Қытайда Конфуцийді іздедім

Тарих

Жариялаған: admin | Уақыты: 2024-10-02 12:53:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 16


Қытайда Конфуцийді іздедім

Құбылай ханның Конфуций данышпанға ескерткішін іздедім. Қытайға, оның ішінде Шаньдун өлкесіне жолың түссе Конфуцийді қалай іздемейсің? Марқұм Мырзагелді Кемел ағам осы Конфуцийді қазақ тілінде сөйлеткен еді. Ел болудың, адам болудың данышпандық ілімімен бізді де таныстырғысы келген болар.

Жалпы қытайдың қытай болуына, олардың ірі ел болып өсіп-өнуіне ұлы ойшыл, философ Конфуций сияқты еңбегі сіңген басқа адам жоқ! Осыдан 2,5 мың жыл бұрын сары теңізбен шектесетін осы өлкеде туылып, 72 жыл өмір сүріп, мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, әлемде бірінші рет, осы күннің сөзімен айтсақ, университетке сай келетін оқу орнын ашқан адам осы Конфуций!

Иса пайғамбардан 500 жыл бұрын өмір сүрген. Ұлы Ұстаз болған! Конфуций ілімі адамгершілікті насихаттаған. Үлкенді сыйлау, әке мен ананы құрметтеу, отбасын қадірлеу, мемлекетке адал болу - оның басты қағидасы еді. Шәкірттері Конфуцийден: «Егер бір елге басшы болсаңыз, алдымен не істер едіңіз?» деп сұрағанда Конфуций «Ойланбастан ұлттың тілін тәртіпке салар едім» депті. Шәкірттері қайран қалып, себебін сұрапты. Сонда Конфуций: «Тілі бұзылса, ұлттың рухы мен әдет-ғұрпы да бұзылады. Рухы мен әдет-ғұрпы бұзылса, әділет пен ақиқат жоғалып, халық шарасыздықтан жойылу қаупіне душар болады. Қысқасы, тілі бұзылған ұлттың келешегінен үміт күтуге болмайды» деген екен!

Конфуций ілімі жалғыз қытай емес Жапон, Кәріс, жалпы көптеген азия елдерінің ұстанымдарына айналған. Дәл қазір қазаққа да Конфуций ілімін терең зерттеп, кітаптарын қазақ тіліне толық аударып, жоғары оқу орындарында оқыту керек. Біздің қытайдан үйренеріміз көп. Әлемнің екінші экономикасына айналған алып көршіміздің жетістігінің негізгі құралы болған Конфуций идеологиясынан аларымыз көп. Міне осындай ұлы ойшылды қалай іздемейсің?! Біз іздедік, қытайдағы ауыл шаруашылық техникаларын шығаратын алып завод SHIPENG басшылары тапсырма беріп, мамандары бізді Конфуций еліне алып барды. Бұл Цюйфу қаласы еді, қаланың 650 мың тұрғыны бар. Қала «ААААА» деген таңбалы, ең танымал туристік қала мәртебесіне ие. Күніне мыңдаған, ал жаз күндері он мыңдаған адам дүниенің төрт тарабынан осында ағылады.

Конфуций данышпанның мовзолейі 200 гектар жерді алып жатыр.

Мәңгілік мекені де осында. Сол 2,5 мың жылдан бастап айтқан ойлары қағазға қатталып, том-том кітап болған. Ең ірі ойшыл дәрежесіне жеткен 73 шәкірті болыпты, мыңдаған шәкірттері тағы бар. Қытайдың мен деген императорлары Конфуцийге арнап осында арнайы алып қақпалар орнатқан. Ондай қақпа саны 30-ға жететін көрінеді. Құбылай ханның да осы ұлы данышпан Конфуцийге арнап салдырған қақпасын, ондағы қатар тұрған үш құлыптасын көрдік. Құлыптасының биіктігі 3 метрдей. Сол күйі тұр. Екі құлыптасы ескіше, бізге таныс емес хәріппен жазылған жазуға толып тұр. Біреуі қытай иероглифімен жазылған. Оқи алмадық әрине. Ұлы ойшылдың қабірінің басына барып, басымызды иіп, құрмет көрсеттік!

Кезінде, 66 жылдары қытайда мәдени төңкерістер болғанда біраз жәдігерлер бүлдірілген екен, оларды қайта жөндеп, орнына келтіріліпті.

Конфуций өлім, өлімнен кейінгі өмір туралы сұрағандарға «біз мына өмір туралы өте аз білеміз, өлім туралы біз не білеміз?» деген екен. Конфуцийді осы өмірді қалай дұрыс сүру керек деген ой терең толғандырса керек.

Қазақша Конфуцийді Құң Сызы деп те атайды. Құң Сызы - өмір туралы, адам болу туралы, ұлт, ел болу туралы, мемлекетке қызмет ету туралы, елге қалай басшылық ету туралы 2,5 мың жыл бұрын ой толғаған, кітап жазған, шәкірт тәрбиелеген, университет дәрежесіндегі оқу орнын ашқан ғұлама ғалым, данышпан, мұғалім, ұстаз! Бір қызығы осы Цюйфу қаласында адамдар өздері танымайтын адамдарға, әрі Құң Сызының басына құрмет көрсетуге келген қонақтардың барлығына «ұстаз» деп сөйлейді екен. Бізге де қайта-қайта «ұстаз» деп сөз қатып жатты. Қытайлықтардың Құң Сызы ұстаздарына құрметінің ерекше екенін көріп, біз де Әл-Фарабиге, Қожа Ахмет Ясауиге, Абайға құрметімізді көсетудің ұлтымызға тән бір әдемі үлгісін жасасақ деген ой түйдік.

Кұң Сызы ілімін басшылыққа алған елдердің (Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея) ерекше дамып кеткендігі, адамдарының еңбекке ұмтылысының жоғары болуы, үлкендерді сыйлау, әке мен анасын ерекше құрметтеу, өткен бабаларының рухына тағзым етуі, мемлекетке қызмет етуде ерекше адалдық танытуы да бізді ойландыруы тиіс.

Сонымен, Қытайға барып елімнің ауылдағы шаруа-дихандарына, кәсіпкерлеріне жарамды, сапалы, қолжетімді техника іздедім. Оны таптым, ол – SHIPENG техникалары әрине. Ал жұртымызға ілім, білім іздегенде де тек батысқа қарай бермей, шығысқа да ерекше назар салу керек екенін сезіндім. Оның қайнар көзі, әрине, Құн Сызы (Конфуций) философиясы!

Әбдімүтәліп Көбей,

кәсіпкер, Қазығұрт ауданы.

Пікір қалдырыңыз: