«Шынжыр үлгідегі байланысты үзіп алмауымыз керек»

Саясат

Жариялаған: admin | Уақыты: 2024-12-03 15:15:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 54


«Шынжыр үлгідегі байланысты үзіп алмауымыз керек»


2024 жылды тарих қойнауына тапсыратын уақыт та жақын қалды. Осыған байланысты барлық аудандар жыл бойы атқарған жұмыстарды қорытындылап, алдағы жылы іске асырылар жұмыстарды межелеп, жоспарлауға кірісіп кетті. Әрине, келесі жылы нендей жұмыстың атқарылатыны уақыт еншісінде, ал биыл жоспар толықтай іске асырылды ма? Осы сауал төңірегінде Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбаймен әңгіме өрбіткен едік.

- Қайрат Жолдыбайұлы, жыл қорытындысын шығарар сәт келген жоқ, дегенмен, осы кезге дейін атқарылған жұмыстарға шолу жасап көріңізші...

- Атқарылған жұмыс, соған сай жетістік те жоқ емес. Айталық, биылғы жылдың 10 айында ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 66,4 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 300 млн теңгеге артық орындалған. Оның ішінде ауыл шаруашылығы - 33,3 млрд, тартылған инвестиция - 23,6 млрд, сауда - 2,8 млрд, өнеркәсіп - 22 млрд, құрылыс көлемі - 8,2 млрд теңгені құрады.

Биыл ауданымызда 35 мың гектарға егін егіліп, егістік алқабынан 395 993 тонна өнім жиналды. Жыл соңына дейін сауда саласы бойынша 800 млн теңгеге екі шағын инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Ал, 2025 жылы құны 360 млн теңгені құрайтын түйе сүтін өңдеп, ұнтақ шығаратын кәсіпорын құру көзделген. Бүгінде инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Сонымен қатар, 2025-2030 жылдары құны 145 млрд 625 млн теңгені құрайтын 157 ірі және шағын инвестициялық жобаларды жүзеге асып, 1 790 адамды жұмыспен қамту жоспары бар. 2026 жылы «Жанұя» ЖШС-ның емдік балшық және жылы сумен емдеу орталығын іске қосу көзделіп отыр.

Әлеуметтік сала бойынша Шәуілдір ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында 600 орындық мектеп құрылысы жүргізілуде. Нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Аққұм ауылынан дәрігерлік амбулатория құрылысы мен Шытты ауылынан фельдшерлік-акушерлік пункттың құрылысы жүріп жатыр. Ғимараттар жыл соңына дейін ел игілігіне берілмек.

- Аудан инфрақұрылымының дамуында қандай өзгеріс бар?

- Аудандағы 37 елді мекеннің 35-і орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған. Қалған екі елді мекенді де ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізілуде. 2018-2023 жылдар аралығында 21 елді мекен табиғи газ жүйесіне қосылып, жалпы аудан халқының газбен қамтылу деңгейі 71,4 пайызға жетті. Осы жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 13,7 шақырымдық 7 ішкі көшеге, жергілікті бюджет қаржысы есебінен 34,8 шақырымдық 29 көшеге орта және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қанағаттанарлық дәрежедегі жолдар үлесі 80,1 пайызды құрап отыр. Аудан орталығы - Шәуілдір ауылы мен Мыңшұқыр елдімекені орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған. Мәселе туындамас үшін тиісті жұмыстар өз деңгейінде атқарылып жатыр.

- Үйлерді жылыту Мемлекет басшысының бақылауындағы мәселе. Отырарлықтардың қысты жаурамай өткізуіне қандай мүмкіндіктер жасалды?  

- Аудан орталығындағы 37 көп қабатты үйде тұратын 481 отбасы мен 20 мемлекеттік мекеме, сондай-ақ 68 кәсіпкерлік нысанға 21 қазаннан бастап орталық қазандықтан жылу беріле бастады. Оған дейін дайындық жұмыстары пысықталып, тексерулер жасалды. Соның арқасында ешқандай төтенше жағдай орын алған жоқ. Үйлер жылы. Оны тиісті мамандар бақылап отыр, тұрғындар көктемге қиналмай шығады деген үміттеміз.

- Биылғы жылды Президент еңбек адамдарына арнады. Еңбек туралы сөз қозғағанда аналар туралы айтпай кетуге болмайды...

- Не айтпағыңызды түсініп отырмын. Әрине, аналарымызға қандай құрмет көрсетсек те артықтық етпейді. Жуырда ғана аудандағы көпбалалы аналарды қабылдадым. Олардың өмірдегі рөлі мен жас ұрпақ тәрбиелеуде еткен еңбектерін ешқашан жоққа шығаруға болмайды. Сол үшін әрдайым құрмет көрсетіп, алғысымызды білдіреміз.

Жыл сайын Мемлекет Басшысының Жарлығымен жеті және одан артық баланы дүниеге әкелген аналар «Алтын алқа», алты баланың анасы «Күміс алқа» алқаларымен марапатталады. Осыған орай, ауданымыздағы 6 анаға «Алтын алқа» және 18 анаға «Күміс алқа» алқасын табыстадым. Бүгінде ауданда 88 батыр ана, «Алтын алқалы» 700, «Күміс алқалы» 1288 және І-ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған 150 ана бар, біз олардың ешқайсысын да назардан тыс қалдырмаймыз.

- Мәдениет саласына қатысты да мәлімет бере кетсеңіз...

- Отырар ауданы мәдениет, руханият саласында есімдері алтын әріптермен жазылған талай тұлғаларды дүниеге әкелген қасиетті мекен. Өзгесін айтпағанда бір Өзбекәлі Жәнібековтың өзі республиканың мәдениет саласына орасан зор еңбек сіңірген қайталанбас тұлға. Шәмші Қалдаяқовты танымайтын, өнерін құрметтемейтін қазақ жоқ. Біз осы көзге көріне бермейтін ұрпақтар сабақтастығындағы шынжыр үлгідегі байланысты үзіп алмауымыз керек. Осы мақсатта көптеген іс-шаралар, игі тірліктер атқарылуда. Мәселен, өткен жылы «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалінде бас жүлдені иелендік. «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында өткен керемет кеш қазақ халқының ұлы тұлғаларының бірі, Отырар есімін әлемге әйгілеген данышпан Әбу Насыр әл-Фарабиге және оның елінің мұрасына арналды. Жуырда облыс орталығы - Түркістан қаласында Отырар ауданының Құрметті азаматы, әдебиеттанушы, этнолог және өлкетанушы, Отырар аудандық Руханият - Әбу Насыр әл-Фараби музейінің негізін қалаушы Абдулла Жұмашовтың «Фараби елі» және «әл-Фарабиден бүгінге дейін» атты қос кітабының тұсаукесері өтті. Әкімдіктің қолдауымен «Шаншар» әзіл-оспақ театры жерлестеріне өз өнерлерін тарту етті. Жалпы, бізде өнерге, өнер адамдарына деген көзқарас оң, қолдау жақсы.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан М.РАЙЫМБЕК.

Пікір қалдырыңыз: