр.
Кәмелет жасқа да толып үлгермеген Шерзаттың өлімінен кейін тергеу амалдарының барысына наразылық білдірген марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов қанды оқиғадан кейін жолды жауып, облыс әкімі мен облыс прокурорының көпшіліктің алдына келуін, тергеуді әділ жүргізбей отырған лауазым иелерінің жұмыстан кетуін талап етті. Оның айтуынша, адам өліміне ұласқан төбелеске қатысқан 13 адамның 7-і ғана қамалып, белсенді болып жүрген екі әйел адам оқиғаға куәгер болып шыға келген. Тергеушілер олардың кәмелетке толмаған балалары бар екенін себеп еткен. Бұл қалың көпшіліктің де наразалығын туғызғаны рас.
Жығылғанға жұдырық демекші, қыршын кеткен жасөспірімнің әкесі әділдік іздеп арпалысып, шындық іздеп шырылдап жүргенде оқыстан үйі отқа оранып, шаңырағы ортасына түсті. Қара жамылғанымен қоймай, жан-жақтан қауіп-қатер төніп тұрған отбасын қорғауы тиіс құқық қорғау органдары баспанасына әдейі өрт қойғандардың кімдер екенінен де бейхабар. Тіпті, екі-үш күннен бері номері жоқ көліктердің үйдің айналасын торуылдап жүргені жайында ақпар берілсе де.
Жалпы бұл оқиғаға қатысты жайттарды терең қазбалаған сайын түрлі мәліметтер шығуда. Әлеуметтік желіні белсенді қолданушылардың бірі, заңгер Ләззат Ахатова өз жазбасында былай дейді: «2023 жылы желтоқсанда «Сказки» дәмханасында Ернұр Ілиясов М.Качакбайды пышақтаған. Оларға пробациялық бақылау орнатылған. 2024 жылы Нұрқияс пен Ернұр Ілиясов бұзақылық бойынша бас бостандығынан шектелген. Мыналарға заң жоқ қой! Заң мүлде жұмыс істемеген! Нұрқияс Ілиясов деген 2019-да адам өлтіріп, 8 жылға сотталса, бір жылдан кейін бостандықта не істеп жүр?! Жүргенімен қоймай, тағы адам өлтірген!.. Қайдағы татуласу бойынша істі қысқарту?! Ауыр қылмыс жасағанда істі қысқарту деген жоқ. Екі тарап мың рет татуласса да. Жылы азаюы мүмкін, бірақ қысқартылуға жатпайды. Сотталу керек, қылмыстық заңнама нормалары бойынша. Тек жеңіл және орта дәрежедегі істер бойынша тараптардың татуласуына байланысты іс қысқартылады. Ал ауыр және аса ауыр қылмыстарда қысқартылатын заң жоқ! Сонда Талғар прокуратурасы мен полициясы жоқ заңды қолданып, қысқартып тастаған ба? Әлде өздері заң шығарып, қысқартқан ба? Тек әкімдерді емес, құқық қорғау органдарының да басшылары орындарынан алыну керек. Істі заңсыз қысқартқан тергеуші, тергеу бөлімінің бастығы да жауап берсін! Ақыры барлығы ашық жүргізілсе, бәрін тазаласын!».
Бұл көшеде жүрген қаймана қазақтың емес, тәжірибелі, білікті заңгердің нақты дәлелдермен айтып отырған пікірі және қылмыстық топтың бір ғана мүшесіне қатысты мәлімет. Басқалары жайлы осыған ұқсас, яғни жаға ұстатар жайттар айтылып жатса таңқалуға болмайды. Демек, бұл біздің елде жасаған қылмысы ауыр болса да мүлдем жазаланбайтын немесе жеңіл жазамен құтылып кетіп жүргендердің аз еместігін көрсетсе керек. Ең қауіптісі, лайықты жаза алмағандар ендігіде заңнан аяқ тартпай, қылмыстың одан да ауырын жасауға қадам басатыны анық. Ал алаңдатарлығы – мұндай шектен шыққандар жоғарыда отырған «көкелерінің» кез-келген қиындықтан суырып алып шығарына сенімі мығым болса керек. Сыбайласқан қылмыстың жолын кесу үшін Л.Ахатова айтқандай, осы қылмысқа ғана емес, олардың бұрынғы қылмысына қатысты деректер де қайта тексеріліп, кінәлілер мейлі тергеуші, мейлі прокуор, сот болсын толық қылмыстық жауапқа тартылуы тиіс.
Қанды оқиғаға қатысы бар деген күдікпен Хасан есімді жігіттің аты жиі айтылуда. Оны «Хуторский» деп аталатын ұйымдасқан қылмыстық топтың (ҰҚТ) жетекшісі деп жатқандар да жетерлік. «Талғар өңірі Хасанның ашса алақанында, жұмса жұдырығында, аймақта соның айтқаны болады» деген сөздер желдей есіп жүр. Әңгіме құрғақ шөпке тиген өрттей қаулай жөнелгенде Хасанның өзі бой көрсетіп, бұл қылмысқа еш қатысы жоқ, адал жолмен бала-шағасын асырап жүрген кәсіпкер екенін айтты. Тіпті, бір топ ауыл тұрғындары да оны ақтап, бейнеүндеу жасады. Осылайша ақпараттық соғыс та басталып кеткен секілді.
Әрине, нақты дәлел-дәйектер айтылып, сот үкімі шыққанша біржақты пікір айтудан аулақпыз. Дегенмен, бұл ауыр қылмысқа қатысы бар адамдар түгел жазаға ілікпейінше істі әділ жүргізілді дей алмаймыз. Қатыгездікпен адам өлтірген Хасанның тобы ма, басқа біреудің тобы ма маңызды емес. Маңыздысы – кім болса да қылмыс толықтай ашылып, қылмыскерлер лайықты жазасын алып, ұйымдасқан қылмыстық топты түп-тамырымен жою керек.
Бұл қылмыстық істі әділ тергеуге жергілікті құқық қорғау органдарының қауқары жетпеуі мүмкін. Сол себепті мұны еліміздің Бас прокуроры мен Ішкі істер министрі жеке бақылауына алды. Жуырда ІІМ вице министрі Бауыржан Әленов Талғарға келді. Ол кісі оқиға туралы: «Бұл бағытта қылмыстық іс қозғалды, кінәлі табылады, жазаланады. Тергеу мен соттың барлық кезеңдері қатаң түрде заңға сәйкес жүргізіледі. Әділ қаралады! Қылмыскерлер қатаң жазаланады! Халық алаңдайтын себеп жоқ», – деді. Сөзінің дәлелі болса керек, алғашында қамалған жеті күдіктіге қоса тағы үш күдікті қамауға алынған. Қазір бұлардың барлығы тергеу абақтысында. Тергеу қорытындысы жасалып, сотқа өткен жағдайда бұл іс ашық сот жағдайында қаралып, көпшіліктің бақылауында болғаны дұрыс. Бишімбаевтың соты секілді. Сонда ғана бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол берілмейді. Қылмыскерлерге қатаң жаза берілсе, өзгелеріне сабақ болады. Әйтпесе біз қандықол қарақшылар жайлаған елге айналарымыз әп-сәтте-ақ.
Әзірге марқұмның әкесі Қ.Нұрымовтың «басшылар жұмыстан кетсін» деген талабы орындала бастағаны байқалады. Әзірге белгілісі - Талғар қаласының әкімі мен орынбасары қызметтен кетіпті. Бірақ бұл жеткіліксіз. Қанды қылмысқа жол берген барлық лауазым иелері жауап беруі тиіс.
Балқы БАЗАР.