Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-01-31 11:45:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 157
Тосын сұрақ
Сайрам ауылын Сайрам ауданына қайта қосу керек пе?
Бірден айтайық, бұл сауалды ел мен жердің жанашыры, халықтың аманатын арқалаған азаматтар деген үмітпен алдымен Сайрам ауданынан сайланған облыстық мәслихаттағы депутаттар Сұлтан Көшенов пен Бекжан Айтқұловқа да қойдық. Алайда бұл азаматтар сұрағымызға жауап бермеді. Халық қызметшісіндегі аудандық әкімдіктің атқамінерлеріне де көлденең тарттық. «Тұрғындар тарапынан нақты ұсыныс түскен жоқ» деген жауапты ғана алға тартқан олар тосын сұраққа тосырқай қараған күйі қалды.
Сонымен…
Сайрам ауданы – Түркістан облысындағы халқы тығыз орналасқан аудандардың бірі. Аудан орталығы – Ақсукент ауылы. Іргесін 1928 жылы қалаған. Қазіргі жер көлемі ресми деректерде 1,1 мың км² деп көрсетілген. Осы аумақта 2023 жылғы дерек бойынша 231,9 мың тұрғын тұрады.
Ауданның аты айтып тұрғандай-ақ, «Сайрамда бар сансыз баб» тәмсіліне негізделген. Тарихи атау. Оған түрткі болған сансыз бабтардың (тарихи орындар, ескерткіш, кесене, мазараттар) көбі дерлік Сайрам ауылының аумағында. Ол ауыл қазіргі таңда «Шымкент – агломерациясы» жобасы аясында Шымкент қаласының құрамына енген. Сансыз бабтар мекені Шымкент қаласына тиесілі. Шымкент билігі бұл ауылға «Сайрам тұрғын алабы» деп ресми атау берген.
Ал Түркістан облысындағы Сайрам ауданында аудан атауына негіз болған ауыл жоқ. «Аты бар да заты жоқ аудан» деп отырғанымыздың мәнісі осында.
Жалпы, белгілі тарихшы Жамбыл Артықбаев Сайрамның тарихы туралы деректерде ауыл атының он түрі кездесетінін айтады. Соның бірі «Кəрі Сайрам» деген ат дейді ғалым.
ЮНЕСКОның қамқорлығына алынып, түбі бір түркі жұрты түгел көз тіккен Түркістанның мерейін асқақтатып тұрған Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тәу етіп баратындардың керуені ең алдымен бабаның ата-анасы Ибарһим ата мен Қарашаш ана жатқан Сайрам жеріне бет түзейді. Зиярат етудің шарты солай. Бүгінде «Тұрғын алап» дәрежесіндегі Сайрам ауылына туристердің келіп-кету деңгейі қалай?
Оның жәйі басқа тақырыпқа тұздық бола жатар. Қазіргі мәселе тарихы терең Сайрам ауылының мәртебесін айшықтауға негіз болған ауданның атауына байланысты. Дәлірек айтқанда «Сайрамда бар сансыз баб, Отырарда отыз баб, Түркістанда түмен баб, баптардың бабы Арыстан баб, ең үлкені Хален баб» деп келген қазақ үшін Сайрам ауданынан бөлініп алынған Сайрам ауылы Шымкенттей мегаполистің қазір «тұрғын алабы» ретінде дәрежеленуі. Олқы соғып тұрған жоқ па?
Сіз қалай ойлайсыз?
Ұласбек Сәдібеков, Парламент депутаты:
–Ауданның Сайрам аталуына өзіңіз айтпақшы Сайрам ауылының атауы негіз болған. Сайрам сансыз бабтар мекені. Тарихи, көне мекен. Сондықтан өңірде тарихтан сыр шертетін, негіз болатын көптеген нысан, тарихи орындар бар.
Сайрам жайлы алғашқы дерек Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» атты еңбегінде кездеседі. Онда: «Сайрам – Исфиджаб деп аталатын ақ қаланың аты» делінген. Демек, Сайрам – Исфиджабтың кейінгі аты. Сол Сайрам ауылының негізінде Сайрам ауданы құрылған. Ал, бертін келе Сайрам ауданының біраз бөлігі Шымкенттің аумағына өтіп кетті. Соның ішінде Сайрам ауылы да бар.
Менің ойымша бұл қателік болды. Себебі, тарихтан сыр шертетін көне мекен жеке ауыл ретінде дамығаны дұрыс еді. Сол себепті, Сайрам ауылын қаланың меншігінен қайта алып, ауданның құрамына қосу керек. Сонда тарихы терең мекен түпкілікті мәнін де сақтап қалады.
Асқар Мамырбаев, ҚР құрметті сәулетшісі, «Шымкент қалалық сәулетшілер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Шымкент қаласы әкімінің сәулет жөніндегі штаттан тыс Кеңесшісі:
–Ілгері уақытта Сайрам ауданының бас архитекторы болып біраз жыл қызмет атқардым. Сондықтан да бұл аудан маған өте таныс. Жер аумағы шағын болғанымен, Сайрам ауданында халық тығыз орналасқан. Қазірдің өзінде мұнда 250 мыңдай тұрғын бар.
Қаланың аумағындағы 40 шақырымға дейінгі елді-мекенде қаланың агломерациясы деп есептеледі. Сол талап негізінде Сайрам ауданының орталығы Ақсукент ауылы да Шымкент қаласының агломерациясына еніп тұр. Оның бас жоспары былтыр жасалып жатыр деп естіген едім. Бекітілгенінен хабарым жоқ. Бекітілсе естір едік. Әзірге, аудан даму үстінде. Халық өсімі жоғары. Ақсукенттен, бергі жақтағы Қарасудан Шымкентке таңертең жұмысқа, оқуға келіп кететіндер саны көп. Осының өзі қала агломерациясын айқындап тұр.
Шымкент қаласына қосылған соң Сайрам ауылын – «Сайрам тұрғын алабы» деп атағаны рас. Әрине, алдағы уақытта мегаполистің алтыншы ауданы болып қайта құрылуы мүмкін. Бірақ, дәл қазір ондай жоспар жоқ. Оның үстіне қаланың 2035 жылға дейін бекітілген бас жоспарында да ондай өзгеріс қарастырылмаған. Қала – тірі организм. Кішіреймейді. Ұлғаятыны анық. Әсіресе, елді-мекендер ұлғаяды. Қалада әлі де бос кеңістіктер көп.
Шымкент қаласы Қазақстанда, ТМД елдері бойынша да көлемі жағынан ең ірі қала. Жер көлемі 117 мың гектар. Бұл Алматы мен Астанада жоқ аумақ. Резервтік территория көп. Олай болса, Сайрам ауылын Шымкент қаласынан алып, қайтадан Сайрам ауданына қосады деген ақылға сия қоймас. Себебі болашақта Ақсукенттің өзі, Сайрам ауданының басқа да ауылдары Шымкент қаласына кіріп кетуі мүмкін. Оған мысал ретінде Стамбул қаласын айтуға болады.
Стамбулдың бір шетінен екінші шетіне дейін қазір 180 шақырым. Ал біздің Шымкенттікі көлденеңнен алғанда 50 шақырым. Қала халқы өсу үстінде, өсе береді. Урбанизация тоқтамайды. Осы себептен де жаңа айтқанымдай, Ақсукент қала аумағына еніп кетуі әбден мүмкін.
Сайрам атауы қайталанып қалды дейтін болсақ, көне ауылдың атын өзгерте алмаймыз. Ол тарих.
Ақсу өзені мен Арыс өзені тоғысатын мекен Ханқорғанның да тарихтан алған орны зор. Мүмкін ауданның атын Ханқорған деп атау керек шығар. Мүмкін Манкент ауданы деу қажет шығар. Қалай болғандада тарихи жер-су аттарына мән берген дұрыс.
Ал тұрғын алап ретіндегі қазіргі Сайрам ауылына көңіл бөлу қажет. Бұл Шымкент қаласының ірі туристік орталығы болатын жер. Өкінішке қарай, мемлекеттік тарихи ескерткіштер, орындар бар аумақта «тек мемлекеттің рұқсатымен ғана жер бөлінеді» дегенге қарамастан ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп қалған тарихи орындар бар. Сайрамның ескі жұрты аталатын аумақ – Сайрам қалашығында коммерциялық нысандар көп. Бұл келеңсіздік әлі де тоқтаған жоқ. Мұны барлық жиындарда, тарихты сақтап қалуға арналған басқосуларда үнемі көтеріп, айтып жүрміз. Әзірге құлақ асқандар жоқ.
Көне Сайрам қалашығы аумағындағы жерді коммерциялық құрлыстардан тазартып, біртіндеп мемлекет меншігіне алу қажет. Сол арқылы археологиялық қазбалардан шыққан қала жұрты аумағын, қорғандарды қалпына келтіріп, туристерді тартқан дұрыс. Шетелден келетін туристер үшін біздің 30-40 қабатты тұрғын үйлер, зәулім ғимараттар қызық емес. Олар оған қарамайды. Туристер экзотика іздейді. Көне халықтың жәдігерлік заттарын көргісі келеді. Ұлттық қолөнер бұйымдарымен танысуды қалайды.
Шымкенттің цитаделі мен көне Сайрам қалашығын үлкен туристік маршрутқа айналдырсақ, көзден тасалау жерде тұрған Мәртөбені де осы маршрутқа қоссақ, осы арқылы тарихи ескерткіштер мен жәдігерлер аумағына туристер ағылар еді. Тау жақтағы эко-туризмді де біріктіре келіп, үлкен жоба жасалса, туризмнен мол табыс табуға болады.
Серікбай Ибадуллаев, Түркістан облысының Құрметті азаматы, Еңбек ардагері:
–Әрине, мәселе орынды көтеріліп отыр. Сайрам ауылын Үкімет ауданға қайтып бере алмайтын шығар. Сол сияқты Шымкент қаласының құрамынан тағы бір аудан ашып, оны Сайрам ауданы деп атаудың да дәл қазір қажеттілігін көріп тұрғаным жоқ. Алайда, шежіре-тарихы бай Сайрам ауылына «тұрғын алабы» деген атау лайықсыз. Мүмкін «Сансыз-Баб» шағынауданы деп атағаны жөн болар.
Асқар Молдабек, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:
—Расында да қазір Сайрам ауылынсыз Сайрам ауданы атына заты сай емес аудан болып қалды. Сансыз бабтар мекені –Сайрам ауылы түгелімен Шымкент қаласының аумағына кірген. Қазір тұрғындар арасында Сайрам ауданы мен Сайрам ауылын шатастыратындар аз емес. Сайрам ауылы Шымкент қаласына берілгенінен бейхабарлары бар.
Ендігі жерде ол ауылды Сайрам ауданына қайтарып беру мүмкін емес шығар. Ал, қаладан «Сайрам ауданы» деп тағы бір (алтыншы) аудан ашу да қисынсыз. Меніңше, Түркістан облысы Сайрам ауданының атын Ақсу ауданы деп ауыстыруға болады.
Бұл жердегі басты мәселе, Сайрам ауылын дамыту қажеттігін айтқым келеді. Оны «Сайрам тұрғын алабы» демей, «Сайрам шағынауданы» деп атап, инфрақұрылымдық жағдайларын тезірек жақсарту керек. Сайрамның тарихы тереңде жатыр. Тарихи жазбаларда Шымкенттен бұрын Сайрамның аты аталатыны да сондықтан. Қазіргі Сайрам тұрғын алабын ассимиляцияландыру қажет.
Түркістанға Қожа Ахмет Ясауи кесенесін тамашалауға бір жылдың өзінде өте көп турист келеді. Әлемнің түкпір түкпірінен келіп жатқан сол туристерді алдымен Сайрам ауылына, сосын Арыстанбаб кесенесіне баратындай туристік маршрут жасау қажет. Зиярат етудің негізгі маршруты да осылай емес пе?! Алдымен Қожа Ахмет Ясауидің әкесі Ибарһим ата мен анасы Қарашаш ананың кесенесіне, сосын ұстазы Арыстанбабқа бару тәртібі соңғы кезде түрлі себептермен бұрмаланып отырғандай. Ол үшін Сайрам ауылында туристерге қолайлы жағдай болуына да мән бергеніміз абзал.
Кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген жиынында туризмді дамытуға көңіл бөлуді атап айтты. Ал біздің көне Сайрам тарихы архитектуралық сәулетімен талай туристі таңырқататын мекен. Тек Сайрам-Арыстанбаб-Түркістан туристік маршрутын жаңғыртып, қалыптастыру өзекті болып тұр. Бұл ауылды ассимиляцияландыруға да септігін тигізер еді.
Сейдалы Дүйсебайұлы, өлкетанушы:
–Сайрам ауданы – Сайрам ауданы болып қала бергені жөн. Жалпы, кез-келген жер-су атауының тарихи атауы сақталып қалғаны дұрыс. Әрі, әкімшілік-территориялық бөлініс деп қарағанның өзінде, бұрынғы атауын сол күйінде қалдырып отыру Қазақстанның да, басқа елдердің де дәстүрінде бар нәрсе.
Жалпы, тек қазіргі Сайрам ауданы ғана емес, оған көршілес жатқан алқап тарихи «Сайрам аймағына» кіреді. Бұл тарихи атауды сақтап келген Сайрам ауданы деп аталатын әкімшілік бөліністің атауын өзгертуге еш негіз жоқ. Рас, ежелгі Сайрам қаласының аумағы Шымкентке өтті. Дегенмен, ауданның сан ғасырлар бойы қалыптасқан атауын өзгертуге негіз емес. Әкімшілік-территориялық бөлініс нысанының бұрынғы тарихи атауын сақтап қалған жайттар көп қой. Алысқа бармай-ақ, Ақмола облысы, Алматы облысы, Түркістан облысы, Целиноград ауданы деп кете беруге болады. Оған тағы Ленинград облысы, Свердлов облысы деген секілді көршілес елдің аумағынан да мысал келтіруге болады.
«Сайрам аймағы (округі)» деген тарихи бұрыннан қалыптасқан атаудан жерінудің жөні жоқ. Тарихи атаудан айрылмайық!
P.S.:
Тосын сұраққа негіз болған жауаптарды оқи отырып, оқырмандарымыздың да тарапынан талай ой-пікір айтыларына сенімдіміз. «Аты бар да заты жоқ аудан» тақырыбы талқыға түсері анық. Ортаға салар ойыңызды редакция тыңдауға әзір. Хат жазып, хабарлассаңыз болғаны. Сізде қандай ұсыныс бар?
Сауалнаманы жүргізген – Жәмила Жайлаубекқызы