Заң солқылдақ болса, жазықсыз адам соққы жейді

Құқық

Жариялаған: admin | Уақыты: 2024-11-25 15:45:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 110


Заң солқылдақ болса, жазықсыз адам соққы жейді


«Ет сасыса тұз себеді, тұз сасыса не себеді?» демекші, қоғамдағы заңсыздықты заң түзейді, ал заңдағы кемшілікті кім түзейді?

Бұлай деп сауал тастауымызға еліміздегі болып жатқан кейбір оқиғалар себеп болуда. Соңғы кездері мектеп оқушыларының мектепке орамал тағып келу оқиғалары көпшілік тарапынан көп талқыға түсетін тақырыпқа айналды. Әрине, дінде зорлық жоқ, кім қандай наным-сеніммен өмір сүруі өз таңдауына байланысты. Өзін зайырлы деп таныған Қазақстан заңдарында оқушылардың киім үлгісіне қатысты нақты көрсетілген талап жоқ. Ал, Оқу-ағарту министрінің бұйрығы бойынша мектепке оқушы қыздардың орамал тағып келуіне тыйым салынған. Осы жерде мектеп директоры қандай қадамға баруы керек? Министрдің бұйрығын орындайын десе, шектеу қоймайтын заң одан жоғары тұр. Бұйрықты орындамайын десе, шара көріледі.

Директорлардың ұйқысын бұзып, сары уайымға салған осы мәселе талай мектеп басшысын тығырыққа тіреп жүр. Мәселен, Тараз қаласына қарасты Шөлдала елді мекенінде бір отбасы қыздарының орамал тартып баруына рұқсат бермегені үшін Алматыда көшіп кеткен. Түркістан облысында оқушы қыздардың мектепте орамал тағып отыруына жол бергені үшін директорларға шара көрілуде. «Біздің қолымызда орамал тағуға болады немесе болмайды деген нақты заң жоқ, бірақ министрдің тыйым салғаны туралы бұйрығы бар. Бұйрық заң емес қой, сол себепті орамалмен келген оқушыға мектеп басшылығы ешқандай шара көре алмайды. Мектепке кіргізбей қоюға да құқымыз жоқ. Менің бірнеше әріптесім осы мәселеге байланысты сөгіс арқалады, араларында қатаң сөгіс алғандары да бар. Сонда біз не істеуіміз керек?», – дейді екі оттың ортасында қалған, атын атаудан сескенген бір директор.

Жуырда Ақсай қаласында орамал тағып келгені үшін сабаққа жіберілмеген қыздың ата-анасы сотқа жүгінген. Дау Жоғарғы Сотқа дейін жетіп, кассациялық алқа қыздың білім алу құқы тапталуына байланысты мектеп басшылығының әрекетін заңсыз деп тапқан. Бұл әлеуметтік желіде белсенді түрде талқыланып, кейін Жоғарғы Соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Аслан Түкиев төмендегідей түсінік берді. «Арызданушы сотқа бір ғана талаппен, яғни білім беру процесіне кіргізбеуді заңсыз деп тануды және мектепке кіргізуді талап етіп арыз түсірді. Сол себепті жергілікті деңгейде де, Жоғарғы сот та осы талаптар шеңберінде істі қараған. Сот мектепке оқушының кіргізілмеуін заңсыз деп таныды, себебі Конституцияның 30-бабына сәйкес, бастауыш және орта білім міндетті. Бұл – Конституцияның базалық ережесі. Ол Конституцияның 39 бабында жазылғандай, арнайы заңмен ғана шектелуі мүмкін. Заңның өзі мектептерге оқушыларды кіргізбеу құқығын бермейді. Сол себепті сот оқушыны мектепке кіргізуге міндеттеді».

Міне, заң солқылдақ болса жазықсыз адам соққы жейді деп отырғанымыз осы. Дәл осы жағдайда директор не істеуі керек? Орамал таққан оқушыны мектепке кіргізуі керек пе, әлде кіргізбеуі керек пе? Мәселені тереңінен қозғар болсақ, мектепке қысқа юбка, тырысқан жейде киген оқушылар мен ұстаздардың да мәселесі күн тәртібіне көтерілуі керек. Шашын орамалмен жасырғандармен ғана күресіп, ашық-шашық киінгендерді назардан тыс қалдырар болсақ, талай қылмыстың орын алуына жол беріп аларымызды да ұмытпағанымыз жөн. Мектептегі жүктіліктің артуы, оқушы қыздың зорлануы секілді қылмыстарға осындай факторлардың негізгі себеп болып отырмағанына кім кепіл? Осының барлығын заңмен реттеп, бір жүйеге түсірмесе, түйіннің тарқалуы неғайбыл.

Балқы БАЗАР.

 

 

Пікір қалдырыңыз: