Құлшылық үйі ма, құр мақтан ба?

Дін мен дәстүр

Жариялаған: admin | Уақыты: 2024-11-20 18:15:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 75


Құлшылық үйі ма, құр мақтан ба?

 

Соңғы 20 жылда елімізде мешіттер көбейді. Әрине бұл Тәуелсіздіктің жемісі екені анық. Мешіттің ешкімді жамандыққа тәрбиелемейтіні белгілі. Сол себепті де біз кейінгі жастардың мешітке баруына қарсылық білдірмей, керісінше қолдап келеміз. Өзім денсаулығыма байланысты мешітке бара алмаймын, бірақ, Алла үйіне аяқ басқандар қатарының артқанына қуанатыным рас. Алайда...

Айтайын дегенім, Шардара ауданының Қызылқұм ауылында тұрғындар барлығы бірін-бірі таниды. Ауылымызда үлкен мешіт бар. Өкінішке қарай, соған баратын жамағат саны тым сирек. Ораза айында, әсіресе, Қадыр түнінде адам сыймай қалатын мешіт басқа кездері қаңырап бос қалады. Көбіне намаздан кейін мешіттен 15 шақырым шалғайдағы Сүткент ауылынан келіп-кететін имам Есентай Маманұлының жалғыз шыққанын байқаймын. Кей-кейде ауылдың бір-екі жігіті жамағат қатарын толықтырады. Себебін сұрағанымда көпшілігі намазды үйде оқитындарын айтады.

Өзім Шардара мен Шымкентке барғанда талай жанның намазды жамағатпен бірге оқиын деп мешітке асыға кіріп бара жатқанына куә болып жүрмін. Мешітіміз ауылдан шалғайда болса бір сәрі, дәл ортасында орналасқан, барлығының үйлеріне жақын. Ең болмағанда мешітпен жапсарлас үйде тұратындар жамағат санын көбейтсе болады ғой. Жалпы, намазды үйде және мешітте оқығанының айырмасы жөнінде имамдардан сұрағанымда: «Мешітте жамағатпен оқылған намаз жеке оқылған намаздан 27 есе сауабы көп, оның үстіне ол мұсылмандар арасындағы бірлікті нығайтады, бір-біріне деген мейірімдерін арттырады. Демек мешітте оқыған намаздың орны ерекше екені осыдан ақ түсінікті болса керек», – дейді.

Ауылымызда мешіт болмаған кезде «мешіт жоқ» дедік. Бес-алты жыл бұрын Алматыдан Асқар Сүлейев бауырымыз құрылысы бітпей қалған мешітті өз қаражаты есебінен ел игілігіне ұсынды. Енді ауылда мешіт бар, бірақ оған баратын жамағат жоқ. Сонда Алла үйі құлшылық жасау үшін емес, «ауылда мешіт бар» деген құр мақтан үшін салынды ма? Маған осы жағы түсініксіз?

Аллаға шүкір, ауылда қариялар баршылық. Оны әсіресе ораза кездері байқаймыз. Міне, осы қариялар мешіттің мәні мен сәніне айналып, кейінгі жастарға өнеге болар насихат айтып отырса керемет емес пе? Өкінішке қарай олай болмай тұр. Қария қариялығын көрсетіп, абыз атанғанға не жетсін! 

Қанат Бегалиев,

Шардара ауданы.

Пікір қалдырыңыз: