Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-01-01 15:45:00 | Соңғы рет жаңартылған уақыты: admin on
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 29
Жаңа айдар: Есте қалған кешегі күн...
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани, ағарту саласында жетістіктерге жете білген, кезінде өңірді өркендетуге өзіндік зор үлесін қосқан азаматтармен арадағы сұхбаттар, олар жайлы танымдық мақалаларды жаңғыртып, ел есіне есімдерін салып отыруды, кешегі күннің қоғамдық мәселесін еске түсіріп отыруды көздейді.
Әдетте, кездесіп пікірлескен адамың өрелі ой айтса, көңіл көкжиегін кеңітсе, жүзің жадырап, жан сарайың шалқып қалады. Бексейіт Нәбиұлымен жүздесу, ол кісінің қызықты өмірі жайлы әңгіме тыңдау маған осындай бір әдемі әсер қалдырды. Адам баласының өмірдегі жарқын жолы, басқан ізі, өз ойынан шығатындай, өзін қоршаған адамдарға да шуағын құятындай болса, халқына адал еңбегімен елеулі болса – бұл пәниде «бақытты жанмын» деуіне толық негізі бар. Нұрлы жүзді, парасатты, ойлы азамат Бексейіт Нәбиұлы Дүйсебаевтың өмір жолы да менің осы ойларымды толық айғақтап тұрғандай. Сол бір естен кетпес күндер жайлы Бексейіт аға әңгімесін қызыға да сүйсіне тыңдадым.
... Орта Азия университетін бітірген жас маман Жер-Ананың сүйікті ұлына, жер қыртысын зерттейтін маманға айналады. 1977 жылы кеңестік идеология аясында маман алмасу тәжірибесімен туысқан елдерге жолданған экологиялық экспедиция құрамында қазақ жігіті Ливия елінен бір-ақ шығады. Ауыл шаруашылығының мамандары бұл елде жер қыртысын, топырақтың құнарын зерттейді, бұл ғылыми зерттеулерді әлемдік көрсет-кіштерге сай айқындайды. Көршілес жатқан Египет, Судан, Чад, Тунис елдеріне экологиялық экспедицияның техникалық жетекшісі болып қызмет етеді. Бұл елден жинақтаған тәжірибесі өзінің туған елдегі жер қыртысын зерттеу жұмысына игі ықпалын тигізеді. Осы аралықта бірнеше рет Бүкілодақтық жер қыртысын зерттеушілер съездеріне қатысады, Мәскеудегі, Хельсинкидегі Дүниежүзілік конгреске қатысып, осы саланың проблемалары туралы баяндама жасайды. Араға бірнеше жыл салып, мамандығын шыңдай түсудің, шет елде қызмет етудің сәті тағы түседі. Сөйтіп, Бексейіт Нәбиұлы екі жарым жыл Лаос елінде қызмет атқарады. Үш айда осы елдің тай тілін еркін меңгеріп алады. Мұнда да жер қыртыстарына ғылыми тұрғыдан баға беріп, бас сарапшы ретінде Камбоджа, Бирма, Шри-Ланка, Таиланд пен Австралияны қамтиды.
Шетелдерде маман болып, осы істің қыр - сырын бүге - шігесіне дейін терең меңгерген маман Одақ ыдыраған соң туған елге қайтып оралады. Үш ай мезгілде «Оңтүстік Қазақстан облысының жерін бүлінуден сақтау» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Бірнеше монография, ғылыми мақала жазады. Елге келген соң өзінің сүйікті мамандығы бойынша жер қыртыстарын зерттейтін жобалау институтында істеп жүрген жерінен қазіргі қызметі – Шымкент қалалық жер қатынастары және жерге орналастыру жөніндегі комитетке төраға болып тағайындалады. Бұл қызметтің үлкен жауапкершілігі жайлы Бексейіт Нәбиұлы былай деп әңгімелейді:
–Жер-Ана – біздің асыраушымыз дейміз, яғни, Жерді Анаға те-ңестіруімізде терең сыр бар. Анамызды сатпайтын болсақ, туған жерімізді де сатуға болмайды. Мен қызмет еткен шет мемлекеттерде жердің әр сүйемі бағалы. Оны пайдаланып отырған адам жерді киелі деп, аялап, қамқорлықпен қарайды. Бізге де сондай ұқыптылық, жанашырлық көзқарас қалыптастыру керек. Біздің комитет қаламыздағы жер ресурстарын басқаруда біртұтас мемлекеттік саясат жүргізу мақсатында, жер қатынастарын реттеп отыру, оны тиімді пайдалану, жерді қорғауға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру мақсатында қала Әкімінің 1994 жылғы 31 тамыздағы N857 қаулысымен кұрылған болатын.
Жалпы біздің коғамымызда бұған дейін жерге ешқандай қатысы жок, жердің тілін білмейтін адамдардың жерге қожалық етіп, иемденіп келгені жасырын емес. «Бизнесте тасы өрге домалаған» азаматтар жерді шексіз көлемде мемлекеттен тегін алып, ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне үлкен пайда табу мақсатында жалға берген, нәтижесінде мұндай адамдардың өздері байыды да, мемлекет кедей қалпында қала берді. Сондай - ақ көптеген адамдар тұрған үйлерін, саяжай кұрылыстарын сатып жіберді, осылайша бұл құрылыстар тұрған жер де сатылды. Мұндай келісімнен мемлекет жердің меншік иесі ретінде ешқандай пайда ала алмады. Ендігі жерде осы қайшылықты жою жолында жерге меншікті конституциялық негізіне нұқсан келтірмейтін жол іздестіріліп, қарастырылды. Біздің комитетте осындай заңды құжаттар әзірленіп, қол қойылады. Бізде азаматтарға жеке меншіктегі жерді өмір бойы мұраға қалдырып иеленуге құқық беретін мемлекеттік акт толтырылады. Ал мекеме, ұйымдарға «Жерді тұрақты пайдалануға құқық беретін мемлекеттік акт» деген құжат беріледі. Мұның барлығы біздің қаламызда тұратын өз жеке меншігі бар әр азамат, әр ұйымға тегін толтырылып, заңды түрде табыс етіледі. Қазір акционерлік қоғам, холдинг, ассоциация дегендер көбейді. Олар мемлекеттен бөлініп, өз меншігіне алғысы келсе, оларға кәсіпорын тұрған жерді сатып алыңыз, сонда ғана толық өз меншігіңе өтеді деп түсіндірудеміз. Бірлескен кәсіпорындар, шетелден келген іскер азаматтарға «Жерді уақытша пайдалану және оны жалға алуға құқық беретін шарт» құжаты беріледі. Оның мерзімі қысқа мерзімді (3 жылға) және ұзақ мерзімді (99 жыл) болып белгіленген. Осындай құқықтарды сату аркылы жер нарық механизміне қосылады.
–Coнда әр азаматқа қанша көлемдегі жерді тегін пайдалану құқығы беріледі, әлде әp азаматтың мүмкіндігіне қарай жерді шексіз көлемде алуына бола ма?
– Республикамыздың әр азаматы жеке үй салуға 0,08 га, саяжайға арналған 0,08 га, гараж участогын тегін алуға құқылы. Бұдан артық учаскеге бекітілген тариф бойынша жер заңдылығына сәйкес баға белгіленеді. Шымкент қаласында әрбір шаршы метр жердің бағасы 105 теңгеге бағаланған. Бұл бағаның жердің орналасқан орнына қарай, құнарлы - құнарсыздығы, су көздеріне жақындығына қарай 2 есеге дейін артуы немесе кемуі мүмкін, сол себепті әр шаршы метр бағасы 52,5 - 210 теңге аралығында ауытқиды. Қаламыздың жер жағдайы өте қиын десе болады. Қолы жеткеннің бәрі жерді бірнеше есе көп етіп алып алған. Жердің нарқы жайлы ешкім ойланбаған. Сондықтан біздің басты мақсатымыз – осы қаладағы жер қатынастарын реттеу, пайдаланып отырған барлық жерді есепке алып тізімдеу, жер учаскелерін айқындау, жерді жекешелендіруге, тиімді пайдалануға бақылау орнату болып табылады.
– Әңгімеңізден Жер-Ананың шын жанашыр, білікті маманы екеніңізді аңғарғандаймыз. Ал, қазір өзіңіз білесіз, бip топ кәсіпкер «жерді сату керек» деген үндеу жариялады, жер жайлы алып-қашпа сөздер көбейіп барады. Осы тұрғыда сіздің пікіріңізді білгіміз келеді.
– Біз өз жерімізді жеткілікті бағаламайтын сияқтымыз. Шет елден келген азаматтар біздің жеріміздің бағасын естігенде «қандай арзан» деп таңқалысады. Ал олар бір тұтамдай жерді өте қымбат сатып алады, сосын құрылысты аспандатып жоғары қарай көп қабат етіп салады. Бізге де жерді осындай лайықты бағалап, оның тиімді пайдаланылуына қатаң бақылау орнату керек.
Көшіп кететін азаматтар өмір бойы бұл жерге бір тиын төлемегенін ескеруі керек, ақысын төлемей сатуға қақысы жок. Халыққа жер саясатын түсіндіруіміз қажет. Ал, жалпы «жер сатылсын» деген жалпақ ұранмен дау- рығып жүргендерге тыйым салынса деймін.
Қашанда атқа мінгендер атын алып қалады, ал кетпен ұстағандардың жерді сатып алуға шамасы келмейді. Жерді пайдалану құқығын алған азаматтар жерге қожайын бола білуі керек. Бұл ұғымға жерге қамқорлық жасау, күтіп ұстау, кұнарлылығын арттыру жатады. Кәсіпорындар да өздерінің мекен-жайын ұқыпты ұстамаса, қоқысқа айналдырса жерге тигізген зияны үшін орнын толтырып, өкіметке тиесілі ақыны төлеп отыруы керек. Мәселен, мынау кірпіш зауытындағыдай ойылып, ойдым - ойдым шұңқырға айналған жерлер үшін шетелдерде көп мөлшерде айып төлеген болар еді.
– Әңгімеңізді ел болашағы - жастар тәрбиесіне ойыстырсақ. Сіз бірнеше жыл шетелде тұрып, қызмет еттіңіз. Олардың өмірінде біз үйренер, үлгі алар жайлар бар шыгар, біздің де басқа халық алдында мақтан етер қасиеттеріміз аз ба?
– Мұсылмандық қатаң ұсталатын елдердс имандылық, адалдық қасиеті жоғары. Аштан өлейін деп жатқан адамның өзі де біреудің ала жібін аттамайды, рұқсатсыз ештеңе алмайды. Базарда зат сатып аларда бір тиыныңыз кем болса, бермейді. Егер «оллаһи, әкеліп беремін» десеңіз, кез - келгені сізге сатып жібереді. Халық бай, адал, өте таза тұрады. Біздің халқымыздың болашағы жарқын болуы үшін жастарымыз адалдыққа, адамдыққа үйренсе деймін. «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына қиналамын» дегендей, казіргі нарық қыспағы билеген заманда тек құлқынды ойламай, адамгершіліктен айырылмасақ екен, балаларды азаматтық қасиеттерге тәрбиелейік. Мұсылман елдерінің арасында салыстырып қарасақ, қазақтың қыздары бақытты жандар, өйткені олар ешқашан паранжі киген емес, жүздері ашық, еңсесі биік, жан-сарайы көркем болған, халқымыз абзал ананы, көрікті қызын қастерлеп, құрметтей білген. Кейде көшеде кетіп бара жатқан қыздарға тиісіп, дөрекі сөйлеген жастарды көргенде карның ашады. Өз балаларым да ержетті, олар шетелде білім алды, соған қарамастан ана тілін жетік біледі, араб тілін толық меңгерген. Болашағымыз сенімді болуы үшін осы жастардың тәрбиесіне мән берейік.
Негізінде мен оптимиспін, еліміз аман болса, аспанымыз ашық, бейбіт заман болса, бүгінгі экономикалық қиыншылықтан да шығармыз. Ол үшін әркім өзі иеленген жерге қожалық ете біліп, оны тиімді пайдаланып, игілігіне жарата білуі керек.
Өмірден көргені де, түйгені де көп, өрелі ой, салалы пікір айтатын, өз елінің намысын бір азаматтай қорғай білетін, Жер-Ананың шын жанашыры, білікті маманы Бексейіт Нәбиұлының сыр сандығы осылай күмбірлейді. Қүрдастары қалжыңдап, кездескен сәтте «1020 жыл жасаған керемет жігіт» деп мақтан тұтады, марапаттап, жан тербейтін жақсы әңгімесін жалықпай тыңдайды. 1020 жыл Бексейіт Нәбиұлы қызмет еткен мұсылман елдеріндегі жыл санау айырмашылығынан туындайды. Бақыттың да, байлықтың да – жерде екеніне сенімді абзал ағаның алдағы күндері нұрлы бола берсін деген ізгі тілектеміз біз де.
Ләззат НОҒАЙБАЕВА,
1995 жыл ақпан