Өзгенің жүрегі...

Әлеумет Bollywood

Жариялаған: admin | Уақыты: 2024-10-10 15:45:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 51


 Өзгенің жүрегі...

58 жастағы Кеңесбай Дәрменовке басқаның жүрегі салынған. Өз жүрегі сыр бергелі өзін қоярға жер таппай қиналатын. Бала-шағасы емделуіне бар жағдайды жасап тырысқанымен, дәрігерлер «тек операция, операция болғанда да дімкәс жүректі сау жүрекпен алмастыру керек» деген қорытынды жасайды.

Осылайша басқа жүректі күткеніне де 23 жыл болды. Мұндай сәтте адамда екіұдай сезім болатыны анық қой. «Тірі қалам ба, жоқ па...», «жүрек доноры табылса мейлі, табылмаса ше...» осындай ойлардың шырмауында жүргенде көз алдынан бала-шағасы мен үбірлі-шүбірлі 9 немересі талай рет кинолентадай өте шығатын. Олармен іштей талай рет қайырласты да. Себебі, елімізде жүрек ауыстыру операциясына кезек күткен 150-ге жуық науқас бар екен. Оның 16-сы Шымкенттен. Ең қиыны - бұл тізімде балалар мен сәбилердің де бары. Жүрегінде ақауы бар мұндай балақайлар донорды ұзақ күте алмайды. Ет жүректі езіп, жан ауыртатын да жағдай осы. Ал, көлік апаты сияқты аяқасты, оқыстан болатын қазалы жағдайда марқұмның сау ағзасы - жүрек, бүйрек, бауыр жетіспеушілігінен ауыр дертті болып отырған кемі 4-5 адамның өмірін сақтап қалуға, құтқаруға көмектеседі. Дәрігер-ғалымдар бұл жайлы қанша дабыл қағып, мәселе көтерсе де әзірге біздің қоғамда қаза тапқан туысының ағзасын өзгенің өмірін сақтап қалу үшін өз еркімен рұқсат беретіндер аз. Тым аз. Салдарынан жоғарыда келтіргендей, әсіресе балалар донар ағза кезегін күткен күйі жарық дүниемен қоштасуда. Тірі жүргенінің көбі мүгедек боп қалуда.

Мақаламыздың кейіпкері Кеңесбай Дәрменовке көлік апатынан қаза тапқан Максим Войнуштың жүрегі салынды. Марқұмның ата-анасы баласының сау ағзасы төрт адамның өмірін сақтап қалатынын естігенде қиын да болса осы қадамға баруды жөн санайды. «Баламыз өлсе де басқалар аман болсыншы» деп егіле отырып, бақилық болған баласының жүрегін, бауырын, бүйрегін алып, ағза ауыстыру операциясын күткендердің үмітін жандырды.

Ата-ананың бұл қадамын құптаған ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова марқұм Максим Войнуштың туыстарымен кездесіп, орны толмас қайғыларына көңіл айтты. Сосын, өз еріктерімен таңдаған қадамдарына алғыс білдірді. Максимнің әкесіне «Денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі табыс етілді.

23 жылдан бері дәрігерлерге деген сенімі азаймаған, балалары мен зайыбынан үнемі қолдау сөз естіп келе жатқан Кеңесбай Дәрменовке осылайша сау жүрек бұйырды. Мәйіттік жүрек алмастыру отасы биыл, шілде айында Шымкенттегі «Жүрек» орталығында жасалды. Операция 18 сағатқа созылған. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен қаржыландырылатын күрделі бұл отаға 6 миллион теңге жұмсалған. Бұл биылдыққа Шымкентте жүрекке жасалған екінші ота. Күрделі операцияны жасаған дәрігер-кардиологтардың бірі Тыныбек Сапаровтың айтуынша, жүрек алмастыру отасын жасай алатын білікті мамандар бізде аз емес. Әрі, заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған Шымкенттегі ауруханада ота жасауға барлық мүмкіндік бар. «Өкініштісі сол, біздің емханада және басқа да емдеу мекемелерінде бүйрек, бауыр, жүрек трансплантациясына жағдай жеткілікті бола тұра, донордың табылмауы талай адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік бермейді. Бір-ақ мәселе сол - қайтыс болған марқұмдардың туыстарының трансплантацияға келіспеуінде», – дейді дәрігер.

Жалпы елімізде ағза алмастыру, марқұмның сау ағзасын ауру адамға беру ісі заңдастырылған. Онымен «Электрондық үкімет» порталына кіріп те таныса аласыз. Әрине, заңда марқұмның жақын туыстарының келісімі қажеттігіне баса назар аударылған. Ресми келісімсіз дәрігерлер заңсыздыққа бара алмайды. Ол үшін берілетін жаза қатаң. Мұны заңгерлер де қуаттайды. «Ағзаларды заңсыз алу, трансплантациялау немесе мүшелерді сату фактілері бойынша кінәлі адам ҚР ҚК-нің 116-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады. 3 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады», – дейді заңгер Ербол Қожабеков.

Жалпы дәл осы тақырып жайында біздің басылым бұған дейін де жан-жақты сараптама жасай отырып, барлық тараптың уәжін алға тартып, мамандардың кеңестері мен пікірлерін оқырманға ұсынған болатын. («Өзге пікір» газеті. 25 қаңтар, 2024 ж №4 нөмірді қараңыз). Онда өзгенің өмірін сақтап қалу үшін өлген адамның сау ағзасын беруге Ислам діні қарсы еместігі де айтылған-ды. Мұқтаж жандарға орган ауыстыру операциясы тек туыстарының келісімімен ғана жасалу керектігін дін өкілдері де алға тартады. Шымкенттегі «Сейітжан қари» мешітінің имамы, белгілі дінтанушы ұстаз Ерсін Әміре жалпы шарттары орындала отырып, садақа беру жүзінде марқұм болған туысының ағзасын өзгенің өмірін сақтап қалу үшін беруге рұқсат ету шариғатқа қайшы келмейтіндігін айтады.

– Бірінші шарт – өліп жатқан адам өлгеннен кейін орган трансплантациясына келіседі ме, жоқ па? Екіншіден, марқұмның туыстарының келісімі міндетті түрде қажет. Ал үшінші шарт – мүшелерді сатуға болмайды. Трансплантация тек қайырымдылық мақсатында жасалуы керек, – дейді ол.

Кейіпкеріміздің бүгінгі күніне оралсақ. Адам ағзасының ең басты мүшесі - жүректі алмастыру оңай шаруа емес. Десе де Кеңесбай Дәрменов қазір өзін жақсы сезінетіндігін айтады. Отадан кейінгі қалыпты өмірге оралғанын, қиын сәтте қасынан табылған ұл-қыздары мен 9 немересіне, үнемі жанында жүретін зайыбына риза.

– Апта сайын дәрігерге келіп тексеріліп тұрамын. Бәрі жақсы. Маған ота жасағаннан бастап, осы күнге дейін бақылауында ұстап отырған барша дәрігерлерге ризамын. Марқұм баласының жүрегін берген азаматқа да алғысым шексіз, – дейді Кеңесбай Дәрменов.

Жүрегін ауыстырған азаматтың емдеуші дәрігері Диана Бигалиева пациенттің жағдайын бақылап, дәрі-дәрмектерін уақытылы қабылдауын байыппен түсіндіріп отырады. «Енді бұрынғыдай апта сайын емес, екі айда бір рет келіп тексеріліп тұрса да болады. Кеңесбай ағада бәрі жақсы» дейді. Дәрігердің сөзінше, бұл отадан кейінгі күтімнің де жақсы болғанының белгісі.

Жүректер сыздамасын...

Ж. Жайлаубекқызы.

Пікір қалдырыңыз: