Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-01-11 10:45:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 26
Ал жауаптылар жалтарып әлек
Кешегі аптада жария болған ресми ақпаратта Шымкенттегі орталық су-спорт кешені сенімгерлік басқарудан мемлекет меншігіне қайтарылатындығы айтылды. Расында да былтырдан бері мегаполистегі кезінде сенімгерлікке беріліп, екіжақты келісімдегі талаптар орындалмағандықтан бірқатар нысандар қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың бақылауымен қайтадан мемлекет меншігіне алынып жатқанынан хабарымыз бар. Олар жайлы газетімізде бірнеше рет жаздық та.
Енді міне су-спорты кешені қайтарылып отыр. Қайтарылмай қайтеді, сенімгерлікке алған компания инвестор ретінде кешеннің жұмысын жақсартпақ түгілі, бар дүниесін бүлдіріп, талан-таражға салып жіберген сияқты. Өстіп отырып, мемлекеттік бюджеттен мол қаржы алып отырғанын қайтерсіз?!
Мәселенің мән-жайын басынан түсіндірсек, былай:
2017 жылы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қаулысымен «Орталық
су-спорт кешені» МКҚК сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға беріледі.
Нысанның нарықтағы құны сол кезде 1 млрд 213 млн 700 мың теңгені құрайды.
Электронды сауда нәтижесінде «GRAND TRUST» ЖШС жеңімпаз атанып, осы компанияға
білдей су спорты кешені сенімгерлік басқаруға беріледі. Келісімшарт талабы
бойынша сенімгерлік басқарушы нысанға 500 млн теңге инвестиция салып, салықтық
міндеттемелерін уақытылы орындауға тиіс болған.
Бірақ, бүгінгі жағдай көрсетіп отырғандай, келісімшартағы талаптардың бірі де орындалмаған. Тіпті салық та уақытылы төленбей қордалана берген. «Спорт кешенінің ғимараты пайдалануға жарамсыз күйге түсті. Қабырғалары жарылған, кейбір еден жабындары опырылған. Алдын ала тексеру барысында кешеннің қауіпсіздік талаптарына сай келмейтіні және оны пайдалану азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретіні анықталды» дейді тиісті сала мамандары.
«GRAND TRUST» ЖШС директоры Садықов Ақнұр Смаилұлы екен. Ол басқаратын серіктестік жыл сайын жергілікті бюджеттен қаржы алып отырғанын ақйтерсіз?! Мысалы, 2018-2024 жылдар аралығында ғимаратты ұстау және су спорты түрлері бойынша спортшыларды даярлау үшін серіктестікке бюджеттен 1 млрд 218 млн теңгеден астам қаражы бөлініпті. Ал, 2021-2024 жылдар аралығында мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына қаржыландыру бағдарламасы аясында Орталық су-спорт кешенінде жұмыс істеген «Су спорты түрлері орталығы» ЖШС жалпы сомасы 335 миллион теңге көлемінде қаражат алғаны да анықталды.
Есесіне, сенімгерлікке алған компания бюджетке салық төлемеген. Салыққа 111 млн теңгеден астам қарызы және сот шешіміне сәйкес шамамен 179 млн теңге қарызы бар.
Осы жәйттерді негізге ала отырып, Шымкент қаласы әкімдігі «GRAND TRUST» ЖШС-мен жасалған сенімгерлік басқару келісімшартын бұзу туралы сотқа талап арыз берген. Арыз Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық сотымен қанағаттандырылды.
Ал жоғарыдағы келтірілген дәйектер бойынша, ексерулердің қорытындысы негізінде барлық материалдар жағдайды талдау және құқықтық бағалау үшін тиісті органдарға да арыз берілген.
Енді қала әкімі «Орталық су-спорт кешеніне» күрделі жөндеу жүргізуді биылға жоспарлап отыр. Шымкенттіктер үшін бұл нысанның маңызы жоғары. Су спортымен айналысуға құмбыл талапкерлер де аз емес. Ал кәнігі спортшылар үшін жаттығу алаңының маериалдық техникалық базасының мығым болуы байрақты бәсекелерде жеңіс тұғырынан көрінуге негіз болары айтпаса да түсінікті.
Десе де, көкейде қалған күдікті ой, кезінде соны сенімгерлікке берген облыстық әкімдіктегі жауапты мамандар неге жауапқа тартылмайды? Екі жақты келісімшарт талаптарының орындалмауы жылдар бойына бақылауға алынбағаны қалай? Оған кім жауапты еді? Қазіргідей күйге түсуіне бірден бір кінәлілер солар емес пе? Сенімгерлікке алған компания басшысына артылар жауапкершіліктің жүгі жеңіл болмауы керек. Алағанымен қоймай, бюджеттен қосымша қаржы жа алып отыру, ал салықтан жалтару қаншалықты заңсыздыққа барғанының дәлелі емес пе?
Қала әкімі де бұл мәселені жіті қадағалап, тексеруді тиісті органдарға тапсырып отырғанын мәлімдеді. Бәрі де заң аясында шешілуі керек.
Сондай-ақ, сенімгерлікке алған нысандарды мақсатсыз қолданып отырғандарға да бұл сабақ болуы керектігін, барлық келісімшарт тексеріліп жатқанын ескерткен қала әкімдігі алдағы кезде де талап үдесінен шыға алмаған кәсіпкерлерден нысандар мемлекеттік меншікке қайтарыла беретіндігін айтуда.
Солай болу керек.
С.Жұмағұлова