Теріскей түгіл жалпақ қазақ жұрт түгел тануға лайық Бүркіт Арынбеков

Әлеумет

Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-01-06 10:15:00 | Соңғы рет жаңартылған уақыты: admin on

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 27


Теріскей түгіл жалпақ қазақ жұрт түгел тануға лайық Бүркіт Арынбеков


Бүркіт Арынбековтың есімі оңтүстік өңірінің жұртшылығына кеңінен таныс. Ең алдымен біз оны ауыл медицинасын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан азамат ретінде білеміз. Сонымен қатар, оның ерлікке пара-пар ісі көп-ақ. Мысалы ол, хәл үстінде жатқан науқастың өмірін сақтап қалу үшін өзінің қанын құйып, ажалға араша түскен абзал жан. Былтыр Бүркіт ағаның денсаулық сақтау саласындағы осынау ерең еңбегі еленіп, оған Астана қаласында республика көлемінде ұйымдастырылған іс-шарада «Жақсы адам-2024» сыйлығы салтанатты түрде тапсырылды.

Орайы келгенде өз ісінің нағыз маманын осынау марапатымен құттықтап, сұхбаттастық.

Созақ аудандық ауруханада өткен 58 жылдық еңбек өтілінде 10 мыңнан астам ота жасаған Бүркіт ағаға қойған алғашқы сұрағымыз есімінің сырына байланысты болды.

–Әкем Арынбек пен анам Күлайым колхоздың сиырын бағып, күнелткен қарапайым кісілер болған. 8 перзент тәрбиелеп өсірген. Менің балалық шағым төрт қанат киіз үйде өтті. Әкем күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды өзі жасайтын білетін шебер еді. Ол күн жылы уақытта балаларым бірге ойнасын деп өзі секілді малшылармен көрші қоныстанатын. Кейін қайтадан қыстауға, құмға қарай көшетінбіз.

Мен 1947 жылы туғанмын. Анамның маған аяғы ауыр кезінде жездем Аманбай түс көріпті. Түсінде әкем қолына қыран бүркітті қондырып алыпты. Бір кезде әлгінің томағасын шешіп, көкке қалықтатып ұшырып жіберіпті. Содан Аманбай жездем әкеме апамның ұл баланы дүниеге әкелетінін, оның есімін «Бүркіт» деп қою керектігін айтқан екен.

Дүние есігін ашқаныма санаулы күндер болғанда алапат дауыл соғып, малшылардың үйлерін жел ұшырып әкетеді. Дүние-мүлік сай-салаға шашылып, адамдар бірін-бірі жоғалтып алады. Дауыл басылған соң жұрт туғанын түгендемей ме? Ата-анам мені Күлшәт әпкеммен бірге үңгірдің ішінен табады. 9-10 жасар Күлшәт әпкем құлақты тұңдыра шырылдаған қызылшақа сәбиді етегіне салып алып, сол жаққа қарай қашқан болуы керек.

Қыстыгүні құмға қарай көшетінбіз дедім ғой. Құмның маңы қалың сексеуіл болатын. Күлшәт әпкем екеуміз оны босағаға әкеп үйіп қоятынбыз. Киіз үйдің ішін жылыту үшін ортада үздіксіз сол сексеуілді жағып, айнала отыратынбыз. Бетімізді оттың жалыны жылытқанымен, арқамыздан жел сабалап, ызғар өтіп тұратын. 

Әкеме серік болып, аңға шығатынмын. Қоянға тұзақ, түлкіге қақпан құратынбыз. Мектеп жасына жақындағанымда Күлшәт әпкем қолыма қалам ұстатып, әріп танытты. Келесі жылы әкем Рәзия әпкеме мені табыстап, ауылға тастап кетті. Дала төсінде еркін аунап-қунап өскен мен сонда үйлерді, топырағы бұрқырап жатқан көшелерді алғаш рет көріп, таңқалған болатынмын,- дейді Бүркіт аға.

Сөйтіп, Бүркіт Арынбеков 1955 жылы Құмкент ауылындағы Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, 1963 жылы мектепті бітіріп шықтым. Ол уақыттарда ауданда қай салада болмасын маман тапшы. Әсіресе, дәрігерлер қажет еді. Өйткені, дәл сол уақытта одақтас елдерден жолдамамен келген дәрігерлер тұрмыстық жағдайдың жоқ екенін сылтауратып, елдеріне қайтып кеткен болатын. Содан ауыл басшылары ойласа келе, жастарды сұраныс туып тұрған салалар бойынша оқуға жіберіп, даярлауды қолға алды.

–Әкем дүние салғаннан кейін біздің әулетіміздің қамқоршысы Шора ағам болды. Шора ағамның бағыттауымен Леңгір қаласындағы медициналық училищесіне құжаттарымды тапсырдым. Онда төрт жыл оқып, ауылға оралып, дәрігерлік еңбек жолымды бастадым. Бұл 1967 жыл болатын. Арада екі ай уақыт өткенде аудандық әскери комиссариаттан шақырту алып, одақтас республика Түркіменстанның Мары қаласында әскери борышымды өтеуге аттандым. 

Әскерден келіп, жұмысымды қайта жалғастырдым. Өйткені, арнаулы орта оқу орнын бітірген түлектерге үш жыл мамандық бойынша жұмыс істеу міндеттелген болатын. Содан кейін ғана жоғары оқу орнына баруына рұқсат берілетін. Бір жылдан соң Алматы мемлекеттік медицина институтына құжаттарымды тапсырдым. Мына бір оқиға есіме түсіп отыр. Реті келгенде оны да айта кетейін.

Жаз уақыты еді. Жатақханада үш жігіт тұрдық. Тіл табысып, жақын араласып кеттік. Салқын жел соғып тұрсын деп тереземізді ашып қоятынбыз. Бір күні жоғары жақтан жіпке ілінген қасық келіп біздің тереземіздің алдында көлбең қағып тұр. Бақсақ, әлгі қасыққа бір жапырақ қағаз байланыпты. Қасықтың салмағымен жеткен хатта «Біздерде ет бар еді. Сіздерден кастрюль табыла ма» деп жазылыпты. Біз мұндай сәтті құр жібереміз бе. «Қонаққа шақырсаңыздар, кастрюль табылады ғой» деп кері хат жазып жібердік. Содан кешқұрым киініп алып, әлгі бөлменің қыздарына қонаққа бардық. Менің көзім күлімдеген ақсары қызға түсті. Ол өзін «Гүлбахира» деп таныстырды. Оңтүстіктің қызы екен. Түлкібастық. Міне, осы сәттен бастап Гүлбахира екеуміз өміріміз бірге өріліп, үшінші курста отау құрдық. Екеуміз де үздік студент болдық.

Оқуды бітіріп келгеннен кейін мен аудандық аурухананың хирургия бөлімшесіне оташы, ал Гүлбахира емханаға дәрігер невропатолог болып жұмысқа орналастық. Ол уақытта аудандық ауруханада реанимация бөлімшесі жоқ еді. Сонымен қатар, бізге емдік шараларды жүзеге асыру үшін анестезиолог-реаниматолог дәрігер ауадай қажет болатын. Өйткені, біз бұл мамансыз күрделі оталарды жасай алмайтын едік.

Анестезиолог-реаниматолог – күрделі ота жасау кезінде науқасқа дәрі егіп, оны ауырсынуды сезінбейтіндей қалың ұйқыға жіберетін және жүрек соғысы мен тыныс алуының қалыпты болуын бақылап отыратын маман. Бір күні бас дәрігер Сәкен Ниязбеков мені өзіне шақырып алып, жолдамамен Алматыдағы дәрігерлердің білімін жетілдіру институтына анестезиолог-реаниматолог мамандығын меңгеріп келуге жіберетіндігін айтты. Содан Алматыға тағы да оқуға аттандым,- дейді Бүркіт Арынбеков. 

Елге оралғаннан кейін Бүркіт ағаның алдында науқастарға жасалатын хирургиялық көмекті жаңа деңгейге көтеру кезеңі тұрды. 1980 жылы аудандық ауруханада алғаш рет өтке жоспарлы және шұғыл түрде ота жасалды. Ендігі міндет – асқазан жарасын түбегейлі оталап алу еді. Бүркіт Арынбеков Әбіләкім Әзнаев, Нұрлан Жұмақов, Сейділда Күнжолов және Талғат Тілісбаев секілді дәрігерлер тобымен бірге 1992 жылы асқазанға ота жасады. Бұл ота да сәтті аяқталып, науқас ауруынан айықты. Міне, осылайша аудандық ауруханада кезек күттірмей шұғыл әрекет етуді қажет ететін адамның ішкі ағзаларына, өтке, бауырға, өкпеге ота жасала бастады. Орайы келгенде Бүркіт ағадан дәрігерлер еңбек жолында есте қалған оқиғалар жайлы сұрап едік.

–1992 жылдың көктемі болатын. Созақ ауданынан 130 шақырым жерде орналасқан Қаратау ауылындағы бөлімшелік ауруханадан шұғыл шақырту түсіп, аурухана бас дәрігері Аманжол Тұрабаев ауылда бір жігіттің абайсызда аң аулайтын мылтығынан оқ атылып жараланғанын жеткізді. Оқ науқастың кеудесіне, өкпе тұсына тигенін айтып, тез келуімізді өтінеді. «Біз жеткенше шыдата аласыздар ма?» деп сұрадым. Өйткені, оның халінің нашар екені, әр дем алған сайын жарадан қан кетіп жатқаны анық еді. «Қолдан келгені көмекті көрсетудеміз» деді. Қан тапсыратын донорларды жедел түрде тауып қоюларын тапсырдым да, жолға шықтым. Сантитарлық көлікпен наркоз беретін қондырғыны, ота жасайтын құрал-саймандарымды алып, анестезиолог дәрігерді қасыма ертіп Қаратау ауылына қарай аттандым.

Бөлімше алдында адам көп. Бір жас баланың жағдайын білуге, екіншісі қан тапсыруға келіпті. Біз дереу науқас жатқан бөлмеге қарай бет алдық. Науқастың есі кіресілі-шығасылы, тілге келмей жатыр. Оқ өкпені тесіп, төртінші қабырға тұсынан өтіп, сол жақ жауырын астын қопарған екен. Ауылдық ауруханада ота үстелі қайдан болсын. Содан қансырап жатқан науқасты әйелдер босанатын кереуетке жатқызып, шұғыл түрде ота жасадық. Кеуде қуысындағы ұйыған қанды тазалап, тесілген көпені жамадық. Ота күрделі болып, біраз уақытқа созылды. Қайтарда жараланған жігіттің қасына бір дәрігерді қалдырып, ары қарай қабылдайтын емдік шараларды жазып бердік. Үш күннен кейін оны аудандық аурухананың хирургия бөліміне ауыстырып, өзіміздің бақылауымызға алдық.

Тағы бір оқиғаны айтайын. Хирургия бөлімшесінің жанында перзетхана орналасқан. Сол жақтан шақырту түсті. Барсақ, жаңадан босанған келіншектің құрсағынан қан тоқтамай жатыр. Жағдайы нашарлап барады. Қан алмастырғыш дәрігерді құйып көрдік. Ешқандай нәтиже берер емес. Оған құятын қан да жоқ. Бізге қалай да бұл жағдайдан шығар жолды қарастыру керек. Сөйтіп, шұғыл түрде өзіміздің қан тобымызды анықтап, Әбіләкім Әзнаев екеумізден қан алып, әйелге құйды. Ота жасалды. Дәрігерлердің басында мұндай жағдайлар көп болады, - дейді Бүркіт аға.

Шипалы қолымен талайлардың дертіне шипағатын дарытқан Бүркіт ағаның дәрігерлік жолы соңынан ерген ақ халаттыларға қашанда үлгі-өнеге бола бермек.

 

Д. ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз: