Жаңа жыл тағы да Тәуелсіздіктің алдына түсіп кетті...

Саясат

Жариялаған: admin | Уақыты: 2024-12-07 10:15:00 | Соңғы рет жаңартылған уақыты: admin on

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 52


Жаңа жыл тағы да Тәуелсіздіктің алдына түсіп кетті...

Айт айтпа, жыл сайын Жаңа жыл мерекесінің қапталында қалып кете беретін Тәуелсіздік күні жақындаса да елдің бәрі жыл жаңаруды қарсы алу дүрмегімен әуреленеді. Қазірдің өзінде ірі қалаларда жаңажылдық безендіруге бас ауырту басталған. Ең бастысы, жыл аяғы болғандықтан да игерілмеген қаржыны қарпып қалу қамы ма, әлде басқалай себебі бар ма, «Жаңа жылдық безендіруге» деген себеппен миллиондап ақшадан «шашу» шашатынымыз-ай.

Сонымен, жаңа жылға қай өңір дайындықты қалай бастап кетті? Әуелі жайлы хабардан бастасақ, Түркістан облысы «Шырша безендіруге ешқандай қаржы жұмсамаймыз» деп отыр екен. Мұны алғашында түркі жұртының түпқазығы саналатын қасиетті қалада шырша құрылмай ма деп түсінгеніміз рас. Алайда, олай емес екен. Шырша құрылады. Былтырғысын қайта орнатады. Ойыншықтары да былтырғы. Соны қайта іледі. Осылайша бюджеттен шырша тойға деп қаржы қарастырмайды. Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі берген жауап мынадай: «Қаражат бөлінбейді. Бұрынғы шыршаны жылда қолданамыз. Бізде басты мереке – Наурыз тойланады. Оның үстіне қар да жоқ. Біздің әкімдік жылда безендіруге қаражат жұмсамайды». Әп, бәрекелді дейміз!

Түркістанның ұстанымын Ақтөбе де қолдануда. Олар да «ешқандай қаржы бөлмейміз» деп отыр. Шыршатойға шашылып жатқан Астана қаласы сияқты. Биылғы жаңажылдық безендіру мен іс-шараларға деп мұнда 700 миллион теңге жұмсамақ. Астана тұрғындары мен қонақтарына арнап қаланың 6 ауданында ойын-сауық орындарына мұз айдындарын, сырғанақтар, сүйкімді шағын архитектуралық мүсіндер, фотоаймақтар орнатпақ. Осылайша 60-қа жуық орын ашылып, қыс бойы жұмыс істейді. Тұрғындар мен қонақтар қақаған қыста сейіл құрып, суретке түсіп, сол аймақтарда арқа-жарқа болысады деген жоспар бар.

Айтпақшы, шырша тойға Астанадағы аудандар да қызу дайындалуда. Қалай дейсіз бе? Ақша бөліп. Мысалы, Нұра ауданы – 79 млн, Сарыарқа ауданы – 110 млн, Алматы және Сарайшық ауданы – 165 млн, Байқоңыр ауданы – 158,8 млн, Есіл ауданы – 183,9 млн теңге бөліп, мұз айдындарын, слайдтарды, шағын архитектуралық мүсіншелерді, фотоаймақтарды және басқа да элементтерді орнату бойынша монтаждау жұмыстарын қараша айында бастап кеткен.

Алматы қаласы әкімдігі жаңа жылдық іс-шараларға нақты қанша қаржы қаралғанын әлі ашып айтпағанмен, көшелерінен байқағанымыздай, безендіру жұмыстары басталып кеткен. «Жаңа жылды мерекелеуге арналған іс-шаралар жоспары әлі жасалып жатыр. Алматыда жаңа жылдық жәрмеңке, концерт, Аяз ата мен ертегі кейіпкерлерінің шеруі, байқаулар, қойылымдар және басқа да шаралар ұйымдастырылады. Сонымен бірге театрларда, цирктерде және концерт залдарында тақырыптық қойылымдар қойылады», – депті медиаға берген ақпаратында әкімдік.

Шымкент қаласы жаңажылдық безендірулерге деп 80 миллион теңге бөлмек. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың айтуынша, бұл қаржы қаладағы 5 ауданның әрқайсысына бөлінгенде 16 миллион теңгеден түседі екен. Сонымен қатар, бұған дейін алынған, былтырғы шырша мен ойыншықтарды да қолданамыз деп отыр. Былтыр Шымкентте шыршатойға 74 миллион теңге жұмсалып, мерекелік іс-шараларға деп 36 миллион теңге бөлінген екен. «Биыл шығын одан аз» деген мамандар «алаңдауға негіз жоқ» деп көңілді демдемек.

Батыс Қазақстан облысы жаңа жылға деп 28 миллион теңге бөлген. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев журналистерге берген сұхбатында биыл жаңа жыл мерекесін өткізуге облыстық бюджеттен бөлінген 28 миллион теңгенің 7-8 миллионы ғана қалаға бөлінгенін айтты. «Былтырдан бері жаңа шырша сатып алуға тыйым салдым. Маған дейін сатып алынған жасанды шырша бар, біз соны пайдаланамыз және мерекеден кейін оны мұқият жинап қоямыз. Бөлінген ақша барлық мақсатқа, оның ішінде сыйлықтар сатып алуға жұмсалады. Бұл бюджет қаражаты екенін түсініп тұрмыз. Сондықтан оны барынша үнемдеп жұмсауға тырысамыз», – дейді Н.Төреғалиев.

Ал Ақтау шырша тойға 76 миллион теңге жұмсамақ. Қаладағы 15А шағынаудандағы «Амфитеатр» алаңына және 19А шағынаудандағы Әбіш Кекілбаев мұражайының алаңына жаңа жылдық шыршалар, безендірулер мен фото аймаққа арналған кіші сәулет формалары орнатылады екен. Сонымен қатар орталық көшелердегі бұталар мен үлкен шыршалар жарық диодты торлы гирляндамен безендіріледі. Атырау биіктігі 18 метр болатын шыршалар орнатуға, қаланың бес орталық алаңы мен көшелерін безендіруге 66,9 миллион теңгелік ашық конкурс жариялаған. Павлодарға 52 миллион, Екібастұзға 38 миллион бөлінеді. «Облысымыз солтүстікте орналасқасын, жаз уақыты өте қысқа. Халықтың көңілін көтеру үшін жақсы, жайлы жерлерді ұйымдастыру үшін мүмкіндік шектеулі. Сондықтан безендіруге де, абаттандыруға да қаражат бөліп жүрміз», – дейді Павлодар облсының әкімі Асайын Байханов журналистерге берген сұхбатында.

Қарағанды қаласының Тәуелсіздік алаңына 20 метрлік басты шырша орнатылатыны белілі болды. Пришахтинск және Сортировка кенттерінде жаңа 18 метрлік шыршалар орнатылса, Майқұдыққа да шырша қойылады екен. Келер жылы Қарағандыға 90 жыл толады. Осыған орай қаланы жыл бойы безендіріп тұруға көңіл бөлінуде екен. Безендіруге арналған бюджет аудандық әкімдіктер тарапынан қарастырылатын болып шешілген. Ал мемлекеттік сатып алулар сайтында Қарағанды облысының жаңа жылдық шараларына 14,6 миллион теңгеге тендер жарияланғаны, бұл сомаға жаңа жылдық кейіпкерлердің гонорары да кіретіні көрсетіліпті.

Қостанай облысы 87 миллион теңге бөледі. Бұл қаражатқа мұз қалашығын салу, кіші сәулет формаларын орнату және оларды 2025 жылы жөндеу кіреді. Жұмыс 1 желтоқсанда басталып, 25 желтоқсанда аяқталады деп күтілуде.

Семей әкімдігі 30 миллион теңге бөлген. Орталық алаң мен М.Әуезов атындағы алаңда жаңа жылдық шыршаны жағу салтанатты рәсімі, театрландырылған қойылымдар, аниматорлардың қатысуымен шоу-бағдарламалар және мерекелік концерттік бағдарлама жоспарланып отыр екен. Әкімдік мамандарының айтуынша, 2019 жылы сатып алынған басты шырша Семейдегі сол жолғы қатты желден әбден бүлінген. Осыған байланысты биыл оны ауыстыруға тура келген. «Жаңа жылды мерекелеуге байланысты барлық іс-шараға, соның ішінде қаланы безендіруге, жаңа шырша сатып алуға және мерекелік іс-шаралар өткізуге 30 миллион теңге бөлінді. Шыршаға арналған жұлдызша, үлкен көлемдегі түрлі-түсті шарлар, гирляндалар, «Шаңырақ» жарық құрылысын сатып алу жоспарланған. Безендіруге пайдаланылған бұйымдар арнайы қоймада сақталып, келесі жылы қолданылады», – дейді мамандар.

Талдықорған қалалық әкімдігі таратқан ақпаратқа сенсек, биыл жаңа жылдық безендіруге 35 960 341 теңге бөлінген. Оның ішінде қолданыстағы 3 шырша мен жаңа жеңіл күмбезді орнатып, безендіруге 19 129 230, жаңа жылдық кіші сәулет формаларына 12 124 000 теңге. Былтырғы 30 дана жаңа жылдық кіші сәулет формаларын қалпына келтіруге 4 707 111 теңге жұмсалады.

Көкшетау қаласы 51 миллион теңге жұмсайды. Қала әкімдігінің хабарлауынша, мерекенің басты орны - Абылай хан алаңындағы мұз қалашығы болмақ. Мұнда әдеттегідей биіктігі 22 метр бас шырша орнатылады. Шенеуніктер бұл жолы жаңа шырша сатып алынады деп отыр. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, Петропавлда жаңа жылдық шараларға 13,5 миллион теңге бөлінген. Бірақ аймақтардағы жергілікті билік жаңа жылдық көңіл-күйді меценаттардан көбірек күтеді.

Ал, сіз қалай ойлайсыз, басты мерекеміз – Тәуелсіздік күніне дейін жаңа жылдық шырша жайын қозғау қаншалықты дұрыс? Шырша тойға осынша қаржы жұмсау қажет пе? «Қажет емес» десеңіз, жаңа жылды қалай қарсы алуға болады? Жаңа жылға дейін әлі уақыт бар, ұсынысыңызды редакцияға хабарласып, айта отырыңыз…

С.Жұмағұл

Пікір қалдырыңыз: