Жариялаған: admin | Уақыты: 2024-10-20 10:45:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 77
Мән-жай
Бірден айтайық, ресми Ташкент бұл іске тиым салды. Заңмен бекітіп, кімде-кімнің баласы төртаяқтап жүретін болса ата-анасы айыппұл төлейтінін ескертуде. Ал бізде ше? Алдымен мәселенің мән-жайын тарқатып алайық. Сонымен...
Біздің елге батыстан келді деп жүрген квадробика деген әдет біраз жұртты әлден-ақ елітіп, әуестендіріп барады. Тіпті сырттан келген жат әдетті әдейілеп насихаттап (немесе білместіктен) ұл-қызына аң-құстың маскасын кигізіп, жасанды жүннен құйрық байлап, жануардың киімін тіккізіп киіндіруге көшкен. Бұл-бұл ма, әлгі еліктегіш ұл-қыз көшеде тіпті төрт аяқтап, аң-құсша жүруді ермек етіп алды. Мұндай тосын мінезге әсіресе 7-14 жас аралығындағы балақайлар мен жасөспірімдер бой алдыруда. «Украина, Ресей жеткіншектері осылай желпініп жүр» деген ақпарат әлеуметтік желі беттерінде желдей есіп тұр. Еліктегіш, өтпелі кезеңдегі «өзім білемін» деген мінез-құлық жастардың адасуына да ықпал ететін шағы.
Психолог мамандар егер ұл-қызыңыздан осындай тосын әуестікті байқасаңыз мұндай қадамға баруының себеп-салдарын асықпай сұрап, мұнысы жәй 1-2 күндік еліктеу ме әлде әдетке айналдыратын «өмір салты» ма екенін анықтап алуға кеңес береді. Ал егер, бала төрт аяқтап жүруді «мақсат» етіп алса, отбасында оның жүріп-тұруында қолайсыздықтың белгілері болса, онда бұл өзгерістерге себеп болған баланың жағдайын түсіну үшін міндетті түрде мамандардың көмегіне жүгіну керек дейді. Себебі, психикасы уланған адамды ол «әлемнен» «құрбандықсыз» шығарып алу кез-келген ата-ананың қолынан келмейді.
«Квадровер аталатын бұл жаңа трендпен жасөспірімдердің мысық, түлкі, сілеусін боп киініп, көгалдарда, саябақтарда төрт аяқтап секіріп жүруіне таң қалып қана қоймай, қоғам тез арада қатаң шара көруі қажет». Елімізде Парламент депутаттарынан бастап, қоғам белсенділері осылай деп дабыл қаға бастады. Ал Өзбекстан әңгімеміздің әлқиссасында айтқанымыздай «Квадробинг» субмәдениетін ұстанатын балалардың ата-аналарына айыппұл салуға кірісті. Себебі көрші елде мақұлық болып киініп алып, құқық бұзушылық фактісі тіркелген. Яғни, қазанның 11-і күні өзін ит ретінде көрсеткен «квадробер» қасындағы балаға шабуыл жасап, қатты қорқытқан.
«Бұл жағдайлар қоғамдық орындардағы тәртіпке қайшы, сондықтан мұндайға мүлдем жол берілмейді. Мамандардың пікірінше, «квадробика» баланың жануарлардың агрессивті әрекеттерін қайталап, өзіне және айналасындағыларға зақым келтіруі мүмкін. Бұл субмәдениет баланың әлі толық қалыптаспаған психикасының бұзылуына әрі қоғамнан оқшаулануына себеп болуы мүмкін» деп дабыл қаққан өзбекстандық қоғам белсенділері тез арада кінәлі тарапты заңдық жауапкершілікке тартуды талап ектен.
Еліктегіш жастар жан-жануардың қылығын қайталап әуре. Бұл біздің елде де белең алуда.
Кей сарапшылар «квадробика – аэробика элементтері араласқан бейресми спорт түрі» дегенді алға тартуда. Мұның аты шамада 16 жыл бұрын шыға бастапты. Жапондық спринтер Кеничи Ито төрт аяқтап жүз метрді 18,58 секундта жүгіріп өтіп, рекорд орнатады. Екі жыл бұрын америкалық Колин Маклюр қашықтықты одан да жылдам жүгіріп өтеді. Осылайша оларға еліктегендер ел-елден, жер-жерден табыла кеткен.
Әрине, егер төртаяқтап жүруге, аң-құстың киімін киіп алуды әдетке айналдырмаса, 1-2 күндік еліктеу анау айтты қауіпті бола қоймасы анық. Ал, егер, әдетке айналдырса баланың психикасына зор кері әсері бар. Психолог мамандар өмір салтына айналдыру әдеті қауіпті екенін айтады.
Айтпақшы, квадробикаға тыйым салуды ресейлік депутаттар да ұсынуда. Ресейлік сенатор Н. Косихина квадробер субмәдениетіне өз елінің аумағында тыйым салуды ұсынған. Оның айтуынша, квадроберлерік психиканы зақымдайды және қайғылы жағдайға ұрындыруы мүмкін.