Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-01-20 10:15:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 197
жеке мүдденің жыры ма, елдік мүдденің қамы ма?
Әдетте халық қалаулысы атанған депутаттардың дені жергілікті билікпен
бірауыз болатыны түсінікті. Алайда, Отырар ауданында ол «дәстүр» сақтала
бермейтіні байқалады. Соңғы 15 жылда отырарлық депутаттар белсенділігімен көзге
түсіп келеді. Тіпті, алдыңғы шақырылым депутаттары арасында аудан әкіміне
сенімсіздік танытуға дейін барған кездері болды. Мұны тарих еншісіндегі дүние
десек те «асау мінез» әлі де суымаған сыңайлы.
Ақиқатты айтатын мінезді депуттардың болғаны жақсы. Бірақ олар бір-бірімен жеке мүдде, көзқарас қайшылығы үшін текетіреске барса, оның зардабы халыққа тиетіні түсінікті. Мәселен, өткен жылы бюджетті талқылауға салған сессияда аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов пен депутат Мұхтар Есжанов өзара келісе алмай, қатты сөзге барысып қалғанына өзіміз де куәміз. Сол кезде жаңадан тағайындалған аудан әкімі Қайрат Жолдыбай және өзге де азаматтардың араласуымен сессия төбелеске ұласып кетпей тарқаған-ды. Осындай араздық салдарынан М.Есжановты қолдайтын бір топ депутат сессияға қатыспай қойып, кворум болмағандықтан сессия өтпей қалады. Үш рет қатарынан сессияға қатыспау - сайлау комиссиясының депутатқа шара көруіне себеп болатындықтан, олар үшінші сессияға амалсыз қатысады. Қойған талаптары орындалмаса «сессияны тастап кетіп қаламыз» деп қорқытқан кездері де жоқ емес.
Депутаттар корпусының екіге жарылып, екі жағаға шығуы оларды қолдаған сайлаушылардың да ортақ пікірге келуіне кедергісін келтіруде. Осыған орай аталған екі депутаттан да мәселенің анық-қанығын білу үшін сұхбат беруін сұраған едік. Алайда, әзірге нақты жауап бола қоймады. Дегенмен өзара түсіністі ме, әлде басқа себебі бар ма кейінгі кездері дау басылған сыңайлы. Қалай болғанда да елдің жүгін арқалаған азаматтардың ауызбірлікте болып, ел мүддесі таразыға түскенде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ақылдасып тірлік еткендері жөн ғой. Қанша дегенмен, «келісіп пішкен тон келте болмайды».
Кез-келген келеңсіздіктің себебін білмей, салдарын жоя алмаймыз. Отырарлық депутаттар арасындағы алауыздыққа не себеп? Осы сұрақты біз Отырар ауданының белсінді азаматы Бегімше Ибрагимовке қойған едік. «Анық-қанығын өздерінен жақсы ешкім білмейді. Бірақ, біз кінәні өзгеден іздеуге құмармыз ғой. Мұхтар Есжанов «депутаттар жікке бөлінеді» дегенді айтады. Уалихан Ұзақовтың да өзін ақтап айтары бар шығар. Бірақ, бізге олардың өзара тайталасуы емес, халық игілігі үшін еткен еңбектері маңызды. Ақиқатын айтсам, М.Есжановтың жеке басында шаруам жоқ, ал депутат міндетін атқарудағы әрекетіне риза емеспін. Депутаттыққа үміткер кезіндегі үйіп-төккен уәделерінің орындалып жатқанын байқамаймын. Әлеуметтік желідегі жазбаларынан мәслихат төрағасымен екеуінің арасында талас-тартыс бары байқалады. Ел мүддесі жолында жеке мүдде болмауы тиіс қой», - деді ол.
Кейбір шетелдік депутаттардың, тіпті көршіміз Қырғыз елінің өзінде халық қалаулылары ел мүддесі таразыға түскенде көкпар тартқандай тартысып, тіпті жұдырықтасуға дейін барып жататынын көреміз. Халық мүддесін қорғау міндеті саналатын депуттартар үшін мұндай мінез қажет те шығар. Әлихан Бөкейхан атамыз айтпақшы, «ұлтқа қызмет ету – мінезден!». Бірақ сол мінез жеке бастың емес, ұлттың, елдің мүддесі үшін қызмет етіп жатса, қанекей!
P.S.:
Бұл туралы депутат Мұхтар Есжанов қандай да бір түсініктеме беретінболса, оны да алдағы кезде сайтымызға жариялауға дайынбыз. Жалпы отырарлық депутаттардың дүрдараздығы неден басталып, неге негізделгенін білгіміз келеді. ОРтаға салып, бөлісетіндер болса, мархабат!
Ұ.ҮМБЕТ.