Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-01-26 11:45:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 209
ЦОН-да құжат тапсырамын деп 3,5 сағат жүрдім. Таусылмайтын кезекте қасымда орыс әйел отырды. Баласы звондап қалып, жүрегі жарылардай қуанды. Баласына «Ну, как в Мекке?» дегенін естіп қалып, бетіне таңырқай қарадым. Соңында «Кабыл болсын!» дегенде, одан бетер таңырқайын?! Сөйтсем, баласы Меккеде, кіші қажылық өтеп жүр екен?! Қызық көріп тіл сұрастық. Баласы жаман топқа қосылып, көресіні көрсетеді. Қиналғаннан Батюшкаға барады. Әбден тыңдаған Батюшка «Мешітке бар. Мүмкін, имам тілін табар» деп ақыл береді. Не керек, баласын алдап-сулап мешітке апарады. Нәтижеде, бала 180 градусқа өзгереді. Жаман қылықтан арылып, ақырында жамағатпен бірге Меккеге кетіпті?! «Қит етсе өзіме қарсы шауып, тілімді алмайтын. Нашақорлармен дос болып, үйден зат алып шығып кететін. Мұсылмандықты қабылдағалы үйге береке кірді. Жанжал дегенді ұмыттым. Бақыттымын» деп, қуанғаннан жылап та қалды.
Баласы Құранды өз тілінде оқу үшін арабша үйреніп жүр
екен. Сварщик боп жұмысқа тұрып, машина сатып алыпты. «Айтпақшы, Меккеге ұлым болашақ
келінмен бірге кетті» дейді. Қызы да мұсылмандықты қабылдапты. «Надо будеть сама
приму, лижбы сыну было хорошо» дейді, қу шеше?! Бала үшін дінін ауыстыруға дайын. Бір жағынан жаным ашып, бір жағынан баласының
оң жолын тауып, анасына мейірімі оянғанына қуандым. Жаулығыма қарап менен «намаз
оқисың ба?» деп сұрады. Оқитынымды естіп, «баламды құтқарған сенің дініңе
құдайдай сенемін» дегенде, кәдімгідей марқайып қалдым. Исламның шапағаты бір
отбасын бақытқа кенелтті. Керемет, иә?!
Сая Қасымбек,
Драматург-режиссер