Жариялаған: admin | Уақыты: 2024-12-14 15:45:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 33
Абайлаңыз!
Әйел біткеннің әдеті. Жаңа жыл қарсаңында әдемі бола қалғысы келеді. Жаңажылдық аста-төк дастарханнан соң да диета ұстап ашығуды немесе табан астынан аздыратын дәрі-дірмекті ішуге құмар. Десе де, дәрігерлердің кеңесінсіз, интернеттен көріп, естіп жасайтын мұндай ем-домдардан аулақ болған абзал.
Жақында шымкенттік бір әйел қан қысымын өз бетінше түсіремін деп өлім аузынан аман қалды. Ол не ішкен дейсіз ғой, қазір инстограмда блогерлер мен танымал өнер иелері жарнамалап жүрген куркума қосылған сірке суын ішіпті. Осылайша 53 жастағы әйел қан қысымын төмендетемін деп ойлаған. Жарнамасына еліткен ол куркума ұнтағы араластырылған алма сірке суын алған. Ішіп бастағаннан-ақ ағзасында түсініксіз жағдай байқалған. Өстіп жүргенде ауруханадан бір-ақ шықты.
Бұл туралы Шымкенттегі №2 қалалық аурухананың бас дәрігері Бақытжан Позилов әлеуметтік желідегі өзінің парақшасында хабарлады.
«Өзін-өзі емдеу ауыр зардаптарға әкеп соққан. Науқаста анафилактикалық шок пайда болып, өте ауыр жағдайда шұғыл ауруханаға жатқызылды. Диагнозы: Лайелла синдромы – аллергиялық буллёзды дерматиттің ең ауыр түрі. Науқас 2 күн бойы өте ауыр жағдайда жатты, бүгін ғана есін жинады. Құрметті достар, халықтық емдеу әдістері кейде тиімсіз болып, денсаулығыңызға үлкен зиян келтіруі мүмкін. Сақ болыңыздар…», - деп жазды бас дәрігер.
Бұл сізге де сабақ болуы керек. Абайлаңыз!