ШЫМКЕНТІМ АЙНАЛАЙЫН ЕКЕН ҒОЙ

Мәселе

Жариялаған: admin | Уақыты: 2024-11-05 15:30:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 9


 ШЫМКЕНТІМ АЙНАЛАЙЫН ЕКЕН ҒОЙ


Жуырда Қарағанды мен Қостанай облыстарына сапарлатып барып қайттым. Нақтырақ айтсам, Теміртау мен Рудный қалаларында болдым. Екеуі де еліміздегі ең ірі кәсіпорындар шоғырланған қала. Теміртау - аты айтып тұрғандай металлургтер қаласы, көмірі тағы бар. Ал Рудный - бүгінгі таңда бүкіл әлемге құймалы темірімен аты шығып тұр. Осы қос қалада инфрақұрылым дамымаған десем біреуге шын, біреуге өтірік болуы мүмкін.

Тұрғындар талап етпей ме, әлде әкімдері жұмыс істемей ме, әйтеуір көше лас, жол ойдым-шойдым. Маңдайшаға ілінген мемлекеттік рәміздер жыртылып тұрса да ешкімнің шаруасы жоқ. Жол демекші, қала шағын болғанымен, көлік жүретін көшелер Шымкентпен салыстырғанда кең. Бірақ қала ішіндегі, қалаға жапсарлас жатқан елді мекендердегі жолдардың жағдайы тіпті нашар. Асфальт былай тұрсын, тас төселмегендіктен жаңбырлы күндері лай кешуге тура келеді екен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі  «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деп атаған Жолдауында: «Автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керек. Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр. Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек», – деп тапсырғаны белгілі. Міне осы тапсырма Қостанай мен Қарағанды облысының аталған қос қаласында жаңғырық күйінде қалып қойған сыңайлы.

Біз 3 қараша күні Рудный қаласына қарайтын Горняцк кентінде болдық. Ол күні жаңбыр жаумаған. Дейтұрғанмен бірнеше күн бұрынғы жауынның өзінен жаяу жүріп болмайтындай жағдайда еді. Дәл кент әкімдігінің төңірегі лай-батпақ, әкімдікке кіріп шықпақ болғанда көлігіміз лайға кептеліп, жаяу жүргенде киіміміз әбден былғанды. Әкімдікке апаратын негізгі көше жайы осындай болғанда басқа көшелер туралы айтпай-ақ қоялық. Горняцк пен Рудныйды байланыстыратын қысқа жол да шұрық тесік. Көліктің жылдамдығын сағатына 20-30 шақырымнан асыру мүмкін емес. Сол жағдайды қала мен облыс әкімдігі білмейді, көрмейді дегенге басқаны қайдам, біз сене алмадық.

Жиі барып тұратындықтан кеншілер қаласы атанған - Теміртауда да жолдардың күйі қандай екенін білеміз. Сонда бұл қалаларда тұрғындар әкімдермен кездесуде қандай мәселе көтереді деген сұрақ туындайды. Әлде Президенттің ауыл, аудан, қала, облыс әкімдері әр алты ай сайын тұрғындар алдында есеп беріп тұруы керек деген тапсырмасы бұл өңірлерде орындалмай қалып жатыр ма?

Қазақта «Халық сұраса хан түйесін сояды» деген мәтел бар. Ал Теміртау мен Рудныйда қала басшылары халықтың сұранысына, мұң-мұқтажына немқұрайды қарайтын болғаны ма? Көше атауларын өзгерту бұлар үшін шешімі жоқ қиын мәселе секілді. Оған кейінірек тағы тоқталармыз. Аталған екі қаладағы жағдайды көргеннен кейін бізге «Шымкентім айналайын екен ғой» деген ой келді. Бізде әкімге ойыңды ашық айтуға болады, тіпті, сын садағына алуға да мүмкіндік бар. Соның арқасында мін де түзеліп, мегаполисіміз жылдан жылға даму үстінде. Теміртау мен Рудныйға да осындай ашықтық керек секілді.

Балқы БАЗАР.

 

 

Пікір қалдырыңыз: