Қыздар мектебі не үшін керек?

Құқық National

Жариялаған: admin | Уақыты: 2024-10-07 12:45:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 50


Қыздар мектебі не үшін керек?


Ұзақ жыл педагогика саласында жүрмін. Бірақ ұл мен қызды бөлек оқытудың білім сапасына қандай пайда-зияны бар екенін айта алмаймын.

Конституцияда білім беру стандарты белгіленгенмен, әркім әртүрлі мектеп ашуға неге әуес? Мұның басты себебі – оқу-ағарту министрінің қолында барлық мектепке сөзін өткізе алатын билік жоқ. Тіпті министрліктің мектептер мен балабақшаларға жақындығы өгей әкедей ғана деуге болады. Себебі өңірлік білім басқармасының басшысын облыс әкімі тағайындайды, облыс әкімі тағайындаған басқарма басшысы мектеп директорларын өзі таңдайды. Бұл тағайындауларға министрдің «келісті» деген формалды ғана қатысы бар. Елдегі білім саласын бір ізге саламыз десек, мәселені осы жерден бастаған дұрыс. Министрге қосымша вице-премьер дәрежесін беру керек дегенді көптен бері айтып жүрмін, сонда оның әкімдерге сөзі өтер еді.

Неге оқу стандартына, Конституцияға сүйеніп, бағыты бұлыңғыр жекеменшік мектептерді ашуға тосқауыл қоя алмаймыз? Бұған заңдағы кемшілік себеп болып отыр. Қазір жекеменшік балабақшалар мен мектептер шағын бизнес субъектісі саналады. Оларға ешкім тексеріс жүргізе алмайды. Мен өзім Шымкент қалалық қоғамдық кеңес мүшесімін, бірақ жекеменшік оқу орындарына кіре алмаймын. Қатты мазаласаң, бірден прокуратураға арыз жазады. Яғни мұндай мектептерге оқу-ағарту министрлігі де, қоғам да бақылау жасай алмайды. Содан да болар, олар білгенін істеп жүр. Білім нысандары неге шағын бизнес болып отыр, олар идеология ошағы емес пе?!

Өмір Шыныбекұлы,

№41 мектеп мұғалімі,

Шымкент қаласы.

Пікір қалдырыңыз: