Жариялаған: admin | Уақыты: 2024-12-10 12:45:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 40
Естеріңізде болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құзырлы органдарға Қазақстаннан заңсыз шығарылған активтерді қайтаруды тапсырып, Үкіметке ол ақшаны әлеуметтік нысандар салуға жұмсауды міндеттеген болатын. Сол тапсырма біртіндеп орындалып жатыр. Орындалғанын ел көруде. Үкімет Арнаулы мемлекеттік қордан Шымкент қаласында жатақхана салуға қаржы бөлді. Ол Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжінің жатақханасы. 2,6 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, 300 орынға лайықталған жатақханада ұлдар мен қыздарға арналған бөлек-бөлек блоктар болады. Медициналық кабинеттер, асхана, ойын бөлмелері және басқа да керек-жарағы қарастырылады. Жатақхана барлық заманауи талаптарға сай болады деп күтілуде. Әзірге, бұл колледжде 363 оқушы бар. Колледж ғимараты 1975 жылы салынған. Ескірген. Жатын орын жетіспейді. Салдарынан оқу орнындағы кейбір кабинеттер балаларға арналған жатын бөлмелерге айналған. Ал 67 оқушы үйде оқуға мәжбүр.
– Шымкент қаласындағы Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжін жатақхана мәселесі қинап келені рас. 120 балаға арналған ғимаратта 360 бала, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балалар оқып, тұрып жатыр. Мәселені шешу үшін 300 орынға есептелген жатақхана құрылысына жобалау-сметалық құжаттама дайындалып, ғимарат қосымша қажеттіліктермен жабдықталатын болады, — дейді Шымкент қаласы Білім басқармасының маманы Ерлан Пірімқұлов.
Жаңа жатақхана ғимараты пайдалануға берілгенде осы мәселенің бәрі де шешілгелі тұр. Балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасалатын болды.
Айта кетейік, елден тоналған, заңсыз шетелге асып кеткен осындай қаржыны қайтарудың нәтижесінде Үкімет Ақмола облысының Зеренді ауылында спорт кешенін, Түркістан облысының Темірлан ауылында музыка мектебін, Арқалық қаласында дарынды спортшы балаларға арналған спорт кешенін, Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығын, Алматыда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған жаттығу орталығын, Ақтөбе қаласында ерекше балаларға арналған арнайы балабақша, Атырау облысының Жамансор ауылында мектеп салу, Риддер қаласында көпбейінді аурухана кешенінің құрылысын аяқтауға қаржы бөлген. Бұл нысандардың бірқатарында жұмыс әлі де жалғасып жатыр.
– Менің ерекше балам үшінші сыныпта оқып жатыр. Егер мұнда заманауи жатақхана салынса, барлық ата-ана алғысын білдірер еді. Мемлекет тарапынан бүгінгі таңда бұл білім беру мекемесіне қолдау көрсетіледі, қажетті жабдықтар, жақсы оқу-әдістемелік база бар. Мұндағы мәселе тек жатақханадағы орындардың жетіспеушілігінде. Осы қажеттілік жақын арада шешіледі деп үміттенеміз, - дейді Шымкент қаласы «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі» тәрбиеленушісінің анасы Дилнора Хаджиметова.
Сая Жұмағұлова