Жариялаған: admin | Уақыты: 2024-10-04 16:45:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 32
Олардың екеуі де оқушы
Қодар-Қамқа оқиғасын «Абай жолы» роман-эпопеясын оқыған адам жақсы біледі. «Келіні Қамқа мен атасы Қодар жақындасты» деген масқара жағдайға шыдамаған Құнанбай екеуін түйеге теңдеп өлтіріп, құздан құлатып, көпке қырық кесек лақтырып, лағынет айттырған. Жария түрде, көптің көзінше. Ал, Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесінде ерінің көзіне шөп салған Шолпанды шариғат заңы бойынша күйеуі қамшының астына алып, артынан 40 шелек мұздай суды төбесінен құйып өлтірген. Осы ұлы туындыларда келтірілген оқиғаларды сараптай отырып, шариғат шеңберінде ғұмыр кешкен ата-бабаларымыз зинаны елді бұзар, ұрпақты аздырар ауыр күнә санап, дер кезінде тыйып отырудың харекетін жасағанын байқауға болады.
Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан. Қазір бәрі басқаша. Ешкім де шариғат заңымен жазаламайды. Жазалаушы тек қана - Заң. Иә, заманы басқаның заңы да басқа. Алайда, шариғат заңы, күнәнің ауырлығы өзгермек емес. Зина жасау әу баста ауыр күнә саналды ма, қазір де сондай. Тек оны тыйып отырудағы амал-әрекеттеріміз өзгерді. Қазақстан зайырлы мемлекет болғасын өлім жазасы алынып тасталды. Жеті рет өлшеп барып, кесілген кесімді заң ғой бұл. Алайда біздің айтпағымыз бұл емес. Мәселе өлім жазасында емес, мәселе – тәрбиенің осалдығында болып тұр. Құрдымға құлатар осы келеңсіздіктің салдарынан бүгінде зина жасау, адам өлтіру секілді ауыр қылмыстар жаға ұстататын емес, күнделікті болып жатқан үйреншікті оқиғаға айналды. Әбден ет үйренді. Әйтпесе, мектеп оқушысының өз туған қарындасын жүкті етіп қоюы адам өлтіруден де ауыр қылмыс емес пе? Осыдан 7-8 ай бұрын Келес ауданында туған ағасынан (оқушы) жүкті болып қалған қыз жайы неге жылы жабылды? Жалған намысты жамылғы еткен ауданның, ауылдың, қала берді бір рудың ақсақалдары қыз тағдырынан бұрын өз абыройларын ойлаудың салдары осындай шешімге себеп болған секілді. Бәлкім, жұқпалы ауру секілді жылдам жұғатын жаман хабарды таратпаған да дұрыс шығар, алайда «ауруын жасырған өлетінін» де ұмытпау керек. Дер кезінде шара қолданып, мұндай қылмыстың екінші қайталанбауына себеп болар амал жасаудың орнына жылы жабудың салдарынан масқара оқиға өзге аймақтарда да қайталануда. Дәлірек айтқанда, Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылында жоғары сыныптағы жеткіншек өзінің 9-сыныпта оқитын туған қарындасын жүкті етіп қойған. Өкінішке қарай, жеке басының, дәлірегі лауазымын ойлағандар бұл ақпаратты да дер кезінде жария етпей, жасырын ұстап отырғаны байқалады. Бірақ, жаманат хабар жерде жата ма? Ел есітіп, жұрт құлағдар болып жатыр. Енді не істемек керек? Қатаң жаза ма, әлде тағы да жасырып-жабу ма?
Сұрастырып білгеніміздей, жүкті болған қыз оқыған мектептің директорын жұмыстан шығарып, психолог маманға шара көрілуде екен. Мұның қаншалықты заңды немесе заңсыз екенін, орынды, орынсыз екенін тиісті органдар анықтай жатар. Ал ата-анасына ше? Бұл масқара жағдайдың барлығы мектеп қабырғасында емес, өз шаңырағында болды емес пе? Ата-анасы қайда қараған? Әлде тұрмыстық зорлық-зомбылық жайындағы жаңа заңнан сескеніп, тәйт демей, үндемей отырды ма екен?
Жастардың арасында қатыгез, зинақор, дөрекілердің көбейіп бара жатқанына біздер, яғни ересектер, аға буын өкілдері кінәліміз. Әуелі ата-ана, ағайын-туыс, ақсақалдар, ұстаздар, тұтастай қоғам кінәлі. Дұрыс тәрбие беріп, тура жолға бағыттай алмай отырмыз. Жамандықтан тыйып, жақсылыққа бастай алмаудамыз. Жоғарыда айтылған Қодар Құнанбайдың жатырлас бір туғаны емес, рулас ағайыны. Бірақ, бүкіл туғанының, туысқанының, қандасының іс-әрекетіне Құнанбай бей-жай қарай алмады. Қылмыс қайталанбас үшін қатаң жаза қолданды. Ал біздер ше? Туғанымыз болмаса туысқанымыздың ерсі қылығына тоқтам салмай, сырттан ғана қараймыз. Жамандықты тоқтатуға құлықсызбыз. Өзгесі былай тұрсын, қазір өз перзенттерімізге де қатаң тыйым сала алмайтын болдық. Қатаңдық танытып, қаттырақ сөйлесеңіз, шолжаң ұлдың май құйрығына таяқ тигізсеңіз түрмемен табысу демде. Турасын айтқанда, бала құқын қорғайды деген жаңа заң шаңырақты шайқалтуға, отбасын ойрандауға қызмет ететін секілді. Енді оны уақыт еншісіне қалдырайық. Қауіптісі, тәйт дегенді сезінбеген баладан өсе келе құлақ есітіп, көз көрмеген қылмыс жасайтын нағыз бұзақы өсіп шықпасына кім кепіл? Бізге батысшыл былшыл емес, намысты ұлтшыл ұрпақ керек.
«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп әл-Фараби бабамыз айтқандай, ұрпағымызға білім мен тәрбиені қатар бермей болашағымыз бұлыңғыр. Бүгін бір жатырдан шыққан қарындасын жүкті еткен баланың ертең қандай қылмысқа барарын ойлаудың өзі қорқынышты.
Балқы БАЗАР.