Жаңа жылды тойлау дұрыс па?

Дін мен дәстүр

Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-01-07 11:45:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 84


Жаңа жылды тойлау дұрыс па?

·        Талқыға түскен тақырып


 

Жасыртаны жоқ, жыл сайын күнтізбелік жыл ауысатын шақта жиі талқыланып, жиі айталатын сұрақ осы. «Жауыр болды» дерсіз. Десе де елдің пікірі екіге жарылған дәл осы мерекеден соң зардап шеккендердің тым көбейіп кететіні жасырын емес. «Жаңа жылды тойлауға қарсымын!» дейтіндердің сүйенетіні де осы дәйек. Сонымен...

 

Мереке тыныш өтті ме?

 

Мысалы, тәртіп сақшылары «биыл 2025 жылды қарсы алу шаралары Шымкент қаласында тыныш өтті» дей тұрып, сол түні тыныштық күзетіне қалада төтенше жағдайлар департаментінің 196 маманы (53 техника), 2 мыңнаң астам полиция жұмылдырылғанын айтады. Не үшін? Әрине, оқыс оқиға болмасы үшін, тұрғындардың мерекелік көңіл күйі бүлініп, тыныштығы бұзылмасы үшін.  Сала мамандары осылайша желтоқсанның 31-інен 7 қаңтарға дейін күшейтілген режимде жұмыс істеді.  

Бір ғана Шымкентте полицияға 1000-нан астам қоңырау түскен. Тәртіп сақшылары мерекелік іс-шаралар кезінде 20 баланың жоғалғанын да айтты. Абырой болғанда полицейлердің жедел әрекет етуінің нәтижесінде барлығы дін аман табылып, үйлеріне қайтарылған.  

Ал көлігін мас күйінде жүргізген 3 азаматқа шара қолданылған. Бұл бір Шымкенттегі жағдай.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Жаңа жыл түні еліміз бойынша 158 шақырту тіркеліпті. Оның 88-і «өрт шықты» деп дабыл қаққан. Тілсіз жаудың құрсауында қалған азаматтарды аман алып қалу барысында құтқарушылар 25 адамды, оның ішінде 8 баланы эвакуациялапты.

Осының өзін құқыққорғаушылар «Мереке күндері тыныш өтті. Оқыс оқиға болмады» деп отыр. Яғни, жаңажылдық мерекеде бұдан да сорақы жағдайлар орын алатынын көрген, білген сала мамандары бұл жылғы мерекені «тыныш» деп бағалауда.

 

Шырша безендіруге тиым салынған

 

«Жаңа жылды қазақтар тойлауы қажет пе, жоқ па?» деген сауалымызға қайта оралатын болсақ... Жалпы бұл мерекенің тарихын бұған дейін орыс жеріне 1 Петр әкелген, содан кешегі кеңес дәуірімен қазақтарға да жеткен деп айтатынбыз. Әйтсе де Кеңес Одағы заманында, дәлірегі 1927-1936 жылдары жаңа жылды тойлап, шырша безендіруге тыйым салынғанын білесіз бе?! Бұл мерекені атап өту 1937 жылы Сталиннің бұйрығымен қайта қалпына келтірілген. Сосын, 1937 жылға дейінгі мерекеге орай безендірілген шыршалардың басына 8 бұрышты жұлдыз ойыншық ілінсе, 1937 жылы Кеңес Одағының үкімі бойынша 8 жұлдыздың орнына 5 жұлдызды әшекей қолданылатын болған.

Ал, Мұрат Әджінің «Қыпшақтар» атты кітабында «Шыршалар мерекесі» деген тарауда айтылған мәліметтермен тарқататындар бар. Онда бұл мереке о баста құдайлар мен аруақтар мекені – жер шарының тура кіндігінде тіршілік еткен Жер – Судың (Иерсу) құрметіне ұйымдастырылғаны айтылады. «Жер – Судың жанында ақ сақалды Үлкен (Ульген) есімді шал жүрсе керек. Түркілер оны үнемі әдемі қызыл шекпен киіп жүрген қалпында көріпті» делінеді. Ежелгі алтайлықтар шыршалар мерекесін 25 желтоқсанда, Күннің Түнді «жеңген» кезінен бастап, түркілер Күннің қайта оралғанына қуанып, Үлкенге (Ульген) алғыстарын жаудыратын болған екен. «Дұғаларымыз Тәңірінің құлағына шалынса» деген үміт-арманмен Үлкеннің сүйікті ағашы – шыршаны үйлеріне әкелетін дәстүр қалыптасқанын айтады. Ол бұтаның бұтақтарына түрлі түсті шүберектер байланады да, адамдар сол бұтаны айналып ән салып, би билейді екен.  «Түн кетіп, Күн келсін» деп тілек айтады.  

Ал ғалым, зерттеуші В.В.Цибульскийдің «Луно-солнечный календарь стран Восточный Азии» кітабында Жаңа жыл көшпелілердің мейрамы екені айтылады. Бұл мерекенің шығу тегі –Шығыс Азия.  «Еуропаға жерсініп кеткен мереке. Оған Еуропа елдері Аяз ата, шырша, шырақ жағу сияқты өздерінің этнографиялық реңктерін беріп, байытты. Тіпті бүгінгі күні оның шығу тегін мүлдем танымастай өзгертіп жіберді» дейтіндер көп. «Бұл ешқандай да Исаның туған күні емес. Исаның туған күні қаңтардың 1-і емес, одан 6 күн бұрын аталып өтеді» дегенді алға тартатын қазақ зиялылары да бар.

 

Жаңа жыл және Рождество

 

Рождество Христово мен жаңа жылдың шығуы туралы не білеміз? Жан-жақтан бірқатар мәлімет жинадық. Милади жыл санағы бойынша, христиан діні пайда болған кезде, діннің екі жауы болған деседі. «Үштік» (Троица), яғни Құдайды үшеу деп білген митраизм түріндегі язычниктер және монетизмді уағыздайтын юдаизм.

Вавилондық үштік – Ану, оның баласы Энлиль және Энки. Римдік үштік – Юпитер, Юнана және Минерва. Семиттік үштік – әке, шеше және бала. Бұлардан басқа индуистік – Брахма, Вишну және Шива. Парсылардың Ормузд, Митра, Ахриман және Египеттік Осирис, Исида және Гор немесе Эмпефт, Эйктион, Пта деп те аталады. Халдейлік Бел-Сатурн, Бел-Юпитер (сарапшы), Бел-Хом (Аполлон). Соңғы үштік үшеуі қосылып ұлы Құдай деп аталады. Бұл үштіктердің барлығы христиан дініндегі үштіктермен тұп-тура келеді. Әсіресе Буддалықтардың үштіктері сай келеді. Буддалықтардың үштіктерін айтып өткеніміздей Брахма, Вишну және Шивадан құралады. Брахманы әке деп атайды. Вишнуды пастырь және пророк деп көреді. Ал Шиваны иләһи руһ деп ойлайды. Бұл үштік «Тримутра» орыс тіліне тройца деп аударылады. Олар бұл үштік терең құпия деп түсінеді. Құпия болғаны себепті оны ешкім білмейді және түсінбейді дейді. Бұл құпия адамзат баласы әлемдік дух Брахматмамен қосылған кезде ғана біледі дейді. Бұл атап өткен үштіктеріміз Жерорта теңізінің жағалауында Христиан дінінен бұрын пайда болған. Барлығыда бұл үштікті құпия ретінде санайды. Христиан діні пайда болған кезде осы діни ағымдар өздерінің діни сенімдерін христиан дініне кіргізіп, оны да өздерінің қатарына қосып алған. Христиан діні дүниеге келген кезде оны басқа сол кездегі діни ағымдар жеп қойған және өздері жаңа дінге өзгерістер енгізген.

Иса а.с. Масихті христиан әлемі «Біздің Құдай» деп таниды. Сол сияқты Митра да парсы құдайы, Осирис Египет құдайы, Вакх грек құдайы, Кришна Үндістан құдайы, Будда буддизмнің негізін салушы оны да құдай деп есептейді. Заратустра Зарасторизмнің негізін салушы. Бұлардың барлығы да құдай деген атауға ие.

Олардың туған күндерінде де ұқсастықтар бар. Барлығы сол желтоқсанның 25-де дүниеге келген екен. Рим империясында көпқұдайшылдар өздері жартылай құдай жартылай адам деп табынатын Митраның туған күнін (Рождествосын) сән-салтанатпен атап өтетін болған. Олардың жалған діні бойынша Митра 25 желтоқсан күні бір үнгірде жануарлар арасында туған. Тура осы сияқты славяндар да христиан дінін қабылдаудан бұрын көп жалған құдайларының біреуі болған Коляданың Рождествосын тойлаған (олардың Рождествода айтатын әндері бүгін де «колядки» деп аталады). Ел арасында кең тараған бұл мерекені ығыстырып тастау үшін ІҮ-ғасырда бұрын сол Митраның бас табынушысы болған, кейіннен христиан дінін жаңадан қабылдаған Византия империясының императоры Константин 25-желтоқсанды Иисустың (Иса а.с.) туған күні деп жариялаған. Оған дейін Исаға тиісті бұндай атаулы күнді ешкім білмеген де, тойламаған да. Көпқұдайшыл болған римдіктердің сенімі бойынша, егер адам өз үйіне лавр (үнемі жасыл болып өсетін ағаштың бір түрі) ағашын тігіп қойса, онда оның үйінен көктем кетпейді-мыс. Сондықтан да, олар сол ағашты өз үйлеріне әр қыс келген сайын тігіп қоятын болған. Герман тайпалары да солай істеген. Бірақ лаврдың орнына олар ель (шырша) ағашын пайдаланған.  Жаңа жылды тойлау әбестік емес дейтіндер осы мәліметтерді алға тартып, «Бұл мерекенің Исаға және оның Рождествосына қатысы жоқ» дейді.

 

Мұсылман мемлекеттерінде қалай?

 

Мұсылман мелкеттері оның ішінде араб мемлекеттерінде Жаңа жылды тойлау қалыпты жағдайға айналғалы қашан?! Тіпті, туристер дәл сол жаңажылдық демалыс күндерінде Египет, Ливан, Сирия, Біріккен Араб Әмірлігіне демалысқа баруға асығады. Себебі мұнда, осы күндері мерекелік көңіл күй, безендірулер, түрлі ойын-сауық іс шаралары Жаңа жылға арналып ұйымдастырылады. Египет пен Ливанда жергілікті, тұрғылықта арабтар арасында христиан дінін ұстанғандар бар. Осы себепті онда Рождество мен жаңа жыл тойланады. Сирияда да жаңажылдық іс-шаралар қолға алынған.

Десе де тойламайтын елдер де бар. Сауд Арабияда 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні жаңа жылды тойлайтын болсаңыз жауапқа тартыласыз. Тіпті қамауға алып, жазаға тартуы әбден мүмкін.

Екі тараптың бірі таңдалмай, үнемі тайталасып жататын осы бір тақарып аясында айтылар пікір мен көзқарас өте көп. Кімдікі жөн, кімдікі қате? Таразы басы тең түсіп тұрған тақырыпқа орай біз, оқырман назарына зиялы қауым өкілдерінің бірқатарының кезінде айтқан пікірін ұсынуды жөн санадық. Арғы жағын өзіңіз бағамдарсыз...

 

Сіз не дейсіз?

 

Ақселеу Сейдімбек, этнограф – тарихшы:  

–Өмір – тіршілікте шарттылықтар өте көп. Сол шарттылықтардың ең ғажабы, адам баласының уақытты межелеуіне қатысты. Мәселен, осы күндері бү-кілхалықтық қуаныш ретінде тойланып жатқан Жаңа жыл мейрамын алайықшы. Қалыптасқан ұғым бойынша, Жаңа жыл, яғни1-қаңтар, Иса пайғамбардың туған күні. Бүкіл христиан әлемі осылай деп түсінеді, осындай деп тойлайды. Ол тойына «Рождество Христова» деп ат берген. Орыстар православ сенімінде болғандықтан, бұрынғы Юлиан күнтізбесінің межесі бойынша, желтоқсан-ның 25-і Исаның туған күні деп тойлайды. Тарихи дерек бойынша, 532 жылға дейін бүкіл Еуропа Диоклитан календарын тұтынған. Ол христиан дініне қарсы адам. Сол кезде христиан дінін басқарушы кординалдардың бір бас-қосуында жыл басын Иисустың туған күнімен бастау жөнінде қарар қабыл-данады. Бір қызығы, сол басқосуға қатыс қандардың ішінде Исустың туған күнін ешкім білмейтін болып шығады. Сонда босаға жақта отырған скифтен шық-қан есепші-жұлдызшы кішкене Диониси деген кісі: «Жарықтық, Иса пайғам-бардың туған күнін мен білуші едім. Ол осыдан аттай 532 жыл бұрын дүниеге келген», - дейді. Оған ешкім де дау айта алмайды. Өйткені, Иса пайғамбардың туған жылын айғақтайтын ешқандай тарихи дерек болмайтын. Ал кішкене Дионисидің аузынан шыққан 532 деген сан көшпелілер үшін киелі сан болатын. Яғни, көшпелілер табынатын аспан денелері – Ай 19 жылда бір рет дөңгелегін жаңғыртып отырады. Осы Айдың дөңгелегінің саны 19 бен Күннің дөңгелегінің саны 28-дің көбейтіндісі – 532.

 

Байділдә Айдарбек, ақын, драматург, ұстаз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі:

–Осы уақытқа дейін өліп-тіріліп тойлап жүрген жаңа жылымыз-жаттан қалған мереке, ал, негізгі дәстүрлі мерекеміз –ата-бабамыздан келе жатқан Наурыз мерекесі екенін де (бұл жайында айтылудай  айтылып, жазылудай жазылып та келеді) білдік.

Жаттың жайдақ мерекесі-жаңа жылға деген құмарлығымыз, ынтығымыз әлі күнге басылмай-ақ келеді.

Егер, Сталин осыдан 83 жыл бұрын (1937 жылы ) жаңа жыл мерекесі деп 1 қаңтарды емес, 1 сәуірді бекіткенде және жасыл шыршасыз, Аяз атасыз тойлауды бұйырғанда не болар еді? Әрине, оған да көнер едік, көндігер едік. Ол жаңа жылға да етіміз үйренгені сондай, аяқ астынан біреу шығып «жаңа жылды 1 қаңтарға ауыстырып, жасыл шыршамен, Аяз атамен қарсы алайық» десе, «Бұл не сұмдық! Жаңа жылды қақаған қыста қалай тойламақпыз? Жасыл шырша, Аяз ата деген не пәле?» деп бүкіл халық болып өре түрегелер едік. Мұны айтып отырған себебім, бір кездері қызыл империя күштеп таңған жаңа жыл мерекесін ұмытып (ғасырға жуық санамызда жаңғырып, жалындата тойлап келген 23 ақпан, 7 қараша, 29 қазан, 19 мамыр секілді қызыл мерекелерді де бүгінде ұмыттық емес пе?) орнына ата-бабамыздан келе жатқан Ұлыстың Ұлы күнін ұлықтап, тойлаймыз десек, дәл бүгін бізге ешбір қиындық та, кедергі де жоқ. 

Ия, мұны оқығандар «Мына байғұс баяғыдан тойланып келе жатқан жаһандық мейрамды жамандап, аяқ астынан тас-талқан болғаны несі? Жаңа жыл әкесін өлтірген бе, шешесін өлтірген бе?» дерін де білемін. Алайда, жұртқа жаға бермейтін жамандау нәрсені де «аузы жаман» біреу айту керек емес пе? Оның үстіне бұл мәселені мен тек бүгін ғана емес, бұдан 30 жыл бұрын да көтеріп, ол сол кездегі халықтың сүйікті газеті «Лениншіл жаста» (қәзіргі «Жас Алаш») жарияланған еді. Одан басқа ауданымыздағы ең алғашқы Наурыз тойы да мен жазған сценарии бойынша өте жоғары дәрежеде өткенін, одан кейінгі өткен Наурыз тойларының да сценарилерін жаздым. Тек мен ғана емес, мән-мағынасын терең ұғынған кез келген жан Наурыз мерекесінің қай жағынан болса да жаңа жылдан әлдеқайда биік тұрғанын анық байқар еді.

Үкімет тарапынан да Ұлық мерекеміздің халықтық сипатын аша түсетіндей (наурыз мерекесіне арналған ашық хаттар (открыткалар), түрлі кітапшалар, альбомдар, сыйлық ойыншықтар мен бұйымдар (сувенирлер) т.б. шығару; ойын-сауығымен қатар тәлім-тәрбиелік мәні де зор, ең мағыналы Наурыз кешінің сценариіне конкурс жариялау т.с.с) үлкен жұмыстар жүргізілуі тиіс.

Әрине, мен айтты деп, Қазақстан халқы санасына әбден сіңіп, жүрегін жаулап алған жаңа жылды «жұлып тастап», орнына Наурыз мерекесін тойлап кете қоймасын жақсы білемін. Әйтсе де, ұлттық құндылықтарын қастер тұтатын, өзін-өзі сыйлап, өзгелерге де сыйлата алатын, ұлттық намысы өте күшті, ертеңіне деген сенімі мықты, еңсесі биік ел боламыз десек, жаңа жылды тек отбасылық мейрам ретінде қалдырып, дінімізге де, ділімізге де қайшылығы жоқ, ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі Жыл басы-Ұлыстың Ұлы күні-Наурыз мерекесін (БҰҰ 2010 жылы халықаралық мереке ретінде ресми түрде бекіткен) ұлықтап, мемлекеттік деңгейде атап өтуге бар күшімізді салуымыз керек.

 

Темур АМАНҚҰЛ, Исламтанушы, дінтану ғылымдарының докторы:

 

–Жаңа жылды тойлау мәселесі ислам дінінде мәдени және тарихи контекстке, шариғи нормаларға, сондай-ақ қоғамның заманауи қажеттіліктеріне байланысты әртүрлі тұрғыдан талқыланатын өзекті мәселе.

 

Ислам шариғаты тұрғысынан бұл сұраққа ғылыми жауап беру үшін бірнеше негізгі аспектілерді қарау керек болады. Сосын жаңа жылды тойлау мәселесін ислам тұрғысынан бағалауда ең алдымен әдебиеттерге негізделген дәлелдер мен дәйектерді қолдану маңызды. Төменде келтірілетін тұжырымдар классикалық және заманауи ислам әдебиеттеріне, хадистер жинақтарына, сондай-ақ ғалымдардың пікірлеріне негізделеді:

Исламдық аспектіде қарастырсақ, Исламда бекітілген екі ғана діни мереке бар. Біріншісі: Ораза айт (Ид әл-Фитр): Рамазан айының аяқталуын атап өтетін мереке. Екіншісі: Құрбан айт (Ид әл-Адха): Құрбандық шалу арқылы Ибраһим пайғамбардың (а.с) дінге деген адалдығын еске алатын мереке.

 

Құранда:

 

Әрбір үммет үшін біз құрбандық шалу рәсімін бекіттік… (Хаж сүресі- 34).

 

Бұл аятта әрбір үмметтің өз мерекелері бар екенін көрсетеді. Мұсылмандар үшін бұл Құрбан айт пен Ораза айт мерекелері. Имам Қуртуби бұл аяттың негізінде мұсылмандардың өздеріне тән мерекелерді ғана ұстануы керектігін түсіндіреді [1].

 

Хадисте:

 

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) Мәдинаға келгенде жергілікті халықтың басқа да мерекелерді атап өтіп жатқанын көріп:

 

Алла Тағала сендерге олардан жақсырақ екі күнді (Ораза айт пен Құрбан айт) сыйлады – деген (Әбу Дәуіт, 1134) [2].

 

Бұл хадис исламда діни мерекелерді бекітудің Алланың ғана құқығында екенін көрсетеді. Жаңа жыл тойлау исламдық мереке болмағандықтан, оны шариғат тұрғысынан діни міндет ретінде қарастыру дұрыс емес.

 

Исламда хижра (ай күнтізбесі) негізіндегі күнтізбе қолданылады. Ислам күнтізбесіндегі жаңа жыл мұхаррам айының 1-ші күні басталады, бірақ бұл күнді арнайы тойлау немесе мерекелеу шариғатта бекітілмеген.

 

Біздің заманымыздан бұрынғы 46 жылы Рим императоры Юлий Цезарь күнтізбені реформалап, қаңтардың 1-ін жылдың бірінші күні ретінде бекітеді. Осылайша, бұл күн Янус құдайымен тығыз байланысты болып, ескі мен жаңа жыл арасында өтпелі кезеңді бейнелейді.

Жаңа жылдың дәл осы күнге ауысуы Янус құдайының символикасымен сәйкес келеді. Римдіктер бұл күнді Янусқа құрбандық шалу, болашаққа тілектер тілеу және жақындарымен сыйлық алмасу арқылы атап өтетін болған. Қаңтар айы оның құрметіне аталған (“Ianuarius” – Янус айы).

 

Ақиқатында, бұл күннің шығу тегі христиан немесе ислам дініне мүлдем қатысы жоқ. Жаңа жыл мейрамы тарихи тұрғыда римдік пұтқа табынушылық дәстүрлерінен шыққаны, кейіннен христиандық мәдениеттің бір бөлігіне айналғаны айтылады. Сондықтан, христиандарға тән әрекеттерді мұсылманның орындауы Пайғамбардың (с.а.у) мына хадисіне қайшы келеді: Кім бір қауымға ұқсауға тырысса, ол солардан саналады – деген (Әбу Дәуіт, 4031) [2]. Мұсылман ғалымдары бұл хадиске сүйеніп, басқа діндерге тән әдет-ғұрыптарды қабылдамауды ұсынады.

 

Ибн Таймия бұл хадиске түсініктеме беріп:

 

Мұсылмандар өзге дінге тән салт-дәстүрлер мен мерекелерге қатыспауы тиіс, себебі бұл олардың ерекшелігін жояды – деп жазады [3, 1-т, 207 б].

 

Ибн Бааз жаңа жылды қаңтардың 1-інде тойлау – римдік Янус құдайына және кейінірек христиандық Иса пайғамбардың туған күніне (Рождествоға) байланысты рәсімдерден шыққанын алға тартып, мұндай негіздер исламда ширкке жақын деп қарастырылады деген [4, 3-т, 28-б].

Жаңа жыл қазіргі уақытта көптеген елдерде діни мазмұннан гөрі мәдени сипатқа ие болды. Бұл күнді отбасы мүшелерімен уақыт өткізу, жаңа жоспарлар құру, халал шеңберде көңіл көтеру сияқты бейтарап іс-әрекеттермен атап өтуге болады. Егер бұл шаралар ислам қағидаларына қайшы келмесе, шариғи тұрғыдан қатаң тыйым салынбайды. Мұсылман ғалымдары мәдени дәстүрлердің шариғатқа қайшы келмейтінін бірауыздан атап өтеді. Ибн Қайымның еңбектерінде: “Егер мәдениет шариғат қағидаларына сәйкес келсе және күнәлі әрекеттерді қамтымаса, онда оны ұстануға рұқсат етіледі,” – делінген [5, 1-т, 441-б].

 

Шейх Юсуф әл-Қардауи:

 

Егер жаңа жылды тойлау діни рәсімдерден бөлек, тек отбасы арасында уақыт өткізу немесе жақсы ниетпен жоспар құру ретінде қарастырылса, оны күнә деп санауға негіз жоқ – деген [6, 341-б].

 

Шейх Ибн Усаймин:

 

“Мұсылмандар өзге діндерге тән салт-дәстүрлерді қайталамауы керек. Бірақ егер бұл дәстүрдің діни емес, тұрмыстық не әлеуметтік мәні болса, оны харам деп кесіп айту қиын,” – деген [7, 2-т,112-б].

 

Бұл пікірлер заманауи мұсылмандардың кейбір бейтарап дәстүрлерді, мысалға, жаңа жылды тек мәдени тұрғыда тойлауына негіз бола алады.

 

Жаңа жылды тойлаудың шарттары:

 

1. Діни рәміздерді қолданбау: Мысалы, шырша тігу немесе Санта-Клаус бейнесін пайдалану.

 

2. Шариғатқа қайшы әрекеттерден аулақ болу: Ішімдік ішу, орынсыз көңіл көтеру және басқа күнәлі істерден тыйылу.

 

3. Тойлаудың мақсаты: Жаңа жылды рухани емес, мәдени және бейтарап сипатта атап өту.

Жаңа жылды тойлау ислам тұрғысынан діни мереке ретінде қабылданбайды және мұсылмандардың діни ерекшелігін сақтау маңызды. Бірақ заманауи қоғамда бұл мейрамды тек мәдени сипатта атап өтуге ғұламалардың кейбіреулері рұқсат береді. Ең бастысы – қандай да бір іс-әрекеттің шариғатқа қайшы келмеуі және адамды Алладан алыстатпауы.

 

 Алтай Қарсақбаев, дәрігер:

–Жаңа жылды қарсы алуда жылдан - жылға адамдардың көзқарастары өзгеруде. Болашақта жәй күнтізбенің жәй өзгеруі болып қалуы да мүмкін. Бірақ, дүние жүзі жаңа жылды тойлауды асыға күтеді. Кеңестік дәуірді бастан кешкен біздің балалық шағымызда Аяз ата мен жасыл шыршаның мәні зор еді. Жаңа жылда сыйлық алуды асыға күтетінбіз. Биылғы жылғы жаңа жылды қарсы алуды жұмыс күні болғаннан соң ба, әлде өзіміз туған - туыстарсыз басқа қаладан болғаннан кейін бе, қатты дайындық байқалмады. Желтоқсанның соңғы күні екенін ескеріп, арнайы қыдырып барып жиендерімізбен қарсы алатын жаңа жылға жайылған дастарханға жайғасып, балаларға сыйлықтарын таратқан сәтте ғана ескі жылдың соңғы сәттерімен жаңа 2025 жылдың басталғалы отырғанын сезіндік...

 

Пікір қалдырыңыз: