Дарақылықпен, ысырапшылдықпен байымаймыз

Мәселе

Жариялаған: admin | Уақыты: 2024-11-18 18:07:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 85


Дарақылықпен, ысырапшылдықпен байымаймыз


Жеріміздің асты-үсті байлыққа толы. Сондықтан әр қазақ бай болуы керек деген ұстаным бар. Солай бола тұрса да барлығы бірдей шекесі шылқып, байлықтан басы айналып жүрген жоқ. Белгілі бір топтың өкілдері болмаса, қарапайым халықтың дені күнкөріс қамымен жүр.

Әрине, қазақтардың осы кезге дейін байып кетпеуіне әсер еткен себептер де жоқ емес. Кемшілікті өзгеден емес өзімізден іздеген жөн. Менің қателесуім мүмкін, дегенмен қандастарымыздың бақуат ғұмыр кеше алмауының бір себебі – дарақылыққа айналған той-томалаққа байланысты деп ойлаймын. Шектен шыққан дарақылық біздің күйімізді ғана емес, мәдениетімізді де алға жылжытпай отыр. Бұрын отбасылық қуаныштар өз үйінде, өз әулетінде ғана қарапайым тойланатын. Шілдехана мен бесік тойға санаулы ғана әйелдер баратын. Бала сүндеттелсе құран оқытылып, кішігірім ас берілумен шектелетін. Қазір ше? Бала сүндеттелсе де, бесік той болса да, тіпті, бұрын-соңды атауын естімеген жаңаша тойларды ойлап тауып, оған сөзі жеткеннің барлығын шақыратын болдық. Соған сай сән-салтанаты бір-бірінен асатын небір тойханалар бой көтерді. Тіпті, олардан аяқ алып жүре алмайсың. Бұл қалтасы көтеретін, мүмкіндігі барларға оңтайлы шығар, ал «аттыға еремін деп жаяудың таңы айырылыпты» демекші, бай-бағландарға ілесемін деп қаншама қарапайым жан қарызға белшесінен батып, бір күндік дарақылық үшін бүкіл өмірін қиындатып жүргендер қаншама.

Салт-дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Озығын алып, тозығын таяп қою керек. Қазір құдалыққа 20 адамнан кем барса ұят болады екен. Онда да бұрынғыдай бірінші қара шаңырақта емес, тойханада кездескендіктен кейін есік көруге тағы осынша адам шұбырып келеді. Жуырда бір танысымыздың бесік тойына көрші ауылдан еркек-әйелі аралас 2 автобус адам келді. Осы дұрыс па енді? Әрине, қуанышты тойлаған, қонақ күткен жақсы, алайда, дарақылыққа, ысырапқа жол беруіміз сауап емес, күнә емес пе? Асылында, ысырапшылдықты тоқтатпай, ахуалымыз оңалмас.

Қазір мұны екінің бірі айтқанымен, тоқтатуға шамамыз жоқ. Сол себепті, тойды реттейтін арнайы заң қабылдап, оның орындалуына қатаң бақылау жасаған жөн. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы айтқандай, тәртіпке бағынған құл болмайды.

Хасен Тұрлыбеков,

Отырар ауданы.

Пікір қалдырыңыз: