Ауру – астан...

Мәселе

Жариялаған: admin | Уақыты: 2024-11-11 15:42:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 8


 Ауру – астан...

     Ал біздің балалар не жеп жүр?

Ауру - астан деп атам қазақ біліп айтқан. Өкінішке қарай, бұл сөзге мән бермейтін болдық. Дүкенде ағзаға, әсіресе, жас баланың ағзасына аса зиян өнімдер көптеп сатылуда. Тіпті, сақтау мерзімі өткен өнімдер де сөре толтырып тұр. Қоғам болғасын ол өнімдердің зиян-пайдасына көңіл бөлмей, тәтті екен деп талғаусыз ала беретіндер аз емес. Бұған Үкімет араласып, өнімнің сапасына көңіл бөлетін, зиянды тағамдардың сатылуына тыйым салатын уақыт жетті.

«Өзге пікір» газеті бұл мәселені жиі қаузап келеді. Оқырманның есінде болса газетіміздің 38 нөмірінде «Ішкеніміз – ірің, жегеніміз – желім» деген тақырыппен мақала жазғанбыз. Онда Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясының инспекторлары Өзбекстаннан әкелінген шабдалы партиясынан карантиндік зиянкес – шығыс жеміс жемірін (Grapholita molesta Busck) анықтағанын айтқан едік. Өкінішке қарай, осы олқылық жайы жабулы қазан күйінде қалды. Оған жол бергендерге қандай шара көрілгенінен де бейхабармыз. Осыдан кейін мұндай келеңсіздіктер қалай тоқтауы мүмкін? Керісінше халықтың денсаулығына зиян тигізуден қорықпағандарды жариялы түрде жауапкершілікке тарту керек еді. Өзгелерге сабақ болуы үшін.

Басқа елдер шекарадан өткен сапасыз өнімдерге қатысты қандай харекет жасап жатыр? Қазақстан шекарасынан сырттан сапасыз тауарлар өткені секілді бізден де сапасыз өнімдер сыртқа шығып жатыр. Мәселен, жуырда ресейлік «Россельхознадзор» осы жылдың 7 қазанынан бастап жаңа піскен қазақстандық қауынға фитосанитариялық сертификаттар беруді тоқтата тұруды сұраған. Тиісті өтінішті Ресей ведомствосы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің АӨК мемлекеттік инспекция комитетіне жолдапты. «Шешім өткен және ағымдағы жылдары Ресейге келіп түскен қазақстандық қауындарда карантиндік объект – қауын шыбынының бірнеше рет анықталуына байланысты және Ресейдің фитосанитарлық әл-ауқатын сақтау мақсатында қабылданды», – делінген «Россельхознадзордың» мәлімдемесінде. Сонда дейміз ғой, ресейліктерге жеуге болмайтын шабдалы мен қауынды біз талғаусыз талғажау етіп жүрміз бе? Оған тыйым салған ешкім жоқ. Сонда ресейлік санитарларды алаңдатқан мәселе біз үшін қалыпты ахуал болғаны ма? Әлде біздегі өнім сапасын бақылайтын орган қыстағы аюдай қалың ұйқыда жатыр ма? Осыдан кейін Президент ұдайы айтып жүрген дені сау ұлтты қалыптастыру қиял ғана болып қалмай ма? 

Тағы бір мәселе. Бүгінде сөрелерді толтырып тұрған шұжық өнімдерінің барлығында дерлік халал өнім екенін көрсететін арнайы белгілер бар. Алайда, ҚМДБ-ның халал өнімдерге лицензия беретін бөлімнің сайтына кіріп, тексеріп көретін болсаңыз сол шұжық өнімдерінің көпшілігі арнайы тексеруден өтіп, «Халал» сертификатын алмаған. Сонда бұл тұтынушыларды көрер көзге алдап тұрғаны ғой. Мұны, тіпті, халыққа қарсы жасалған қылмыс деп есептеуге де болады. Халал емес шұжық өнімдеріне деген күдік-күмән өте көп. Олар жайлы ойланғанда ауылдарда арам өлген малдың етін шұжық өндіретіндердің төмен бағаға сатып алып кеткен оқиғалар еске түседі. Ал, шұжық дайындап жатқан цехтардағы антисанитария, жорғалап жүрген атжалман, егеуқұйрықтарды ет турағыш турап жатқан бейнежазуларды көргенде жүрек айниды.

Шұжықтан өзге сатылымда адам ағзасына зиянды кириешки, чипсы, газды, энергетикалық сусындар секілді заттар өте көп. Ол тағамдардың зияндылығы жайлы қаншама бейнежазулар әлеуметтік желіде желдей ескенімен, оны назарға алатын, тыйым жасайтын пенде жоқ. Сол үшін өз денсаулығымызға өзіміздің жанымыз ашып, тағамды талғаммен тұтынуды үйренгеніміз жөн. Неге десеңіз, төмендегі ғалымдардың пікіріне құлақ түріп көріңіз. «Жуырда АҚШ ғалымдары болашақ ұрпақ үшін ең зиянды тағамды анықтау мақсатында арнайы зерттеу жүргізді. Зерттеу барысында белгілі болғандай, балаларға жедел даярланатын тағамдар, соның ішінде қуырылған тауық, картофельді фри, чизбургер, чипстер, смузи, ет консервлері мен шұжықтар, маргарин, тәтті тоқаштар, кофе мен энергетикалық сусындар, жылдам дайын болатын сорпалар, йогурт пен балмұздақ, кетчуп пен майонез, хот-дог, попкорн және басқа да осы тектес тағамдар өте зиянды екені анықталды. Оған қоса құрамында тәттілігі жоғары кәмпит, шоколадтарды да балаларға мөлшермен беру керек». Ғаламторға назар салғандар осылардың әрбірінің зияны туралы толығырақ таныса алады. Тіпті осы тағамдардың кейбірінің құрамында қауіпті құрт барын микроскоппен көрсетіп, «қатерлі ісік қайдан шығады дейсіңдер?» деп сұрақ қояды. Міне, қазіргі кезде жаман ауру және басқа да қауіпті ауралар неге көбейіп кетті деген сауалдың жауабын осы жайттардан іздеуге болады. Сонда біздің балалар қазір не жеп жүр? Байқасаңыздар қазіргі жас жеткіншектердің арасында құйрық майы, ет, әсіп, қуырылған ішек-қарын деген секілді ағзаға ең пайдалы тағамдарды мүлдем жемейді. Табаққа тартылған қойдың басын көрсе мұрнын жауып орнынан тұра қашады. Қойдың сирағы дастархан мәзірінен бұлбұл ұшқалы қа-а-шан. Сүйек кемірмегендіктен тістері қисық өсіп, оны брекет арқылы туралап жүрген жастарды көп кездестіруге болады. Айта берсек, мұндай мысалдарды тауысу қиын.

Ата заңымызда мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі екені тайға таңба басылғандай анық жазылып тұр. Алайда, сол ең қымбат қазынаның саулығын ойлап, жар құлағы жастыққа тимей шапқылап жүрген шенеуніктерді көрмейміз. Ұлт саулығы дегенде «күл болмаса бұл болсын» деген көзқарас сезіледі. Біле білсек, халықтың, әрбір азаматтың денсаулығы мен өмірін сақтау, бостандығы мен құқын қорғау мемлекеттің тікелей міндеті емес пе? Конституция осылай дейді, ал шынайы жағдай мүлдем кереғар. Үкімет ұлт саулығына айрықша көңіл бөліп, жұрттың ішіп-жеміне бақылау жасамаса ертең еңбекке қауқарсыз, елін, жерін, отанын қорғай алмайтын әлсіз, бала табуға қауқарсыз әлжуаз ұрпақ қалыптасары анық. Ал бұл тұтас халықтың, ұлттың жойылуына жол бастайтын қасірет. Қасіреттің алдын алу үшін денсаулыққа жауапты құзырлы органдар қырағы жұмыс істеуді бүгіннен бастағаны жөн.

Ағзаға зиянды тағамдар тұтынылмас үшін олар сатылмауы тиіс. Сатылмау үшін тиісті орган тарапынан қатаң бақылау қажет. Ол үшін әр шенеуніктің түп санасында, көкейінде «әр адам менің жалғызым» деген көзқарас, жанашырлық, патриоттық сезім керек. Бұрын «Үкімет өлтірмейді» деген сенім болушы еді, қазір өз-өзіңді, өз отбасыңды өзің қорғамасаң, өзгеден жанашырлық күту – өзіңді өлтірумен тең.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Пікір қалдырыңыз: