Черчесов Қазақстан футболының бағын жаға ала ма?

Спорт

Жариялаған: admin | Уақыты: 2024-11-05 08:19:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 16


Черчесов Қазақстан футболының бағын жаға ала ма?


Футбол әлемдегі №1 спорт саналады. Осы ойын арқылы ішкі және сыртқы туризмді де дамытуға мүмкіндік мол. Фанаттар сол үшін қаладан қалаға бару былай тұрсын, мемлекеттерді аралап кетуге дайын. Оған соңғы бір жылда Америкалық «Интер Майами» командасының ойыны дәлел бола алады. Бұрын көш соңында жүрген команда Лионель Мессидің командаға қосылуымен суытылған сәйгүліктей суырылып алға шықты. Өткен жылы команда өз тарихында алғаш рет Америка лигасының жеңімпазы болса, биыл алғаш рет МЛС чемпионы атанып отыр. Ал жанкүйерлердің стадионға баруы бір жылда бірнеше есеге артқан. Оны айтасыз, Мессидің арқасында МЛС лигалар арасында жанкүйер көп баратын алғашқы үштіктер қатарына қосылды.

Бізде ше? Бір кездері жақсы ойын өрнегін көрсете білген «Қайрат» командасының құрылғанына 60 жыл уақыт өтсе де оған қарағанда 6 жыл бұрын тұсауы кесілген «Интер Майами» командасы әлемге танымал болып үлгерді. Себебі олар «жеті рет өлшеп, бір кесіп» барып жақсы ойыншыларды, білікті бапкерлерді шақырады. Кез келген ойыншымен, бапкермен жасалған келісім шартты тиынына дейін жариялы түрде көрсетеді. Ал бізде бәрі құпия. Құпия бар жерде жемқорлықтың тамыр жаю ықтималдығы жоғары. Салдарынан сүреңсіз ойын болады. Ұлттық құрама 4 ойында қарсыластарының кақпасына бір доп та сала алмай, масқара болғаны осының айғағы іспетті.

Балық басынан шіриді демекші, мәселенің барлығы басшыны дұрыс таңдамаудан басталады. Мәселен, біз ұлттық құрмаға бас бапкер етіп Станислав Черчесовты шақырдық. Таңдаудың дұрыс болмағанына дәлел жеткілікті. С.Черчесов жайлы дерек жинағандар ол бапкерлік жасаған бірде бір команданы халықаралық дәрежедегі жетістікке жеткізбегенін айтады. 2018 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатында ол алаң иесі бола тұра Ресей құрамасын ширек финалдан әріге апаруға қауқары жетпеді. Топтық кездесуде Уругвайдан ойсырай ұтылып, масқара болды емес пе? Енді, міне, оның бапкерлігімен алаңға шыққан Қазақстан құрамасы ұлттар Лигасында төрт ойыннан кейін бар болғаны бір ұпай жинап, 0:8 гол айырмашылығымен көш соңында қалғаны өкінішті.

Sports.kz интернет-порталы С.Черчесовтың бұрынғы командаларының бас бапкерлігі лауазымынан босатылу себептерін саралап шығыпты. Ресейлік маман жаттықтыру мансабын 2004 жылы Австриядағы «Куфштайн» клубында бастаған. Одан кейін «Вакке-Тироль» командасына бапкер болады. Өзінің жартылай отанында, яғни «Тирольде» (онда ойыншы ретінде 7 жыл доп қуған) Черчесов сәттілікке жете алмаған. Команда төменгі лигаға түсу қаупіне душар болғандықтан жұмыстан босатылды. Содан кейін ол Ресейге қоныс аударып, Мәскеудің «Спартак» командасын жаттықтыруға кіріседі. Команда 2006 жылы чемпиондықтан үміткер болады. Бірақ Черчесов команданың көшбасшы ойыншысы Дмитрий Торбинскийді алаңнан шығарып тастайды. Бұл шешім командаға кері әсер етіп, «Сатурнмен» өткен ойын 0:0 есебімен тең аяқталды. Ал «Спартактың» негізгі қарсыласы «Зенит» командасына есе жіберіп алады. «Спартактың» пресс-атташесі Владимир Шевченко бұл туралы: «Сен оған айқайла, айыппұл сал, бірақ команданың ең үздік ойыншысын басты кездесуге алып бар. Бұл футболдағы ең ақымақ шешімдердің бірі болды», – деп өкінішін айтқан. Келесі жылы «Спартактың» жағдайы одан да нашарлап, екі ірі жеңілістен кейін Черчесов клубтан босатылған.

Черчесовтың мансабында Грозныйдағы «Терек» клубында да (2011-2013) жағымсыз жағдай болды. Сол кезде келісім шартты ұзарту мәселесі соңғы турда шешілді. Клуб еурокубоктардан шет қалғанда Рамзан Кадыров әлеуметтік желілерде: «Мен «Терек» футбол клубының құрметті президенті ретінде Черчесовты жақсы бапкер ретінде санаймын, бірақ ол тактикалық қателіктер жіберді. Станислав Саламович команданы жеңіске жетелей алмады», – депті.

Черчесов Мәскеудің «Динамо» клубын жетекшелігіне алғанда да нәтижелі жұмыс көрсете алмады. 2015 жылы Черчесов Польшаға кетіп, «Легияны» жаттықтырды. Ол командамен кубок және чемпионатты жеңіп алды, бірақ клуб онымен жұмысын жалғастырудан бас тартты. «Легияда» команданың ойын стилі қызықсыз деп саналды. Ол кезде «Легия» Польшадағы үздік команда болатұғын.

Кейін Черчесов Ресей ұлттық құрамасымен 1/4 финалға шықты. Бірақ, шын мәнінде, оның жеңіс пайызы тек 43,9 пайыз болды. Бұл Ресей футбол тарихындағы ең нашар көрсеткіштердің бірі. Евро-2020-да командада сәтсіздік болғандықтан, Черчесов жұмыстан босатылды. Сосын Черчесов Венгрияға барып, «Ференцварошпен» сәтті жұмыс істеп, екі рет чемпион атанды, бірақ 2023 жылы чемпиондар лигасының бірінші кезеңінде 0:3 есебімен «Клаксвикке» есе жіберіп, жұмыстан босатылды.

Енді Черчесов Қазақстанда. Бірақ әлі де күтілетін нәтиже беймәлім. Өздеріңіз куә болғандай, ешқандай команданың бағын жаға алмаған Станислав Черчесов қазір біздің ұлттық құраманы жаттықтыруда. Сонда біз командамыздың тағдырын кімге сеніп тапсырып отырмыз? Черчесов Қазақстан командасын ұшпаққа шығара ала ма? Футбол құпиясын түсінетін жанкүйерлер бұған сене қоймас. Дәл осындай таңдаумен, осындай іс-әрекеттермен Қазақстан футболы ешқашан да әлемдік додаларға ілесе алмақ емес.  

Ұлықбек ҮМБЕТ.

 

Пікір қалдырыңыз: