Жариялаған: admin | Уақыты: 2024-10-01 11:10:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 10
Қайбір жылы Келес ауданында бір отбасы мүшелері газға уланып, түгелдей ұйқыдан оянбай қалған болатын. Қайғылы оқиға Астанада да қайталанып, бір үйдің үш сәбиі бақилық болды. Биыл қыс басталмай жатып Қостанай облысының Жетіқара қаласында бес бірдей бүлдіршін өртке оранып, қыршын кетті...
Өкінішке қарай, еске алудың өзі ауыр қайғылы оқиғалар осылай тізбектеліп кете береді. Мұның себебін саралап, сараптап жүрген және оның қашан тоқтайтынын айта алатын адам бар ма? Менің ойымша жемқорлық пен көзбояушылық, кедейшілік жойылмай мұндай қайғылы оқиғалар да қайталана бермек. Неге екеніне тоқталайық. Мәселен, жыл сайын жылыту маусымы басталарда Төтенше жағдай мекемесінің қызметкерлері үйлерді аралайды, ескерту парақшаларын таратады. Газ қауіпсіздігінің алдын алатын мекеме мамандары да қара көрсетеді. Бірақ солардың барлығы дерлік үйге кіріп, газ құрылғыларын, шлангаларды тексере бермейді. Келісім шартқа отырып, ақшасын алып, сырттан қайтады. Салдарынан газ құрылғыларын өз бетінше, өз білгендерінше пайдаланып жатқандар зардап шегеді. Мен өзім ел аузында «Иран пеш» аталып кеткен құрылғыны қосып, газ қалдығы шығатын түтікшені көмірмен жанатын пештің мұржасына немесе ауа алмастырғыш тесікке жалғай салған талай отбасыны көріп жүрмін. Бұл ережеге мүлдем сай келмейді. Газға уланудың, өрт шығудың негізгі себептерінің бірі де осы емес пе?
Уланудың тағы бір себебі – көмірмен жылытылатын пештердің мұржасының тазаланбауы. Ал бұл түтіннің сыртқа шығуына кедергі болып, улы түтін ішке ұрады. Түнгі ұйқыдағы адам мұны сезбейді. Салдары қайғылы оқиғаға ұласады. Кедейшіліктің салдарынан жаңа құрылғы сатып ала алмай, мұржасын тазалата алмай отырған отбасылар аз емес. Қолдан жасалған электр қуатымен жұмыс істейтін жылытқыш құрылғыны пайдаланып жүргендер де жетерлік. Мұның барлығы қауіпті күшейтпесе, сейілтпейді.
Улы газдан келетін қауіпті азайту үшін әлгі айтылған мамандар көзбояушылықты тоқтатып, ерінбей әр үйге кіріп, құрылғыларды мұқият тексеріп шығуы тиіс. Ескі, қауіпті құрылғыларды пайдалануға қатаң тыйым салған жөн. Әрбір маман адам өміріне деген жауапкершілікті жүрегімен сезініп жұмыс істемейінше қайғылы оқиғалардың тоқтауы да неғайбыл.
Ұ. БЕК.