Жедел жәрдем бе, жайбарақат жәрдем бе?

Мәселе India

Жариялаған: admin | Уақыты: 2024-10-09 23:10:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 3


Жедел жәрдем бе, жайбарақат жәрдем бе?


Шыны керек, соңғы кездері Шымкенттің жедел жәрдем қызметіне қатысты көп сын айтылып жүр. Жедел жете қоймайды. Осындай жағдай жуырда өз басымыздан да өтті. Көршіміздің 9 сыныпта оқитын қызы байқаусызда саусағын ет турағышпен (миксер) кесіп алыпты. Қан көп кетіп жатқасын дереу жедел жәрдем шақыртқан. Бірақ, әдеттегідей көп уақытқа кешіккен. Саусақтан сорғалаған қан біраз жерді қызылға бояп, бозбала қыз бозарып, қалтырай бастайды. Қайта-қайта телефон шалғанымен, жедел жәрдем асығар емес.

Мұны естіген мен де үйде бей-жай отыра алмай, жедел жәрдемге қайта қоңырау шалдым. «Бара жатыр» дегеннен басқа ешнәрсе айтпайды. Бірақ, қашан келеді? Бәлкім үйді таппай жүрген болар деп тағатсыздана үлкен көшеге шықтым. Арада 30-35 минут өткенде жедел жәрдемнің жарығы бір жылт етті де жоқ болды. Әр хабарласқан сайын «барып қалды» деп әр түрлі мекен-жайды айтумен шатасты. Тағы бір хабарласқанымызда «тапсырысты таппай жатырмыз, кімге, қайда бару керек еді?» деп айды аспаға бір-ақ шығарды. Бұл кезде жедел жәрдемді күткенімізге 40-45 минут болған еді. Сонда шақырту хабарламасын қабылдап отырған маман өз ісіне жауапсыз қарай ма, әлде басқа себебі бар ма? Ешкім де еріккеннен жедел жәрдем шақыртпайтыны түсінікті. Осылай ырғалып-жырғалып жүргенде талай науқас жан тапсырған да шығар, кім білсін?

Тағатты тауысуға шақ қалдырып келді-ау ақыры жедел, дұрысы жайбарақат жәрдеміміз. Сөйтсек олар жақын маңдағы бір шақыртудан шыққан беттері екен. Сонда алғашқы шақыртуымыз қайда қалды? Әлде операторлардың «кетті» деп жалған айта салуы үйреншікті әдетке айналған ба?

Көрініс берген келеңсіздіктің себебін білу мақсатында Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасына хабарласқанымызда ондағылар барлық мәліметті сұрап, не себепті кешіккенін анықтайтынын айтты. Ал Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының бас дәрігері Гүлнәр Құрманбекова: «Белгіленген тәртіп бойынша 2-санаттағы шақыртуға біздің қызметкерлер 15 минутта жетуі керек. Бірақ кеше кешкісін Қарабастаудан түскен шықыртуға 20 минут кешігіп барыпты. Ол үшін кешірім сұраймыз. Бірақ мен оның себебін анықтаймын. Бізде қай көлік қай жерде қанша уақыт жүрді, қанша уақыт тұрды - бәрі көрініп тұрады. Себебін анықтап, өзім бақылауға аламын», – деп сөз берді.

Әрине мұндай мәселеден басшының хабардар болғаны дұрыс. Жауапкершілікті күшейту үшін. Тосын жайға тап болып, жаны қиналғандар бірінші кезекте жедел жәрдемнен көмек күтеді. Ал сенген жедел жәрдеміміз жайбарақат жүретін болса ондай мекеме бізге қажет пе?

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Пікір қалдырыңыз: