Жариялаған: admin | Уақыты: 2024-11-10 14:55:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 8
Өткен аптада немеремнің сынып жетекшісімен сөйлесуге мектепке бардым. Сөйлестік, немеремнің сабағы, тәртібі туралы пікір алмастық. Оқушыларға балалар баспасөзіне («Ұлан», «Ақжелкен», «Балдырған», «Айгөлек») жазылу туралы айтуын сұрадым. Сынып жетекшісі бірден «Біз олай айта алмаймыз, газетке жазылу туралы тапсырма беруге болмайды» деп айтты.
Мен тапсырма беруге болмаса да, газет оқудың маңыздылығы, газет-журналдардан да оқу-білімге қажетті материалдар табуға болатындығы жайлы ескертіп, жол табуға болатынын айттым. Бірақ сынып жетекшісі айтқанынан қайтпады. Осылайша бұл ұсынысым өтпеді. Сынып жетекшісінің «Біз газетке жазылу туралы айта алмаймыз» деген сөзі «Кітап сатып алмаңдар!» деп айтқандай әсер етті. Бұл қалай болғаны?
Балалар әдеби кітап оқымайды дегенді жиі естиміз. Бұған кім кінәлі? Әрине, газетке жазылу туралы айта алмайтын, газет оқудың маңызын, оның тәрбиелік мәнін түсінбейтін мұғалімдер кінәлі. Газетке жазылу туралы мұғалім айтпаса, кім айтады?! Меніңше бұған оқушыға не керек екенін түсінбеген реформа жасаушылар кінәлі. Оқушыға «былай айтуға болмайды, олай етуге тыйым салынады, ананы ал, мынаны алма» деген түсініксіз тыйымдар мен тапсырмалар кінәлі. Мұғалімдер де осындай қорқытып, үркітетін тапсырмалардан ығыр болған шығар. Мен солай ойлаймын. Мектепте «Бізде бәрі жақсы» деген мәлімет беру сәнге айналды. Білім саласы оқушы жағдайын, тәрбие ісін, сабақ беру әдісін жақсы білетін министрге жарымай-ақ қойды.
Қазіргі «Ұлан» газетінің таралым саны 3600-дай екен. Газет сайтында 4-5 мың таралыммен шығады деп көрсетіліпті. Тым аз. Қазақстандағы мектептер санына да жетпейді. Әрбір мектеп өз кітапханаларына бір газеттен жазылғанның өзінде де газет таралымын арттыруға болады. Ал әр сынып бір газеттен жазылса, газет таралымы бұдан 10-15 есе көбейеді. Саны артқан басылымның сапасы да көтеріліп, балаларды рухани азық болар дүниелермен сусындататынына сенімдімін.
Мұғалімдерге оқушылардың ата-аналарына балаларға арналған басылымдарға жазылу туралы айтып жатса кім қой дейді? Елімізде 6-17 жас аралығында төрт миллионға жуық оқушы бар екен. Бір кем дүние!
Бекмырза Сырымбетұлы,
қоғам белсендісі.