Жариялаған: admin | Уақыты: 2024-12-06 15:45:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 51
70 жылдық тарихы бар Кеңес Одағы ыдыраған тұста оның құрамында болған 15 республиканың бәрінде тоқырау кезеңі басталды. Себебі одақ қалыптастырған қитұрқы жүйе бұзылды. Ол жүйе бойынша бұғаудан босаған мемлекеттер өз беттерінше ештеңе өндіре алмай қалды. Мемлекеттерді бір-біріне тәуелді етіп қойған. Мәселен, бір елде көлік құрастырылар болса, оның тетіктері әр мемлекеттен жеткізілетін болған. Салдарынан алып зауыттардың өзінің тынысы тарылып, жұмысын тоқтатты. Тіршілігін сақтап, жабылудан аман қалған кәсіпорындар санаулы ғана болды. Солардың бірі – Кентау трансформатор зауыты десек, қателеспейміз.
Негізі 1959 жылы қаланған «Кентау трансформатор зауыты» да осындай қиындықтарды бастан кешірді. Табандылықтың арқасында аяқтан тік тұрып, алға қарай қадам басып, бүгінде ішкі нарықты трансформатормен қамтамасыз етумен бірге шетелдіктердің де мол сұранысына сай жұмыс істеп келеді. Алып кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында бізге зауыттың басқарма төрағасы Фарқат Жолдасұлы Ергешов айтып берді.
- КСРО тарап, ел басына қиын-қыстау кезең туғанда, біздің зауыттың салықтар бойынша қарыздары 76 млн., жалақы бойынша берешегі - 53 млн. теңгеге жетті. Бұл қаражат ол кезде тым көп болатын. Сондықтан кәсіпорын бонкроттық жағдайда тұрды. Бәлкім солай да боларма еді, бірақ зауытқа жанашыр азаматтар дер кезінде басшылыққа келді. Осылайша зауыттың тарихы 1997 жылдың 17 қарашасынан, яғни инвестор Сайдолла Қожабаевтың келуімен жаңаша парақта басталды. «Alageum Electric» холдингіне кірген сәтте зауыт банкроттық сатысында болса, көп ұзамай қарыздардан құтыла бастады.
Содан бері ширек ғасыр өтті. Осы 26 жыл ішінде зауыт банкроттық тұзақтан босап қана қоймай, өндірістік процестер мен қаржылық нәтижелерді жоғары деңгейге көтеріп, тауарлық өнім өндіру деңгейін 100 есе арттырды. Бүгінде кәсіпорынның жылдық өнім көлемі 11 мың данаға жетіп отыр.
- Зауытта өнімнің қанша түрі шығарылады?
- 1997 жылы кәсіпорынның өнім номенклатурасы тек 10 түрден ғана болған, ал бүгінде Қазақстанда бұрын өндірілмеген экспорттық сұранысқа ие өнімнің түрі 400-ден асты. 64 жылдық тарихы бар Кентау трансформатор зауыты бүгінде шикізаттың 15 пайызын ғана сырттан әкеледі, ал қазақстандық қамту деңгейі – 85 пайызға жетті.
Кентау трансформатор зауытының басты ерекшелігі – өнімдерін заманауи қондырғылар негізінде жасап шығарады. Зауыт жобалау институттарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Ғылым мен өндірісті байланыстыра жүргізудің арқасында жаңа көкжиектерге жол аштық. Зауыт Қазақстан тарихында тұңғыш рет «Astana EXPO-2017» үшін арнайы салмағы 125 тонна, кернеуі 110 кВ, қуаты 80000 кВА электрлі машинаны шығарды. Қазіргі таңда «КТЗ» АҚ қуаттылығы 80000 кВА дейінгі 10, 20, 35, 110 кВ күштік, майлы және құрғақ трансформаторларды, әртүрлі орындалатын қосалқы станцияларды (ОРУ, КРУ, ЗРУ, ОПУ 35, 110 кВ), төмен және жоғары вольтты ұяшықтарды, вв-АЕ-12 6- 10кВ вакуумдық ажыратқыштарды және басқа да үлкен сұранысқа ие электр жабдықтарын шығарады.
- Бұрын салықтан қыруар қарыз зауыт бүгінде қазынаға қанша қаржы құюда?
- Зауыт Кентау үшін қаланы қалыптастырушы кәсіпорын. Соңғы 6 жылда Кентау трансформатор зауыты салық төлемдерінің жалпы сомасы 16 млрд теңгеден асты. Білікті мамандар бар жерде өнімділік те жоғары. Сондықтан зауыт басшылығы мамандар даярлау жағына әрдайым баса көңіл бөледі. Зауыттың арнайы бөлдірген қаржысына талантты қызметкерлер Ресей, Украина, Қытай елдеріндегі жоғары оқу орындарын оқып бітірді. 2012 жылы «Alageum Electric» қажетті инженерлік кадрларды даярлау мақсатында Кентауда Қазақ-неміс политехникалық колледжін ашты. Бұл колледжде студенттер дуалды жүйе бойынша оқып, практикалық сабақтарды зауытта өтеді. 11 жыл ішінде колледж бірнеше мың адамды оқытты, зауыттың қазіргі қызметкерлерінің басым бөлігін дайындады. 2022 жылы зауытта студенттер практикалық дағдыларды игеретін жаңа оқу орталығы ашылды. Сол жылы студенттерді орналастыру үшін жатақхана пайдалануға берілді. Зауытта Жапонияның Кайдзен жүйесі кеңінен қолданылады және де кәсіпорында «Жас лидерлер клубы» жұмыс істейді. Бірнеше университеттермен келісім-шартқа отырып, олардың профессор оқытушылары студенттерімізге дәріс береді.
Бүгінде зауыт жұмысы жанданып, өнімдерді елімізден тыс өзге де мемлекеттерге шығарып жатыр. Жасыратыны жоқ, «Кентау трансформатор зауыты» Кентаудың немесе Түркістан облысының ғана емес, бүкіл Қазақстанның мақтанышына айналып отыр. 900-ге жуық адам үш ауысымда жұмыс істейді. Жұмысшыларға жалақы уақтылы төленеді, жыл сайын екі рет сыйақы беріледі. Бізде орташа жалақы 450 мың теңге шамасында. Арнайы асханамызда жұмысшалыр тегін тамақтанады. Өнімдеріміз ТМД мемлекеттерінен бөлек Ауғанстан, Иран, Қытай, Монғолия, Германияға, тағы да басқа алыс-жақын шетелдерге экспортталады. Жұмысты жандандарырып, жаңа технологияларды ендіру үшін мемлекеттен субсидия аламыз. Қазіргі кезде жұмыс ауқымын кеңейтіп, қосалқы зауыттар аштық.
- Зауыттың өзге өңірлерде филиалдары бар ма?
- Жұмыстың жандануына байланысты қазір еліміздің 12 облысында филиалдарымыз ашылып, одан бөлек 14 жаңа зауыт ашуға мүмкіндік туындады. Қала берді, Ташкент, Шанхай, Мәскеу, Ресейдің тағы екі қаласында, Тәжікстан мен Түркіменстанда өнімдерімізді сататын сауда үйлері бар. Сапасына толықтай жауап береміз, кез келген шет мемлекеттің өнімдерімен бәсекеге түсуге қауқарлы.
Мәселен, осыдан екі ай бұрын сонау Германиядан 16 мВ-тық трансформаторға тапсырыс түсті. Оны уағдаласқан уақыт ішінде дайындап қойдық. Жөнелтілуге дайын тұр. Көпшілікке түсінікті болу үшін айтайын, осындай бір-екі трансформатордың өзі Шымкент секілді ірі қаланың зауыттарын есепке алмағанда жеке тұтынушыларының сұранысын толықтай қанағаттандыра алады. Осындай жоғары қуаттағы ірі трансформатордың жылына 120-130 данасына тапсырыс түседі. Бұл біздің кәсіпорынға, шығарған өнімдерімізге деген шетелдіктердің үлкен сенімінің нәтижесі деп айтуға болады. Өз өнімдерімізді тапсырыс беруші нұсқаған жерге орналастырып, іске қосып береміз. Сондай-ақ, 3-5 жыл уақыт аралығында кепілдік береміз. Шымкент қаласы, Түркістан облысы, жалпы Қазақстанда қазір пайдаланылып отырған трансформатордың басым бөлігі біздің өнімдер. Елімізде трансформатор өндіретін басқа зауыт жоқ.
- Зауыттың қуаттылығын арттырып, одан әрі дамыту жоспары бар ма?
- Әрбір ісіміз әбден сараланған, нақты жоспармен жүзеге асады. Әрдайым жаңа технологиялар енгізіп отыру – негізгі басымдықтарымыздың бірі. Себебі, өздеріңіз білесіздер, қазір әлемде күннен күнге технология дамып жатыр. Сол себепті бір орында тұрып қалуға болмайды. Мысалы, бұрын-соңды болмаған робот дәнекерлеушіміз бар. Ол бұрынғы бес адам істейтін жұмысты жалғыз өзі атқаруда. Команда беретін бір адам ғана басында тұрады. Жұмыстың тез және сапалы болуына осы роботтардың үлкен көмегі тиюде. Болашақта қолмен атқарылар жұмыстар азая береді ғой. Себебі, адам қателесуі мүмкін, ал робот қателік жібермейді. Осындай жаңалықтарға біз қатты көңіл аударамыз.
- Зауыттың алдағы жұмыстарына сәттілік пен табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан Р. ШАЛҚАР.