Жариялаған: admin | Уақыты: 2024-01-04 13:55:00 | Соңғы рет жаңартылған уақыты: admin on
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 93
балаларға жеуге жарамсыз кәмпит таратқан
Шымкентте былтырғы жылдың шулы ісіне нүкте қойылды. Шулы дейтініміз, «елге адал қызмет етемін» деп ант беретін, лауазымды шенеуніктер қатарында түйені түгімен жұтып қоятын жалмауыздар әлі де бар екен. Ол қаланың қақ ортасындағы әл-Фараби аудандық әкімдігіне «жайғасқанын» енді біліп жаға ұстап жатқандар да жоқ емес. Қысқасы, Шымкент қаласының әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметтік лауазымын асыра пайдаланып, аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырғаны тергеуде дәлелденді. Ол аудан аумағындағы бір серіктестіктің басшылырамен (директоры және құрылтайшысымен) келісіп, қала бюджетіне тиесілі қаржыны ұрлаған.
Қалай дейсіз бе? Оп-оңай... «Қаланы көріктендіріп жатырмыз, аулаларды, көше бойын көгалдандырып, тазартып жатырмыз» деген ұранмен қоқыс жәшіктерін, шағын беседкалар, әткеншектер орнатып, ойын және тренажер алаңдарын ашқан. Мұндай игілікті іске тұрғындар әрине дән риза. Ауламыз көркейіп қалды десіп қуанады. Алайда, әлгі аппарат басшысы мен серіктестік жетекшілері бір-бірімен ымдасып, сыбырласа жүріп, істелген жұмыстың бағасын, орнатылған құрылғылар мен жабдықтардың құнын қымбат етіп көрсеткен. Сәйкесінше жалған сметалық құжат жасаған. Осылайша 700 миллион теңгені екі тарап бөліп алған. «Бір байып қалатын болдық» дегендердің жеегені желкесінен шықты.
Сот үкімімен үш айыпталушы да кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды.
Ендігі сұрақ, әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбай әрі қарай мемлекеттік, лауазымды қызметін жалғастыра бере ме? Аудан әкімі туралы тұрғындардың көпшілігі жылы пікір айтатыны рас. «Іскер» дейді, «елмен етене жақын» дейді. Десе де, қол астындағы қызметкері бюджеттің қаржысын аса ірі көлемде жымқырып жатқанда, жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс істеп жүрген әкім неге мұны сезбей, байқамай қалған? Қалай болған күнде де аудандық әкімдіктегі бұл былық, оның үстіне бюджет қаржысын өте ірі көлемдегі жымқыру ісі аудан басшысын да айналып өтпеуге тиісті. Кінәсіз болса, заң алдында жауап беруден құтылар. Бірақ, әрі қарай аудан әкімі лауазымын қалай атқарады?
Жә, әрі қарай айтпағымызға назар аударсаңыз...
Шымкенттегі шенеуніктер бюджет қаржысын «опырып
жеп жатқанда» мегаполис тұрғындарының мейманасы тасып, қағанағы қарқ, сағанағы
сарқ, тұрмысы тым түзеліп кетті деп қалуыңыз мүмкін-ау... Қайдағы, өлместің
күнін көріп жүргендер көбейіп келеді. Әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген,
әлсіз топтағы сол қауымды мерекелерде кәмпит беріп алдайтындар көп. Әсіресе,
тағы да шенеунік шекпеніндегі мемлекеттік қызметшілер «кәсіпкерлерді
ұйымдастырып, демеуші тауып» дегенді алға тартып, әлгіндей отбасыларға «сыйлық»
таратады. Атам қазақ «сыйға берілген аттың тісіне қарама» дейді. Десе де, сол
сыйлығы қорлау, улау болып шықса ше?!
Иә-иә, улау! Улау емей немене, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәмді жинап алып «мә,
сыйлық» деп ұсынып жатса?! Ең сорақысы сол сыйлықты бейкүнә балаға ұсынуы! Бұл
енді тіптен бассыздық емес пе?! Санитар-эпидемиолог мамандарсыз-ақ, көзіқарақты адам жарамдылық мерзімі өтіпк еткен азық-түлік адам ағзасына қауіпті екенін, улау реакциясы жүретінін, жарамсыз тағамды пайдаланғанда жүректің айнуы, лоқсу, құсу пайда болатынын жақс біледі. Улау деп отырғанымыз осы.
Мәселенің мән жайын тарқатып түсіндірейік.
Жаңа жыл қарсаңында Шымкенттегі Оқушылар сарайында дүбірлеген шырша той өтеді. Оған жартылай жетім, тұл жетім 180 бала шақырылады. Сол 180 балаға таратылған сыйлықтың ішіндегі тәттілердің бірқатарының жарамдылық мерзімі өтіп кеткені анықталады. Оны бір баланың қамқоршысы әлеуметтік желіге бейнежазба түрінде салып, «мынау не масқара?!» деп дабыл қаққан. Әрине, бұл орайда әкімдік лезде «26.12.2024 жылы Оқушылар сарайында өткен іс шараға «Shymkent Bus» ЖШС-і мекемесі демеуші болған» деп жауап беруге асықты. Шырша той болған соң ертегілер кейіпкерлері, әнші, биші, музыканттар шақырылып, концерттік бағдарлама дайындалған. Баланың көңілі көтеру үшінгі ұйымдастырылған іс шара демеушілер көмегімен өтетіні белгілі. Бірақ, сол тойға 180 жетім, жартылай жетім баланы шақыру тізімін кім берді? Әрине, әкімшілікке қарасты мемлекеттік мекеме. Айдаладағы кәсіпкер, демеуші, қалада осындай балалар барын түгел танып біле қояды дейсіз бе? Ол балаға тәтті сыйлық ұсыну міндетін де демеуші мойнына алған. «Shymkent Bus» ЖШС-і. Олар енді «біз білмедік, дүкеннен сатып алғанбыз» дейтін көрінеді.
«Таратылған жаңа жылдық сыйлықтарының ішіндегі мерзімі өткендігі туралы, әлеуметтік желіде тараған видео мәселесіне қатысты іс шараға келе алмаған 12 баланың сыйлықтар тәттілерінің мерзімдері тексерілді.
Нәтижесінде жаңа жылдық сыйлықтардың ішінде 2 және 3 тәтілердің мерзімдері өткендігі анықталды.
Бұл мәселеге қатысты демеуші «Shymkent Bus» ЖШС-і тарапынан «Жаңа жылдық» сыйлықтарды жеткізуші сауда орталығына қатысты құзырлы органдарға тиісті арыз шағымдарын беруде» дейді ресми жауап.
"Кінәлі тарап жауапқа тартылады екен ғой» деп көңіл
демдеуге болады-ақ. Алайда, қамкөңіл балаларға жеуге жарамсыз тәтті беру ісіне
мемлекеттік мекеме ретінде білім басқармасы да жауапты. Жаңа жыл дүрмегі өтті, енді тиісті сала мамандары, Оқушылар сарайында өткен жаңажылдық Шырша тойғы жауаптылар бұл келеңсіздікке жол берген кінәліні ашық жариялайтын болар, деген үміттеміз.
Әй, бірақ, шененуніктері тойымсыз Шымкентіңізде «Жетімін жылатпаған ел едік...» дегенді ұғар азаматтар аз боп тұр ғой...
Жылатпақ түгілі жарамсыз тәтті беріп улауға дәтіміз барды. Ұят-ай!
Тұрар Баймұсаев