Жариялаған: admin | Уақыты: 2024-10-12 18:45:00 | Соңғы рет жаңартылған уақыты: admin on
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 73
дейді Президент қолынан марапат алған ұстаз
Жуырда елімізде ұстаздар мерекесі кең көлемде аталып өтті. Сол мереке қарсаңында Президент әр облыс пен мегаполистердің 24 үздік ұстазына өз қолымен «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын тапсырды. Бұл марапатқа Түркістан облысынан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан ордабасылық ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Әбибулла Жакудаев лайық деп танылды. Еңбегі еленіп, мемлекет басшысының қолынан марапат алған Ордабасы ауданы Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияның ұстазы Әбибулла Мынасарұлына арнайы хабарласып, алған әсері жайлы сұраған болатынбыз.
«Маған бұл марапаттың берілеті жайында мәртебелі жиынға бір күн қалғанда ғана хабардар болдым, – дейді Әбибулла Жакудаев. – Қыркүйек айының соңында облыстық білім басқармасындағы Азамат Оспанов марапатқа ұсынылғаным жайлы айтты. Содан жақсы жаңалық күтіп, көңілім алаң болып жүргенде ұстаздар күні де жақындап, мерекеге дайындық жасамақ оймен базарға шықтым. Сол кезде облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетов хабарласып, бүгіннен қалмай жолға шығуым керек екенін ескертті. Дереу қызыма хабарласып, сол күнгі ұшықтың кешкі рейсіне билет алдырдым. Астанаға түн мезгілінде жеттім. Бірақ, барар жерім болмағасын әуежайда қонуға тура келді. Ертесіне Министрліктен Нұргүл Нүкатаева ханым хабарласып, не істеу керектігін түсіндірді. ПЦР тесттің қорытындысын алмай «Ақ үйге» кіре алмайды екенбіз. Өз қаражатымызға дереу талдау анализдерін тапсырып, 4 қазан күні түнгі сағат ондар шамасында қорытындысы дайын болды. Сол күні түнде тағы да әуежайдың «қонағы» болдым. Таңғы сағат 6:30-да әуежайдан шығып, қоғамдық көлікпен министрлікке жетіп алдым. Біздерді алдымен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының ғимаратына жинап, сол жерде қатаң тексеруден өткізді. Сосын «Ақ үйге» алып барып, сағат 10:45-те Президент құттықтады. Марапаттаудан кейін Оқу-ағарту Министрі Ғани Бейсембаев құттықтап, марапатқа ие болған 24 адамға арнап фуршет ұйымдастырды. Кешкісін Шымкентке оралдым.
Әуежайда мен күтпеген көрініс болды. Дала қараңғы болып қалғанына қарамастан мектеп директоры Исанова Сәуле апайымыз бастап, 30 шақты ұстаз гүл дестелерімен күтіп алды. Сапарлас болған жолаушылар да «бұл кісі кім?» деп қызығушылық танытып, арнайылап құттықтап жатыр. Сол кезде еңбегімнің еленгеніне қуанып, бір жағы толқып, көзіме жас келді».
Президенттің қолынан марапат алу екінің бірінің бағына жазыла бермейтін бақыт. Алайда, бұл марапат оңайлықпен келмегені түсінікті. Әбибулла Мынасарұлының ұстаздық еткеніне 40 жылдан асыпты. 2020 жылы Ыбырай Алтынсарин төс белгісін алған. Айтқандай осы жолғы марапат үшін Президенттік қордан 3 миллион теңге сыйақы беріледі екен.
«Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» депті ілгеріде біреу. Сол айтқандай, бала тәрбиелеуде, білім саласына еңбегі сіңген азаматтың ешкімге керек болмай екі түн әуежайда түнеуі қадырдың қашқаны емей немене? Салтанатты жиынды ұйымдастырушылар әр облыстан келген марапат иелерінің Астанадағы жағдайын неге ойламаған? Не министрліктегілердің, не облыстық басқарма басшылығының еңбегі сіңген әріптестеріне ең болмағанда жылы шырай танытып, мемлекет есебінен жолкүре мен қонақ үй, тамақ ақысын ұйымдастырылмағаны қалай? Сол қарапайым мұғалімдердің орнында танымал әнші немесе спортшы болса әуежайдан бастап аяғын жерге тигізбей, төбесіне көтеріп жүрер ме еді?! Бұл білім, ғылым саласына деген біздің биліктің көзқарасын білдірмейді ме? Осындай қарым-қатынастан кейін кімнің ұстаз болғысы келер дейсіз? Жастардың дені абыройсыз ұстаз болғаннан гөрі абыройлы спортшы атанғанын қалайды. Сый-сияпат, құрмет-қошеметтің бәрі де соларға көрсетіледі. Болашағын ойлаған елдің лауазым иелері барлығын да керісінше жасаған болар еді. Өйткені, жақсы ұстаздан мықты шәкірт, ақылды ғалым тәрбиеленіп шығады. Білімді ғалым - еліміздің жарқын болашағы.
Ойды ой қозғайды ғой. Егер Астанада өтетін мәртебелі жиынға қарапайым мұғалім емес, облыстағы басқарма басшылары барса қандай болар еді? Әуежайда қонып, сондағы орындықта көз шырымын алар ма еді? Әлде таңертең бірнеше жұлдызды элиталы қонақ үйдің жұмсақ кереуетінен керіліп оянар ма еді? Жол ақысына, тамағына жеке қаражаттан ба, әлде мемлекет есебінен төленер ме еді? Біздің білуімізше, басқарма басшылары мұндай жиындарға іссапар ретінде, мемлекеттің қаражатымен барып-келіп жатады. Ендеше, көз майын тауысқан мұғалімге де неге осындай жағдай жасалмайды?
Бәлкім, еңбегі сіңген ұстаздың әлеуметтік ахуалы жақсы шығар, мүмкін мұндай көмектен өзі бас тартқан болар? Оны да сұрап көрдік. «17 жылдан бері несие құйып шаршадым, дәл қазір айына 451 мың теңге несие төлеймін, – дейді Әбибулла Жакудаев. –Темірланда ескі үйім бар. Оның төбесінің сылақтары түсіп қалған. Жөндеуге денсаулық көтермейді, қаражат та жоқ. Инсульт алғанмын. Денемнің бір жақ бөлігі жақсы істемейді. Шымкенттегі бір жатақханада пәтерім болды, оны 3 миллион теңгеге саттым. Қосымша 4 миллион теңге несие рәсімдеп, «Черемушка» ықшамауданынан 2 бөлмелі пәтер сатып алдым. Ол да ескі, жылуы жоқ. Күн суытқанда бөлмені токпен істейтін құрылғымен жылытамыз. Жұбайым біраз жыл бұрын бақилық болды. Екі қызымның үлкені Үндіс азаматына тұрмысқа шығып, қазір Дубайда тұрып жатыр. Қолымдағы қызым жұмыссыз. Соңғы кездері денсаулығы сыр беріп, жұмысқа да орналаса алмай жүр. Қиналып жүргенімізді білген үлкен қызым «Дубайға келіңіз, мұнда сізге жақсы жұмыс табылады» деп шақыруда. Бірақ мен «сендердің Дубайларыңнан өзімнің Темірланым жақсы» деп бармай жүрмін. Себебі ауылды қимаймын. Бұл жерде әке-шешем, жұбайым жатыр. Туған-туыстарым, дос-жарандарым бар. Мен оларды қалай тастап кетемін?».
Бүгінде аз ғана жетістікке жеткендер арасында жайлы өмір іздеп, шетел асып жүргендер аз емес. Ал Әбибулла Жакудаевтің тәрбиелеген шәкірттерінің ішінде АҚШ, Малайзия, Катар, Италия мен Дубайда түрлі салада қызмет етіп жүргендер бар екен. Президент еңбек адамын бағалауды арнайылап тапсырып отырғанда Ордабасының абыройын асқақтатқан Әбибулла Жакудаевке ауданның «Құрметті азаматы» атағын берсе де артықтық етпейді.
Әбибулла Мынасарұлы Астанадан оралғаннан кейін Ордабасы аудандық білім бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаева арнайы қабылдап, құттықтаған. Естелік сыйлық берген. Бірақ әзірге аудан басшылығы үнсіз отырса керек. Осы жайттың себебін сұрамақ болып аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Ақмұратовқа хабарластық. «Ол кісінің еңбегін елеусіз қалдырмаймыз. Жуырда ауданның 60 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтілмек, сол кезде көп алдында құттықтап, марапаттауды жоспарлап отырмыз», – деді әкім орынбасары.
Үздік шәкірт тәрбиелеп, еңбегінің жемісін көрген ұстазға қандай құрмет болса да лайық. Жуырда облыс әкімі Дархан Сатыбалды шәкірттері жоғары жетістікке жеткен ұстазға көлік силап, қуантқан болатын. Ал, Президент қолынан марапат алған ұстазға облыстық білім басқармасы қандай қошемет көрсетті? Осы сауалға жауап алу үшін облыстық білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Жандос Маханбетовке бірнеше рет телефон соққанымызбен, тұтқаны көтермеді. Содан соң басқарманың баспасөз хатшысы Нұрлан Сұлтанбекпен байланысқа шықтық. «Әбибулла Жакудаевті бастық қабылдап, құттықтайтын шығар, оны сұрап, жауабын айтайын. Ал Астанаға барғандағы шығындарын мектеп төлеу керек қой» дегенді айтты. Алайда, мектепте ондай мүмкіндік бар ма?
Қазақстанда неге ғылым мен білім дамымайды деген сауал әрбір саналы адамның көкейінде жүр. Шәкірт тәрбиелеп, оны биікке көтерген ұстаздың еңбегі лайықты бағаланып, шынайы құрмет көрсетілмейінше бұл сауалдың күн тәртібінен түспейтіні түсінікті. Мұны көріп, біліп жүрген мықты деген жас мамандарымыз шетел асып жатыр.
Ұлықбек ҮМБЕТ.