Жеңімпаздар облыстық байқауға жолдама алды

Мәдениет және өнер

Жариялаған: admin | Уақыты: 2024-10-14 15:25:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 9


Жеңімпаздар облыстық байқауға жолдама алды

Мақтаарал ауданы білім бөліміне қарасты әдістемелік кабинетінің жылдық жоспары аясында «Мақтаарал» мектеп-гимназиясының базасында республикалық «Ақберен» байқауының аудандық кезеңі өткізілді. Бұл байқау Қазақстанның дарынды және шығармашыл жас ұрпағын анықтап, оларға қолдау көрсетуді көздейтін маңызды шаралардың бірі болды.

 «Ақберен» байқауының басты мақсаты – 8-11 сынып оқушыларының гуманитарлық-эстетикалық ғылымдар саласындағы шығармашылық қабілеттерін анықтау және дамыту. Байқау қатысушыларының арасынан әдебиетке, өлең жазуға, тапқырлық пен шешендік өнерге деген дарындылығын көрсеткен оқушылар таңдалып, оларға кәсіптік қызметін таңдауға мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ байқау аясында ұлттық аспаптарда ойнай білетін дарынды жастар да танылды.

Байқау нәтижесінде жеңімпаз атанған оқушылар облыстық кезеңге жолдама алды. Төменде жеңімпаздардың тізімі берілген:

    Шешендік, білгірлік сайысы – Абай атындағы жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Мамедова Амина;

  Көркемсөз оқу бағыты – «Береке» мектебінің оқушысы Махмут Азат;

  Эссе жазу бағыты – С.Датұлы мектебінің оқушысы Сұлтан Айзада;

 Ұлттық аспапта өнер көрсету – «Үлгілі» мектебінің оқушысы;

 Ақындар айтысы – Ж.Нұрлыбаев атындағы №49 жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Төлеген Өстемір;

Ақындар мүшәйрасы – «Бірлік» жалпы білім беретін мектебінің оқушысы А.Рахматуллаева.

Осы оқушылар енді Мақтаарал ауданының атынан облыстық кезеңде өнер көрсетіп, өздерінің шығармашылық қабілеттерін әрі қарай шыңдайтын болады.

 «Ақберен» байқауы жас таланттарды қолдап, олардың шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған. Бұл байқау арқылы Мақтаарал ауданының дарынды жастары анықталып, олардың эстетикалық, шешендік, ақындық, ұлттық өнерге бейімділігі қолдау табады. Байқауға қатысқан оқушылар өз дарындарын көрсетіп қана қоймай, ұлттық құндылықтар мен мәдениетті дәріптеу мақсатында ерекше өнерлерін ортаға салды.

Мақтаарал ауданының мәртебесін асқақтатып, облыстық кезеңде ауданның атын лайықты қорғауға ниетті жас қырандарымызға сәттілік тілейміз. Олардың шығармашылық жолы жарқын болсын!

Пікір қалдырыңыз: