2025 жлыға дейін жолдың 95 пайызы жақсаруы керек: 40 күн қалды

Мәселе

Жариялаған: admin | Уақыты: 2024-11-20 15:45:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 71


2025 жлыға дейін жолдың 95 пайызы жақсаруы керек: 40 күн қалды

«2025 жылға дейін жолдың 95 пайызы жақсаруы керек...» Президенттің осы тапсырмасы облысымызда қалай орындалуда?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуды қолға алуды қатаң тапсыруда. Айталық, Президент тапсырмасы аясында Үкімет өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Ауыл - ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасын бекітті. Осы бағдарламаны жүзеге асырудың нәтижесінде көптеген елдімекендердің әлеуметтік және инфрақұрылымдық жағдайлары оңалып, ауыл тұрғындары жағымды жағдайға куә болуда.

Алайда, орындалмай қалып жатқан тапсырмалар да жоқ емес. Мәселен, мемлекет басшысы 2022 жылы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауының «Нақты секторды дамыту» деген екінші бағдарында төмендегідей тапсырма берген болатын. «Қазақстан қазіргі геосаяси жағдайда Азия-Еуропа арасындағы аса маңызды құрлық дәлізі болып отыр. Біз бұл мүмкіндікті толық пайдаланып, әлемдік маңызы бар көлік-тасымал торабына айналуымыз керек. Еліміз осы салада ірі жобаларды жүзеге асыра бастады.

Автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керек. Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр. Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек».

Президенттің осы тапсырмасын орындау мерзімі де таяп қалды. Нәтиже қандай?

Әрине, атқарылып жатқан жұмысты түбегейлі жоққа шығаруға болмайды. Түркістан облысының жолдары сапа жағынан алғанда салыстырмалы түрде жақсы деуге болады. Дегенмен, Президент тапсырмасы толық орындалды деп айта алмаймыз. Себебі ауылдарда әліге дейін жазда шаңы аспанға көтерілген, қыста лай-батпаққа айналған топырақ жолдар бар.

Журналист болғасын жолда көп жүреміз. Облыстың барлық аудандарында жиі болып тұрамыз. Жолаушы үшін жолдың сапасы ең маңызды жайттардың бірі. Сонда байқағанымыз, ауылдық елді-мекендердің арасында жол сапасы назардан тыс қалып қойғандары аз емес. Көзбен көрген осы жайттың себебін сұрау мақсатында Түркістан облыстық автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаевқа хабарласқанымызда, ол кісі денсаулығына байланысты жұмыста емес екен. Басшының міндетін уақытша атқарушы Мейіржан Жалайыровпен хабарласуымызды өтінді. «Аудандардан алынған мәлімет бойынша қазіргі кезде ауылдардағы жолдардың 70 пайызы жақсы жағдайда. Аудан мен облыстық деңгейдегі жолға қатысты айтар болсам, жақсы деңгейдегі жолдардың көрсеткіші 93,7 пайызды құрады. Бұйыртса, Президент тапсырмасы келесі жылы толық орындалады деп айта аламыз», - дейді Мейіржан Жалайыров.

Президент Жолдаудағы тапсырмасында «ауыл, аудан, облыс жолдары» деп бөліп айтқан жоқ. Керісінше «...соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керек...» деп нақтылап айтты. Ендеше, облыстық басқармадағылардың неліктен облыс, аудан, ауыл көшелерінің жағдайын бөле-жарып айтып отырғанын түсінбедік. Десек те, аудандағылармен де сөйлесіп көрдік. Алғаш тілдескен Келес ауданының орталығы - Абай ауылының әкімі Ерғали Әбдірахманов Президенттің тапсырмасы аудан орталығында толық орындалғанын, яғни жолдың жағдайы 99 пайызға жақсарғанын айтты. Өкінішке қарай, мұндай межені бағындыра алмағандар аз емес. Сауран, Кентау, Сарыағаш, Қазығұрт және басқа да бірқатар аудандарда жағдай керемет деп айта алмаймыз. Жетісай қаласының әкімі Нұрлыбек Бақтияров пен Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Берік Мәмбетовпен байланысу мүмкін болмады. Әкімдер өз есептерінде жолдың сапасына қатысты жоғары көрсеткіштерді алға тартса, тұрғындар тарапынан керісінше жол сапасына қатысты шағым аз айтылмайды. Ол туралы алдағы уақытта тағы мәселе қозғайтын боламыз.

Қорыта айтқанда, көптеген ауданда жол тақтайдай тегіс деп айта алмаймыз. 95 пайыздық меже әзірге алыста қол бұлғайтын тәрізді. Сонда Президенттің тапсырмасы орындалмай қалса, бұған жауап беретін басшы бола ма?

Р.S. Бет қатталып жатқанда «Жетісай ситиге» апаратын жол салу мәселесімен әкімдікке барып, есігінен ене алмаған әйелдің үстіне бензин құйып, өзін өртемек болғаны жайында хабар келді. Мұның анық-қанығын алдағы уақытта арнайы журналистік зерттеу жүргізу барысында білетін боламыз.  

Ұлықбек ҮМБЕТ.

 

Пікір қалдырыңыз: