АҚЫЛЫ АБЫСЫНДАР ШЫҒЫПТЫ

Мәселе

Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-01-09 14:51:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 80


АҚЫЛЫ АБЫСЫНДАР ШЫҒЫПТЫ

Үйге құдайы қонақ келсе барын ортаға төгіп, бейтаныс жанды Құдайындай күтіп алатын, қайран, аналарым-ай! Кішігірім жиын өткізсе де, келіндерін жұмылдырып, қолда барын қанағат етіп, өздері-ақ ұйымшылдықпен дастарханды жайнатып жіберетін.

Қазір кешкі асын дайындауға ерініп, күйеуін кафе мен ресторанға сүйрей жөнелетін жалқау келіндердің еркелігін біліп алған ба, ақылы дастархан жайып, үй жағалап тапсырыс қабылдайтын оңай олжа тапқыш «абысындар» көбейе бастапты. Бағасын естіп жағамызды ұстадық. Дайын дастарханды «жайнату» үшін метрлеп бағасын шығарып қойған. Мәселен, төргі бөлмеңізге 10 метр ұзындықта дастархан жайдырсаңыз, пысықай абысындарға 200 000 теңгеңізді шытырлатып санап беруіңіз керек. Себебі, азық әзірлеп қойғаны үшін дастарханның әр шаршы метріне 20 000 теңгеден смета бекітіп алған. Бір тістем уылдырық пен бір тілім ысталған балық қостырсаңыз, дастархан бағасы одан да қымбаттай түседі.

Нарық заманының күнкөріс үшін не түрлі айла-шарғыны шығарып жатқаны рас. Тек келіндеріміз дайын дастарханға малданамын деп, қонақ күтуден қалып қоя ма деп қорқамыз...

Бекжігіт Сердәлі,

журналист, композитор

Пікір қалдырыңыз: